Денсаулық

Мүмкіндігіңізге қарай жарна төлеп, қажетіңізге қарай ем аласыз

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша қазақстандықтардың әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне және табыстарына қарамастан жоғары сапалы медициналық көмек алып, белгіленген тізбе бойынша тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізуіне кепілдік береді. Заң бойынша, жүйені қаржыландыру көздеріне жұмыс берушілерден, жұмысшылар мен қызметшілерден түсетін аударымдар, жарналар жатады. Қордың жалғыз құрылтайшысы мен акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі. Республикамыздың барлық облыс орталықтарында және ірі қалаларында қордың филиалдары жұмыс істейді. Осы ретте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровпен жолығып, жаңа жүйенің ерекшеліктеріне қаныққан едік.– Біршама уақыттан бері айтылып келе жатса да, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің жақсылығынан гөрі ай сайын қалтамыздан шығатын қаражат ойландыра бастады? Орасан зор қаржы қайда жұмсалады?
– Зерттеулерге қарағанда, қазақстандықтар тапқан табысының 40 пайызға жуығын денсаулығы үшін жұмсайды екен. Стационарларда емделу, дәрі-дәрмек алып, ақылы дәрігерлерге көріну де осы қаржының ішінде. Есептей келгенде, әрбір азамат үшін ортақ қорға қаражат жинақтап, қажет кезінде жоғары мамандандырылған қымбат медициналық емді де соның есебінен тегін алуға жалғыз мүмкіндік – осы жүйе болып табылады.
Ал әлеуметтік жағынан келсек, 15 санаттағы азаматтар үшін жарна төлеуді мемлекет мойнына алып отыр. Атап айтқанда, балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер мен үш жасқа дейін бала тәрбиесімен үйде отырған әйелдер, мүгедек баласының күтімімен айналысатындар, зейнеткерлер, мүгедектер, тағы басқа әлеуметтік жағынан осал топтардың өкілдері бар. Бұлар мемлекет тарапынан сақтандырылады.
– Жылдап емхана бетін көрмейтіндер жоқ емес. Олардан неге қаражат талап етіледі? Жиналған қаржысын жеке адамның басқа мақсатқа жұмсауына бола ма?
– Барша қазақстандықтарға міндетті деп заңмен бекітілгеннен кейін, бұл сұрақтың қаншалықты орынсыз екенін өзіңіз де түсінерсіз. Медициналық көмекке жүгінбесеңіз де, жиналған салымдар сомасын талап етіп, басқа мақсатқа алуға болмайды. Жинақталған қаражат Ұлттық банкте сақталады. Медициналық сақтандыру жүйесі ортақ болып табылады және қатысушылардың дербестендірілген есебін және аурудың қатері келгенде жүйенің қатысушылары арасында қаражатты қайта бөлуді қарастырады. Айталық, сізге миллиондаған соманы талап ететін ем қажет болған жағдайда, жинақтаған жарнаңыз жеткіліксіз болса да, сізге көрсетілген медициналық көмек ақысы Қор есебінен төленеді. Яғни, бір сөзбен айтқанда, «мүмкіндігіңізге қарай жарна төлеп, қажетіңізге қарай ем аласыз».
– Жұмыс беруші МӘСҚ -ға мен үшін салым төлеп жатқанын қалай тексеруге болады?
– Халыққа қызмет көрсету орталығы – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы қадағалауға болады.
Заңнамаға сәйкес жұмыс беруші есепті айдан кейінгі айдың 15-ші күнінен кешіктірмей ай сайын аударымдар мен жарналар төленетін жұмысшыларына есептелген және аударылған салымдар мен жарналар туралы мәліметті ұсынуға міндетті.
– Жүйенің тағы бір тұсы оқырмандарға түсінікті емес сияқты. Мысалы, жеке клиникаларға көрініп барғанда науқасқа қажеті жоқ қосымша талдау жасап, басқа да медициналық қызметтер ұсынып, медициналық қызмет ақысына Қордан қомақты қаржы түсіріп, артық ақша алуға мүдделі болған жағдай орын алмай ма? Ондай жағдай болса, қалай шешіледі?
– Көрсетілетін әрбір қыз­мет арнаулы хаттама, емдеу стандарттары бойынша медициналық ұйым мен Қордың арасында арнайы келісімшарттар арқылы жасалады. Оның талаптары бұрмаланған жағдайда мониторинг жүргізіліп, тексеріліп тұрады. Қаржыны бақылау барынша күшейтіледі. Қордың сайтындағы «Халықтық бақылау» арқылы шағымданып, не ұсыныс жасау арқылы да оның қызметін бақылау­ға әркім атсалыса алады.
– Сонда да Медициналық сақтандыру қорына жалақымыздан қаржы аударып отырып, бас ауырып, тұмауратқанда дәріні неге сатып алуға тиіспіз? Мәселенің осы жағы шешіле ме? Көп елдерде қызметкерлер сақтандыру қаражатын тапсырғаннан кейін дәрі алуға арнаулы емдеу карточкасы беріледі екен. Бұл тәжірибе енгізілсе жақсы болар еді.
– Мемлекет қазіргі кезде халыққа ұсынылатын тегін дәрілік заттардың тізімін анықтады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде осы тізбе сақталып қана қоймайды, сондай-ақ оның бірқатар позициялары кеңейтіледі және жақсартылады. Ал учаскелік дәрігердің нұсқауынсыз өз бетіңізбен дәрі сатып алып, өз бетіңізбен емделемін десеңіз, дәрілерді сатып аласыз.
– Медициналық сақтандыру жүйесіне жеке иеліктегі медициналық мекемелер де қатысады. Бұл ондағы көрсетілетін қызметтің бағасын күрт өсіріп жіберуі мүмкін бе?
– Мемлекеттік болсын, жеке иеліктегі болсын, медицина ұйымдарына талап бірдей. Алдымен халыққа қолжетімді болуға тиіс. Қай-қайсысы болсын қызметтің ақысын көрсетілген стандарттан артық сұрай алмайды. Әр ауруды емдеу бойынша белгіленген арнайы тариф бар. Жүйе, керісінше, медициналық ұйымдардың жұмысын жаңаша басқаруға, жұмысын жолға қойып, жақсы мамандарды баулып, ортақ секторда біліктілігімен ерекшеленуге ұмтылады. Осыдан 6-7 жыл бұрын 12 жекеменшік емдеу мекемесі болды, бүгінгі күнде олардың саны 72-ге өсті. Сондықтан медициналық мекемелер арасында бәсекелестік пайда болып, олар өздерінің қызметін қандай бағытта жақсарту керек екенін анықтай бастайды. Осылайша жүйедегі өзгерістер денсаулық сақтау саласына жаңа серпін береді деп күтілуде.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button