Саясат

Елді елең еткізген

ТҮРКИЯДА ЕРДОҒАН ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Түркияның іс басындағы президенті Тайип Реджеп Ердоған 24 маусым күні өткен президент сайлауында жеңіске жетті.

«Әділдік пен дамыту» партиясының өкілі сайлау өткен күннің кешінде өзінің жеңісін тойлай бастады. Бюллетеньдердің 50 пайыздан астамы сұрыпталып шыққаннан кейін Ердоғанның 57 пайыздан жоғары дауыс алғаны белгілі болды. Одан кейінгі орынға 29 пайызға жуық дауыс жинаған негізгі оппозициялық Халық-республикалық партиясының мүшесі Мухаррем Индже шықты.

Сайлаудың алғашқы қорытындысы шыққан бойда Анкарада көп адамнан құралған шерушілер тобы Түркияның жалауы мен «Әділдік пен дамыту» партиясының нышандарын ұстап, Тарабья ауданына жиналды. Бұл жерде мемлекет басшысының «Хубер» атты резиденциясы орналасқан. Шерушілер Ердоғанға қолдау көрсететіндерін білдіріп, ұрандатып тұрды. Өтіп бара жатқан көліктер дабыл қақтырды. Президентті қолдаушылар ол тұратын Кысыклы ауданында жиылып, шара өткізді.

Анадолы жерінде президент сайлауымен бір мезгілде парламент сайлауы да өтті.

ЗИМБАБВЕДЕ ПРЕЗИДЕНТКЕ ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАЛДЫ

Зимбабведегі стадионда елдің президентіне қастандық жасау мақсатында ұйымдастырылған жарылыстан көп адам зардап шекті.

Қанды оқиға сенбі күні Булавайо қаласындағы стадионда орын алған. Мұнда елдің президенті Эммерсон Мнангагва сайлау алды жиынын өткізу үшін келген. Жарылыста ол зардап шекпеген. Жарақатты шенеуніктер мен полиция қызметкерлері алған. Олардың саны қазір 49 адамға жетіп тұр.
2017 жылғы қарашаның соңында Зимбабвенің 93 жастағы президенті әскерилердің қысымымен қызметінен кетті. Оның орнына билеуші партия ұсынған бұрынғы вице-президент Эммерсон Мнангагва келді. Ол бұл орынтақта биылғы 30 шілдеде президент сайлауы өткенге дейін отырады.

САУД ӘЙЕЛДЕРІ КӨЛІККЕ ОТЫРДЫ

Сауд Арабиясында тұратын әйелдер жексенбі күні жаппай машиналарға отырып, көшеге шықты.

Бұл ел королінің қыз-келіншектерге көлік жүргізуге рұқсат ететін жарлығы күшіне енген күн болатын. Көргендердің айтуларынша, заң күшіне енген алғашқы сәттерден ондаған әйел өз машиналарымен көшеге шығып кеткен.

Сауд Арабиясында әйелдердің автомобиль жүргізуіне рұқсатты король Салман бен Әбдел Әзиз берді. Ол өткен жылғы қыркүйекте осыған байланысты жарлыққа қол қойған еді. Бұған дейін Саудия әйелдердің машина айдауларына тыйым салған жалғыз мемлекет болды. Жарлық 24 маусым күні күшіне енді.

Серік ПІРНАЗАР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button