Басты ақпарат

Депутаттар даусы неге бәсең?

Күзде саясаттың «қара» қазаны бұрқ-бұрқ қайнайды. Биыл да солай болды. Қос палаталы, үш партиялы Парламенттің депутаттары жазғы демалыстан оралып, партаға отырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа сессияны ашып, заң шығаратын «үлкен үйдің» төрінен алғашқы Жолдауын жариялады. Енді депутаттар келер жылдың жазының ортасына дейін қос білегін сыбанып, жаңа заңдарды қабылдауға кіріседі.

Бұрынғы мен бүгінгінің айырмасы қандай?

Біздің үш партиялы (шын мә­нісінде бірпартиялық) Парламентімізде халықтың сөзін батыл сөйлейтін де, биліктің айтқанынан шықпайтын да депутаттар бар. Назар аударарлық жайттың бірі, бұрынғы Парламент пен бүгінгі Парламенттің айырмасы айтарлықтай. 2000 жылдардың басындағы Парламент өте азулы болды. Қоғамдағы ең түйткілді, күрделі ұлттық мәселелер әуелі Парламенттің мінберінен көтерілетін.
Нақты мысал келтірейін. 2005 жылы Мәжілісте «Сайлау туралы» заң жобасы дүрілдеген дискуссия­ға айналды. Сол кездегі Амангелді Айталы, Мұхтар Шаханов, Болат Әбішевтер бастаған бір топ депутат: «Кез келген сайлауға түскісі келетін ұлты қазақ үміткер мемлекеттік тілді меңгергені жөнінде аумақтық сайлау комиссиясына анықтама қағаз өткізсін» деген ұсыныс жасады. Бұған дейін екі рет өтпей қалған бұл ұсыныстың «соры бес батпан» екен. Соңынан оны дауысқа салғанда қос палатаның 78 депутаты ана тілімізге қарсы шықты. 10 сенатор мен 14 мәжіліс депутаты ғана мемлекеттік тілдің шашбауын көтерді.
Ұсыныс өтпей қалған соң, А.Айталы мәжілістің соңын күтпей, залды тастап шыққанын көзімізбен көрдік. Амангелді ағамыз: «Қазақ халқының жүрегіне тағы бір оқ атылды. Ол оқ Парламенттен атылды. Біздің депутаттар әлі де қазақ ұлтын, тілін сыйламайды. Бүгін тағы сол пиғыл көрінді. Тілге шабуыл – мемлекеттігімізге шабуыл» деп мәлімдеді. Содан ке­йін «Сайлау туралы» заңға мұндай ұсыныс енгізілмей қалды.

Депутат деген кім?

Депутат деген кім? Ол халықтың өкілі, көзі, құлағы. Оны халық сайлаған. Соңғы жылдары партиялық тізім қатарында депутаттыққа лайықты адамдар да, аса лайықты еместер де өтіп кететін сияқты. Өйткені сол адамның депутат болуға білімі, тәжірибесі,өресі,көзқарасы, кәсіби деңгейі, ойлау қабілеті жете ме, жоқ па – ол жағына көп бас қатырмайтын күнге жеттік. Партия тізімінде тұрғандар Мәжілістен бір-ақ шығады. Білімі мен білігі жоқ, саясаттан мақұрым адам аузына су толтырғандай құр дауыс беріп, үндемей отырғаннан басқа не істейді? Кейбір депутаттардың Мәжілістің жұмсақ креслосына жайғасып алып, қалың «ұйқыға» бататыны осыдан шығар.
Алайда «Депутаттардың бәрі үнсіз, енжар отыр» деуге тағы болмайды. «Nur Otan» үлкен күшке ие, ал «Ақ жол» мен Қазақстан коммунистік халық партиясы оппозиция деп есептелгенмен, билікке іштартады. Батыл үн қатып, халықтың мұң-мүддесін мінбеден көтеріп жүрген 10-ға жуық депутат бар. «Nur Otan»-нан
Нұртай Сабильяновты, Омархан Өксікбаевты, Нұрлан Дулатбеков­ты, «Ақ жолдан» Азат Перуашевты, Берік Дүйсембиновті, коммунистерден Айқын Қоңыровты солардың қатарына қосуға болады. А.Қоңыров – жақсы сарапшы, оған хабарлассаң кез келген уақытта жауап береді.Сенатта алашшыл Мұрат Бақтиярұлы, Әлімжан Құртаев өте белсенді.
Бір жолы нұротандық бірнеше депутатқа Конституцияға енгізілген өзгерістер туралы түсіндіріп беруін өтініп, телефон шалдым. Бәрі уақытының жоқтығын алға тартты. Егер олар саяси тұлға немесе саясаткер болса, білікті маман болса, жауаптан қашпас еді. Бұл – мандатты партиялық тізіммен үлестірудің нәтижесі.
Қайбір жылы қай депутатқа халықтан хат келетінін зерттеп көрдім. Дариға Назарбаева мен Нұртай Сабильянов жылына 1 мыңға жуық хат алыпты. Сол зерт­­теуде бірде-бір хат алмаған, Үкіметке бірде-бір сауал жолдамаған депутаттар да болды. Оларды тілшілер қауымы білмесе, былайғы жұрт қайдан танысын?!. Бірер жыл бұрын Мәжілісте спикердің орынбасары болған ­Дариға ­Назарбаеваның ұйымдастыруы­мен парламенттік тыңдау өтті. ­Д.Назарбаева құзырлы органдардан еліміздегі басында баспанасы жоқ адамдардың тізімін сұратып, парламенттік тыңдауды тұтасымен соған арнады. Сол күні Парламенттің пәрмені де, бақ-беделі де өсіп кеткендей болып көрініп еді. Бірақ өкініштісі, көтерілген мәселе сол күрмеулі күйінде қалды. Сенатқа келсек, ондағы ахуал Мәжілістен мүлдем бөлек. Таза қазақы орта. Салиқалы сауалдар. Өткір пікірлер. Елдің көкейіндегі түйткілді мәселелер батыл көтеріледі. Бірақ Сенаттың жұмысы БАҚ-тарда аз насихатталады.

Парламент пәрменді бола ала ма?

Құқы жетіп тұрсада мәжілістің Үкіметке «тісі батпайтыны» белгілі жайт. Бұған де­йінгі шақырылымдарда Премьер-Министр Парламентке келгенде депутаттар сұрақтарды қарша боратушы еді. Кейінгі шақырылымда ондай белсенділік жоқ. Осының бәрін көріп-біліп келген Тұңғыш Президент ­Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің өкілеттілігін көтеруге тапсырма берді. Сәл шегініс жасасақ, екі жыл бұрын Елбасы Ата Заңымызға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойып, Үкімет пен Парламенттің саяси өмірдегі рөлін кеңейтті. Заң Үкіметті жасақтаудағы Мәжілістің рөлін кеңейтті, сондай-ақ Парламентке Министрлер кабинетінің жұмысын бақылауға көп мүмкіндіктер береді.
Сенаттың да өкілеттіктері кеңейді. Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілді жоғарғы палата 5 жылға тағайындайды және қыз­метінен босата алады. Үкіметте тағайындалатын министрлердің Парламент палаталарының тиісті комитеттерінің мақұлдауынан өтуі, Үкіметтің Парламенттің алдында есеп беруі, міне, бұлардың бәрі Парламенттің өкілеттіктерін күшейтті. Бұған қоса, қабылданған заңдардың, бағдарламалардың, мақұлданған жобалардың іске асырылуын, оның тиімділігін, қаншалықты халықтың мүддесіне жұмыс істейтіндігін тексеруге депутаттар белсеніп кірісуі тиіс. Парламент қоғамның, мемлекеттің дамуы үшін өзіне жүктелген рөлін толық атқаруы керек. Парламенттің жа­уапкершілігі деген – осы.
Парламенттің ықпалы мен беделін арттыруға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше назар аударып отыр. Жуырдағы Жолдауында Президент: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет. Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс» деп мәлімдеді. Депутаттардың Үкіметке өзекті мәселелерге қатысты сауалдар жолдап, нақты шаралар қабылдауды талап ете отырып, өздеріне берілген заңды құқықтарын пайдалануы қажеттігін жеткізді.

ІІ Думаның Дала өлкесі мен Сібірден сайланған депутаттары. 1-інші қатар: оңнан солға қарай бірінші, үшінші және бесінші отырған А. Бірімжан, Ш. Қосшығұлұлы және Т. Нұрекенұлы. СПб, 1907 ж.

Депутаттар Алаш арыстарындай болса…

Жасыратыны жоқ, кейбір халықшыл депутаттардың дауысы анда-санда заң шығаратын «үлкен үй» жақтан естіліп қалады. Алайда «үндемеген үйдей бәледен құтылады» деп, үн-түнсіз, қалғып-мүлгіп, жоғары лауазымды шенеуніктердің сөзіне бас изеу­мен күнін өткізетін бойкүйез депутаттар да жоқ емес. Осындайда халық қалаулылары кешегі Алаш арыстарынан неге үлгі алмайды деп қынжыласың. Алаш депутаттары алып империя­ның езгісінде, құрамында отырып-ақ бастарын бәйгеге тігіп, ұлт мүддесі жолында жанқиярлықпен күресті. Мысалы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Мемлекеттік Думаның II шақырылымына сайлау науқаны басталған 1907 жылдың қаңтарында өзінің екінші рет депутат болуына көзі жете отырып, дауысқа түсуден бас тартты. I Мемлекеттік Дума сайлауында Ә.Бөкейхан 176 сайлаушының 175-і қолдап, депутаттыққа өтсе, 176-дауыс өзінікі болатын. Ол екінші рет депутаттыққа түсуден бас тартты. Мұның себебін Омбыдағы «Голос степи» газетінде жарияланған «Семей қазақтарына ашық хат» атты мақаласында: «Мен екінші рет қатар сайланған күнде, оған менің күмәнім жоқ, үкімет билігі сайлауды жарамсыз деп табады да, Семей облысы қазақтары өкілінің Мемлекеттік Дума сессиясына дер кезінде баруына кедергі болады» (Әлихан Бөкейхан шығармалары, 8-том) деп жазады.

Алаш арысы Міржақып Дулатұлы өз заманында: «Ресей Думасына қазақтан депутат сайлау мүмкіндігі болғанда, біз қазаққа шын пайдалы депутат таңдауымыз керек. Ол ақжүрек, таза болса, жұртты я сатып, я алдап кетпейтін болса. Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екіталай жерде жанын қиярлық ержүректі болса. Өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса. Саясат ісіне жетік болса, білімді, шешен, оқыған көсем болса» деп жазыпты. Осылайша Алаш қайраткерлері елге, ұлтқа қалтқысыз қызмет ету, Отанды шексіз сүюдің керемет үлгісін көрсетті.

Әлихантанушы-ғалым Сұлтан Хан Аққұлы «Алаш қозғалысы һәм Мемлекеттік Дума» атты мақаласында Алаш қайраткерлері халқының ұлттық мұң-мүддесі үшін күресін 1905 жылдан 1917 жылдың Ақпан төңкерісіне дейін тұңғыш Ресей Парламентінің аясында жүргізгенін айтады. «Мемлекеттік Дума құрылған 1905 жылғы 6 тамыз манифесі жарық көрген сәтте Алаш қайраткерлері отарлық езгіде отырған халқының мұң-мұқтажын қорғау жолында жаңа туған парламенттің маңызын терең түсініп, оған зор үміт артты. Өзінің отаршылдыққа қарсы қарусыз азаттық, саяси құқықтық күресін Дума мінберінен жүргізуге бел буды. Осы мақсатпен Алаш зиялылары «6 тамыз манифесі» жарық көрмей тұрып-ақ 5 млн халқына отаршыл империяның славян халқымен терезесі тең сайлау құқын алып беру үшін күресті. Өйткені Мемлекеттік Думаға сайлау туралы ереже әзірленген 1905-1906 жылдарда қазақ халқының парламентке өкіл сайлау құқы қыл үстінде тұрды. Сол себепті Алаш зиялылары 1905 жылы Дала және Түркістан өлкелеріне, Орынбор, Орал, Торғай, Каспий жағалауы (Прикаспийская) сынды дербес облыстар мен Астрахан гүбернесінің Бөкей ордасы болып бөлшектенген (Алаш Рес­публикасы құрылған соң, оның Алаш Орда үкіметі Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу облыстары, Астрахан гүбернесінің Бөкей немесе Ішкі ордасы, Закаспий облысының Маңғыстау оязы, Самарқанд обысының Жизақ оязы, Амудария бөлімі, Алтай гүбернесінің Бийскі, Барнаул және Змеиногор ояздарын Алаштың жері деп жариялады. Қазақ елінің түкпір-түкпірінен Ресей үкіметі мен сайлау ережесін жасау жүктелген жеке-жеке министрліктерге қазаққа Думаға өкіл сайлау құқын беруді талап еткен ондаған құзырхат жолданды. Ұлт жетекшілері халқының саяси талап-тілектері тізілген «Қарқаралы…», «Ірбіт…» сынды құзырхаттар отаршыл империяның үкіметі мен министрліктеріне міндетті түрде жетсін деген оймен, оларды
С.Петерборға поштамен де жіберді, С.Петербордың тәуелсіз мерзімді баспасөзіне де жариялады, үкіметке, оның ішінде Думаға депутат сайлау ережесін әзірлеу міндеті жүктелген Ішкі істер министрі А.Булыгинге де арнайы делегация жөнелтті» деп жазды С.Аққұлы.
Оның айтуынша, отаршыл Ресей империясының әкімшілігі 5 млн-нан асқан (саны жағынан Ресей халықтарының арасынан 5-інші болды. – С.А.) қазақ халқын сайлау құқынан айырумен қатар, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілерін жаппай қудалады. Мысалға, Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейхан өзі сайланған І Думаны таратуға наразылық ретінде «Выборг үндеуіне қол қойғаны және таратып-насихаттады» деген айыппен 3 ай түрме жазасына кесіліп, абақтыда 3 айдың орнына 8 ай отырып шыққан соң, өзін саяси айдауға жіберетінін сезіп, алдымен Санкт-Петерборға, одан Самараға эмиграцияға кетті. Ж.Ақбайұлы алдымен Саха-Якутияға, одан Түркістанға жер аударылды, А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы Семей түрмесіне жабылып, босатылысымен бірі өз таңдауымен Орынборға, екіншісі Түркістанда бас сауғалап жүріп, 1913 жылы ғана Орынборда «Қазақ» газетін шығара бастаған А.Байтұрсынұлына келіп қосылды.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button