Руханият

Дәнекер

Жалпы, кез келген халықты, кез келген мемлекетті өркениетке, дамуға бастайтын төте жолдың бірі – аударма саласы. Ал оған керек, өте қажет құрал ол – сөздік. Осыны біле-тұра біз бұл мәселеде баяу қимылдаймыз. Республикамыздағы ғылым-білім саласының аударма жұмысындағы осынау олқылықтың орнын толтыру мақсатында ерлі-зайыпты ғалымдар – филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі Дүкен Мәсімханұлы мен сол кафедраның доценті Айнұр Әбиденқызы жақында «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» атты еңбекті баспадан шығарды. Осы игілікті іс туралы газет оқырмандарын хабардар ету мақсатында біз оны құрастырушы авторлардың бірі Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫНА жолығып, оған бірнеше сұрақ қойған едік.

– Дүниені қозғайтын күш – ой немесе идея. Сондықтан әңгімемізді осындай ауқымды сөздік құрастыру туралы ойдың ең алғаш қашан келгенінен, сосын бұл мақсаттың қалай жүзеге асқанынан бастасақ?
– 2008 жыл еді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне Бақытжан Әбдірайымов ректор болып келді. Көп уақыт өтпей ол кісі мені өзіне шақырып: «Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы барыс-келіс жиілеп, қарым-қатынас нығайып келеді. Осыған байланысты біздің еліміздегі еңбек рыногында қытай тіліне деген сұраныс қауырт өсуде. Байқаймын, университетімізде біраз синолог мамандар бар екен. Жоғарыдағы уақыт талабы үдесінен шығу үшін солардың басын қосып, қытайша-қазақша көлемді сөздік құрастыруды қолға алсаңыздар» деген ұсыныс айтты. Мына сөзден кейін арнайы топ жасақтап алдық та ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кеттік.
Сондай күндердің бірінде біз сөздік құрастырушылар мынадай тұжырымға тоқтадық. Ол ҚХР Гуманитарлық ғылымдар академиясының салалық ғылыми-зерттеу институты өмірге әкелген «Қазіргі қытай тілінің сөздігі» атты еңбектің 2005 жылы шыққан бесінші басылымын басшылыққа алу еді. Алфавиттік тәртіп бойынша сөздерді теңдей бөліп алып, жұмысқа кірісуге бел будық. Бірақ мен және Айнұр Әбиденқызы екеуміз өзімізге тиісті міндетті қолға алғанымызбен, қалған азаматтар: «Бұл жұмыстағы қаржы мәселесінің толықтай шешім табуын күтеміз» деп онша қимылдай қоймады.
2011 жылы университетте қытай тілі кафедрасы құрылды. Сөз етіп отырған мәселені енді осы орталық атынан Білім және ғылым министрлігіне ғылыми жоба ретінде ұсынуды бастадық. Ондағы мақсатымыз: «Жасап жатқан сөздігімізге екі адамның шамасы келмес. Сондықтан мұны кафедра ұжымы болып атқарайық» деген ой еді. Тағы да сәтсіздік. Жобамыз жеткілікті балл жинап тұрса да, министрліктен өтпей қалды. Сөйтіп жүргенде 2014 жылы «Қытай туралы қырық сөз» атты еңбегімнің жарық көруіне байланысты мені Парламент Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаев қабылдады. Әңгіме үстінде Қазақстандағы қытайтану ғылымының өзекті мәселелері төңірегінде пікір алыстық. Сонда Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тәуелсіздік алғанымызға, Қытаймен қарым-қатынас орнатқанымызға ширек ғасыр уақыт болып қалды. Біздің аудармашылар, дипломаттар әлі күнге қытайша-орысша, орысша-қытайша сөздіктерге жүгініп жүр. Осы ақтаңдақтың орнын толтыратын уақыт жеткен секілді. Кафедраңызды ұйымдастырып, көлемді сөздік дайындасаңыздар, өте игілікті іс болар еді» деді. Мен ол кісіге: «Бұл жұмысты 2008 жылдан бері екі адам болып қолға алып келеміз. Қазір оның 60 пайызы дайын» дедім. «Мынауыңыз жақсы жаңалық екен. Енді тездетіп құрастырып шығыңыздар. Жарыққа шығуына жәрдемдесейін» деді. Мына сөзді естігенде жан қала ма?! Іске ынты-шынтымызбен кірістік дейсіз. Сөйтіп, 2017 жылдың басында сөздіктің соңғы нүктесі қойылды. Жыл аяғында Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауымен біз сөз етіп отырған еңбек Алматыдағы «Эксклюзив-КА» баспасынан жарық көрді.
– Әдетте сөздік деп жалпылама айтыла салғанымен, ол да өзі бірнеше түрге бөлінеді емес пе? Сіздердікі «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» деп аталады екен. Енді осыған сипаттама бере кетсеңіз.
– Иә, біздің бұл еңбегіміздің аты – «Қытайша-қазақша үлкен сөздік». Бұл қос тілді түсіндірмелі, аудармалы дүние. Яғни, мұнда негізгі тіл – қытай тілі де, ал қазақ тілі – аударма тілі. Былайша айтқанда, түсіндірмелі тіл. Бұған қазіргі ханьсу жұртының қолданысында бар 70 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі енгізілді. Жалпы көлемі – 120 баспа табақ, 1050 беттен тұрады. Мұндай сөздік Қазақ елі тарихында тұңғыш рет жарыққа шығып отыр. 10 жыл уақытымызды сарп етіп, жоғарыдағы еңбекті жарыққа шығардық.
Сөз орайында айта кететін жайт, мемлекеттік тапсырыстың біздің сөздікке берген көлемі 120 баспа табақ болғандықтан, аударып, құрастырған дайын сөздеріміздің бір бөлігі бұған сыймай қалды. Сондықтан оларды барынша қамту мақсатында сөздік мәтіні әр бетке екі баған емес, үш баған болып орналастырылды. Қаріп өлшемінің түрі 11-ден 9-ға дейін кішірейтілді. Сонымен бірге кітап соңына қосымша ретінде «Қытай тарихындағы хан­дық­тардың тарихи кестесі», «Дүние жүзіндегі мемлекеттердің аты, астанасы, ұлттық валютасы», «Химиялық элементтер кестесі», сондай-ақ жер-су мен адам аттарын қазақша жазуға қолайлы болу үшін «Қытай тіліндегі буындардың транскрипциялық кестесін» де қоса бердік. Осындай-осындай ерекшеліктерімен сөз етіп отырған еңбек қазіргі қытай тілін қолданушылардың сұранысына біршама толық жауап береді ғой деп ойлаймыз.
– Жоғарыдағы бір сөзіңізде осы сөздіктің «Қазақ елі тарихындағы тұңғыш еңбек екенін» айтып қалдыңыз. Ал Қытайдағы ағайындар ше? Бұл салада олар нендей тірлік жасап жатыр?
– Әрине, ондағы қандастарымыз сонау ХІХ ғасырдан бермен қарай сол елде өмір сүріп келе жатқандықтан, қытай тілін үйрену, оқыту әдістемесі, аударма, сөздік жасау секілді салаларда біраз шаруалар атқарғаны белгілі. Ал жалпы, осы қытайша-қазақша сөздік мәселесіне келсек, ол жақта С.Найман деген ағамыздың жетекшілігімен және бас редакторлығымен жиырма шақты адамнан тұратын сөздік құрастыру тобы құрылып, 1979 жылы «Қытайша-қазақша сөздік» деген атпен көлемді еңбек жарыққа шыққан. Оны халық жаппай «көк сөздік» атап кеткені есімізде. Одан басқа бертінде марқұм Н.Әбікенұлы деген қандасымыздың басшылығымен «Қазақша-қытайша сөздік» жарық көрді. Оның негізгі тілі қазақ тілі де, ал түсіндірме тілі қытайша болып келеді. Одан өзге ондағы ағайындар әртүрлі салалар бойынша экономика терминдерінің сөздігі, медицина терминдерінің сөздігі, әскери іс терминдерінің сөздігі, ауыл шаруашылығы атауларының сөздігі секілді еңбектерді өмірге әкеліп жатыр.

Әңгімелескен
Жанболат АУПБАЕВ,
журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button