Басты ақпарат

Елорда – медицина ордасы

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев 2017 жылдың жұмысын қорытындылауға арналған қалалық Денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға қолайлы жағдай жасау қажеттігін алға тартты.

Елорданы дамытудың жоспарында, әсіресе, әлеуметтік салаға айрықша маңыз берілген. Соның ішінде медициналық қызмет түрін неғұрлым қолжетімді ету, емханадағы кезекті азайту бағытында атқарылған жұмыстар көңіл қуантады. Бүгінде Астанада 275 медициналық мекеме тіркелген. Оның 200-ге жуығы ғана нақты жұмыс істеп отыр. Ендігі міндет – елорданың денсаулық сақтау мекемелерінде медициналық туризмді белсенді дамыту. «Бірінші кезекте меди­циналық туризм экономикасын дамыту міндеті тұр. Астананың ауруханалары мен емханалары медициналық туристерді тартып, қызмет көрсету экспортында өз орнын нықтай алады. Бұл ретте кардиохирургия, нейрохирургия мен онкологиялық ауруларды емдеу саласында әлеуеті зор» деді шаһар басшысы Әсет Исекешев. Әрине, Астана қаласының медициналық кластеріне кіретін клиникалар жабдықталуы жағынан әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарға жауап береді. Мәселен, республикалық нейрохирургия орталығы – бүкіл Орта Азиядағы бірден-бір орталық. Ал диагностикалық орталықта орнатылған аппараттар арқылы қатерлі ісікті бастапқы сатысында-ақ анықтауға мүмкіндік бар. Клас­тер құрамындағы әрбір клиникада қолданылатын осы тектес технологиялардың арқасында бұрын тек шетелдерде жасалатын күрделі операцияларды қазақстандық дәрігерлер жасай алатын күнге жетті. Алдағы уақытта елорданың денсаулық туризмін дамытуға барлық ауруханалар мен емханалар да жұмылдырылмақ. «Ауруханаларымыз үшін маңызды мәселе – қызмет көрсету сапасын көтеру. Халық үшін ол – сыпайылық пен әдептілік. Ауруханалар мен емханалардың басым бөлігі біздегі үлкен миграцияға байланысты өте белсенді жұмыс істейді. Облыстардан бізге тұрғындар көп келеді. Сол себепті кейбір медициналық ұйымдар 150 пайыз жүктемемен жұмыс істейді» дей келе, соған қарамастан, осындай жүктемемен жұмыс істеп келе жатқан ден­саулық сақтау саласының мамандарына алғысын білдірді.

Өлім-жітім азайды

Жиынға қатысқан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәлімдеуінше, тегін дәрі-дәрмектерді берудің ашықтығын қамтамасыз ету, дәрілік препараттармен, медициналық өнімдермен қамту жағдайын үнемі бақылауда ұстау мақсатында барлық емханаларда ақпараттық жүйе орнатылуда. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында өткен жылы қала бойынша 100 мыңнан ас­там адам амбулаториялық дең­гейде тегін дәрілік препараттармен қамтылған. Биыл тегін дәрі-дәрмекпен 120 мыңға тарта адам қамтылуы тиіс. Бұл ретте Денсаулық сақтау басқармасы дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыру мақсатында препараттарды қала емханаларындағы дәріханаларда тапсыру жөніндегі шешім шығарған болатын. «Бүгінде халық денсаулығы – азаматтардың алдында жауапкершілік жүгін айқындайтын әлеуметтік көр­сеткіш. 2017 жылдың қоры­тындысына сүйенсек, елордада жалпы өлім саны 9,4 пайызға төмендеген. Оның ішінде ана өлімі – 33,6 пайызға, сәби өлімі 5,2 пайызға төмендеді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 6,4 пайызды құраған болатын» дейді қала басшысы Әсет Исекешев. Сонымен қатар, қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын және онкологиялық аурулардан туындайтын өлім көрсеткіштері едәуір төмендеген.
Ал қалалық Денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Камалжан Надыров өткен жылы елордамызда 129 іс-шара ұйымдастырылғанын айтты. Мемлекеттік бағдарламаға қатысты жоспарланған 33 мақ­сат­ты көрсеткіштің 32-сі іске асырылған. Биылдан бастап қала­лық 15 бірыңғай медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында халыққа жедел жәрдем қызметін көрсететін 4 санатты шақырту бригадалары ұйымдастырылады. Ол үшін жедел жәрдем медициналық қызмет көрсету стансасынан 24 көлік қалалық емханаларға бөлінеді.

Аутсорсинг қалай дамиды?

Жиында бұған дейін бірнеше мәрте айтылған медицина саласында аутсорсингті дамыту мәселесі көтерілді. Астана әкімі Әсет Исекешев медицина саласындағы аутсорсинг саласын дамыту қажеттігін тағы да ескертті. «Медицина саласы өте маңызды орынға ие. Сол себепті шағын және орта кәсіпкерлік үшін үлкен мүмкіндік. Бұл ретте біз МЖС механизмі бойынша жекеменшік клиникалардың құрылысы туралы емес, сондай-ақ аутсорсинг тетігін пайдалану туралы айтамыз. Біз Астанада медицина саласындағы аутсорсингтік қызметтің әлеуетін 10 млрд теңгеге дейін көріп отырмыз» дейді Астана әкімі. Сонымен қатар, елорданың медицинасы жекеменшік және мемлекеттік деп бөлінбес үшін қызмет көрсету сапасы барлық жерде бірдей болуы керектігін қадап айтты. «Осы орайда цифрландыру шеңберінде жергілікті ақпараттық жүйелерді енгізуде қосымша жеке компания­лармен жұмыс істеп, Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесімен интеграциялану үшін белсенді жұмыс істеуге шақырамын» деп түйіндеді Әсет Исекешев.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button