Басты ақпаратРуханият

Димаштың жолын Әділханға берді

Араға төрт жыл салып, Қазақстан Витебсктегі әйгілі «Славян базары» фестивалінде тағы да бас тұғырға көтерілді. Бұған дейін аталған жарыста көк туымызды Димаш Құдайберген желбіреткен еді. Бұл жолы мұндай бақыт Әділхан Макинге бұйырды. Бір қызығы, Әділхан да дәл Димаш секілді жалпы 180 ұпайдың 178-ін еншіледі. Жас жеңімпаз Отанымызға орала салысымен, елордада Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлованың қабылдауында болды.

Биыл «Славян базары» 8-17 шілде аралығында өтті. Музыкалық байқауға он сегіз елдің өнерпаздары қатысты. 1992 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл сайыс кезінде қатысушылар Беларусь халық әртісі, профессор Михаил Финбергтің жетекшілігімен Беларусь Республикасының ұлттық академия­лық оркестрімен бірге жұмыс істеп, кәсіби шеберлік мектебінен өтті. Фестивальдің бірінші күні Әділхан Игорь Крутойдың «Озеро надежды» әнін шырқаса, екінші күні Абайдың «Көзімнің қарасын» орындап, әділ қазылар алқасының да, көрерменнің де ықыласына бөленді.
Қазақстандық делегацияны бастап барған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров байқау барысы туралы әңгімелей келе, Әділханның «Славян үміті» жүлдесін де қоса алғанын жеткізді:
– «Славян үміті» жүлдесі – Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенконың арнайы сыйлығы. Оны славян музыкалық өнерінің мазмұны мен тақырыбын вокалдық тұрғыда жоғары деңгейде ашқан үздік әншіге тағайындайды. Бұл біз үшін де, көрермен үшін де тосынсый болғанын рас, – деді ол.
Өз кезегінде Әділхан аталған байқауға үш жыл бойы үздіксіз дайындалғанын, ұстаздарының өте жақсы қолдау білдіргенін айта отырып, әсіресе вокалдан мұғалімі PhD докторы Йоанис Кайсидидің еңбегі зор болғанын атап өтті.
Әділхан бұған дейін де өнер жолындағы жетістіктерден құр­алақан емес-ті. Мәселен, 2012 жылы Қазақстандағы Франция елшілігі ұйымдастырған Alliance Française конкурсының лауреаты, «Жас қанат» жас орындаушылардың ұлттық конкурсының финалисі, 2013 жылы «Шабыт» халық­аралық конкурсының лауреаты, 2016 жылы Еуразия мәдениет қорының стипендиаты атанған. Сондай-ақ былтыр Х-Factor тележобасының финалына дейін жетіп, Испанияның Марбелья қаласында өткен Tu Onda халықаралық фестивалінің гран-при жүлдесін жеңіп алған.
Министрмен кездесуге Әділханмен қатар «Молода Галичина» заманауи украин әндерінің халықаралық фестивалі жеңімпазы Қуаныш Ерзатұлы, 1-орын жүлдегері Мереке Кенжеғұлов және «Қазақ қыздары» тобы да келді. «Молода Галичина» – жыл сайын Украинаның Новояворовск қаласында өтетін дәстүрлі өнер сайысы. Онда әртүрлі мемлекеттерден жиналған 10 мен 25 жас аралығындағы 100-ге тарта жас орындаушы бақ сынайды. Жарыс шарты бойынша қатысушылар қандай елден келгеніне қарамастан, украин тілінде ән айтуы керек. Осылайша заманауи ук­раин әндері мен өнерін әлемнің әр түкпірінде танымал ету мақсат етіп қойылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button