Басты ақпаратҚоғам

Смартфон соқыр қылмасын десек…

Астана қаласында 2016 жылы 295 баланың көзіне ота жасалған. Бұл көрсеткіш 2017 жылы небәрі 233-ке азайған. 2018 жылдың қаңтар айында 23 бала қос жанарына ем-дом алыпты. Бұл мәліметтерді елордамыздағы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының филиалынан алдық.

Біліп жүретін бір дерек

Соқырлықтың алдын алу бойынша халықаралық агенттіктің ақпаратына сүйенсек, әлемде шамамен 285 миллион адам көру қабілетінің нашарлауынан зардап шегеді. Соның ішінде 19 миллионнан астамы – балалар, ал 39 миллион адам тіптен көру қабілетінен айрылған жандар.
Қазақстанда ресми дерек бойынша жыл сайын шамамен 1 миллион адам офтальмолог-дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Көп кездесетін дерт түрлері: қабыну аурулары, алыстан көрмеушілік, сығырлық, қылилық, катаракта, су қараңғы. Жыл сайын елімізде көзі көрмей қалған 2 мыңға жуық адам мүгедек атанады. Тіркелген зағиптар саны 56 мың адамды құрайды, соның ішінде 2 мыңға жуығы – балалар.

Оқушылардың  70 пайызының көзі көрмейді

Ирина МЕЛЬНИКОВА, офтальмолог

Көз аурулары ғылыми-зерттеу институты Астана филиалының балалар офтальмологы Ирина Мельникова смартфонға тәуелді болып қалған балалардың көз жанары құрғап, сығырлыққа жиі ұшырайтынына қатты алаңдайды. «Біз бірдеңеге жақыннан үңілсек, көздің бұлшық еті қатаяды. Соның нәтижесінде көз бұршағы ісіп, адамның қос жанары үлкейеді. Бұл үдеріс көпке созылғанда бұлшық ет қатты жиырылады. Ұзақ уақытқа жиырылғанда сығырлық пайда болады. Мұндай жағдай 1 жыл қайталанса, көз үлкейіп кетеді. Үлкейгені – нашар көре бастағаны. Өкініштісі, біз көзді қалай емдесек те, бұрынғы сау қалпына келтіре алмаймыз» деп бастады әңгімесін Ирина Владимировна.
Офтальмолог-дәрігер алатаңнан қара кешке дейін оқудан көздерін демалтпайтын оқушылардың үйге келіп, смартфоннан көз алмауынан жанарларының әлсірейтінін айтады. «Күнделікті өмірде адам күніне 30 мың рет көзін жыпылықтатады. Әр жыпылықтаған сайын ылғал бөлінеді. Егер біз бір затқа жақыннан ұзақ қарасақ, рефлекстеріміздің барлығы ұмыт қалады. Ұялы телефонның экранынан көз алмау, көзді жыпылықтатпау әсерінен көз жанары құрғай бастайды. Бұдан көз шаршап, қызып, ауырады. Күні бойы смартфоннан мультфильм көретін 5 жасар баладан оны тартып ала алмайсыз» дейді ол.
Ирина Мельникова технологиялық төңкерістің әсерінен балаларға төнген апатты ашық айтты. «Мектептерде дәрігерлік тексеріс жүргізгенде орта және жоғары сынып оқушыларының 70 пайызының көзілдірік киіп жүргенін көрдім. Көзілдіріксіз жүргендерінің өзінде көру қабілеті төмендеген. Көз ауруларының ішінде сығырлық (миопия), алыстан көрмеушілік (близорукость) көп кездеседі. Жас мөлшері алуан түрлі. Миопия – тұқым қуалайтын ауру. Бізге 5 жасында-ақ -10, -15-пен емделуге келетін балалар бар. Алыстан көрмеушілік анықталған сәттен-ақ емдемесек, көз тартыла береді. Бұл ауруды бала 18-20 жасқа толғанда лазерлік түзету арқылы емдейміз дегендер қатты қателеседі. Өйткені ота 18 жасқа дейін жасалады. Сондықтан баланың денсаулығын ойласақ, смартфон, гаджеттерді пайдалануға шектеу қою қажет. Егер баланың көзінде ақауы болса, күн сайын 15-20 минутқа ғана рұқсат берген жөн. Ақау болмаса, жарты сағатқа беруге болады. Оның өзінде 6 жасқа толмаған балаға беруге болмайды. Айтарым, көз жанары сау болуы үшін таза ауада көп жүру, физикалық қозғалыс өте пайдалы» дейді балалар офтальмологы.
Дәрігермен әңгімеден кейін дәлізде екі баласымен қабылдауға келген Анар есімді әйелге жолықтық. «Балаңызға смартфонды неше жастан бастап бердіңіз? Көз ауруы бар ма?» деп сұрадым. «Екі жастан бастап бердім. Содан қазір көзі алыстан көрмейді. Көздің құрғап, кебуі де бар. Алты ай сайын офтальмологқа қараламыз. Ем-домын жасайды» деді Анар. – Менің ойымша, балаға смартфонды күніне бір-ақ сағатқа беру керек. Ғаламтордан жаға ұстататындай ақпарат оқығаным бар. Ресейде бір бала күні-түні смартфонмен ойнап, соқыр болып қалыпты. Мұндай ақпаратқа бейжай қарамауымыз қажет».

 

1.Ұйқысыздық туғызады;

2. Депрессия және мазасыздыққа бейімділік сияқты психикалық ауруларға себеп болады;

3. Адамның терісін тітіркендіріп, маңдай мен құлақ  дерматитін туғызады. Өйткені көп телефондарда никель, хром, кобальт бар;

4. Уақытынан бұрын қартайтады;

5. Көз жанарының құрғауы көру қабілетін нашарлатады;

6. Айналадағы адамдарға  назар аудару тапшылығы  синдромын және  үлкендерге гипербелсенділік  туғызады;

7.  Смартфонға деген ерекше әуестік әлеуметтік оқшаулануға  әкеліп соғады.

Ғалымдар смартфонның көзге зиянын дәлелдеді

Смартфондар мен планшеттерге шектен тыс әуестік баланың көру қабілетіне зиянын тигізеді. Үш жыл бұрын кәріс ғалымдары осындай қорытындыға келген. Офтальмологтар 7-12 жас аралығындағы мың кәріс баласына тексеру жүргізіп, смартфон мен планшетті жиі пайдалану көз жанарын құрғатып жіберетінін анықтады. Көз құрғағанда жасы азайып, адамның жанары қызарып, іседі. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, балалардың 6,6 пайызында «көз құрғау» синдромы бары анықталды. Осы дертке душар болғандардың барлығы күніне 3,5 сағаттан смартфон қарапты. Зерттеуге қатысқандардың 55 пайызының ғана көзі сау екені анықталған, өйткені олар смартфонға бар-жоғы 37-40 минут үңіледі екен.
Common Sense Media зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша қазір әлемде екі жасқа дейінгі балалар бір сағат бойы мобильдік құрылғыларды пайдаланады. Екіден төрт жасқа дейінгі балалар – екі сағат, одан үлкенірек балалар 2,5 сағат ойын ойнап, бейнежазба көреді. Америкалық балалардың 38 пайызы тілі шықпай тұрып-ақ смартфон, планшет және т.б. гаджеттерді қолданатын көрінеді. Украинадағы арт-терапевтік қауымдастық мүшесі Татьяна Назаренконың пікірінше, әлемдегі психологтар гаджеттердің 6 жасқа дейінгі балалардың денсаулығына үлкен зиянын тигізетінін айтып, дабыл қағуда. «Мұндай жағдай баланың сезім органдарының дамуын тежеп, сөйлеу қабілетін нашарлататыны жөнінде нақты деректер бар. Ата-аналардың ең үлкен қателігі – сәбидің қолына ұзақ уақыт гаджетті ұстатып қоятыны. Соның нәтижесінде бала мен ананың арасындағы эмоционалдық байланыс үзіледі» дейді сарапшы.

P.S. Психолог-мамандар отбасындағы ұрыс-керіс, ата-ана мен баланың бір-біріне жатбауыр болып бара жатқанына алаңдау­шылық білдіруде. Бір ғана әлеуметтік оқшау­лануды алайықшы. Смартфонға тәуелділік, шексіз махаббат отбасылық өмірде де көптеген мәселелер туғызады. Төсекте бірге жатқан ерлі-зайыптылар әркім смартфонынан көзін алмаса, ол жерде қандай бақыт, береке болмақ? Ең сорақысы, смартфондар кітап оқуды алмастырды. Қазір ұйқыға жатарда кітапты емес, экраны кішкентай құрылғыны жастанып жатамыз. Кітап мидың шаршағанын басып, ағзаны тыныштандыратын-ды. Ал экраны жап-жарық, жазуы өте ұсақ құрылғылар ағзаның табиғи ырғағына кері әсерін тигізеді. Бәрінен бұрын көз жанары шаршайды, тозады. Ендеше, смартфон соқыр қылмасын десек, кеш болмай тұрғанда жақсылап ойланайықшы!

Сіз не дейсіз?

Ирина
(екі баланың анасы):

– Меніңше, смартфондардың тигізетін зиянына біздің қоғамда назар аудармайды. Бір кездері теледидар пайда болғанда ата-анамыз: «Теледидарды ұзақ көрмеңдер, көздеріңе зияны тиеді» деуші еді. Ал қазір теледидарды шектеусіз көреміз. Күні бойы қосылып тұрады. Ұялы телефондар да солай. Үйреншікті жағдайға айналып кетті. Адам денсаулығына сәулелік зияны бар. Одан бөлек, смартфонға әуестік әлеуметтік оқшаулануға әкеліп соғады. Қазіргі балалар бір-бірімен әлеуметтік желілерде сөйлеседі, хат жазысады. Бірақ олар жай қағазға әдемі жаза алмайды. Тақпақ, өлең шығара алмайды. Мәселенің ең үлкені – осы. Таза ауада серуендеп, үнемі ортада жүрген балалардың мінез-құлық дұрыс қалыптасады деп ойлаймын.

Бикеш апа
(зейнеткер):

– Кішкентай баласының қолына планшет, смартфон ұстатып қойып, өздері де ұялы телефонға шұқшиып отыратындарды жиі көреміз. Бала көргенін істейді. Мысалы, менің 10 жасар немерем бар. Смартфон қарауға күніне бір-ақ сағат уақыт береміз. Басқа кездері сабағынан, спорт секцияларына барудан, ағылшын тілін оқудан қолы босамайды. Біреулер баланы көп үйірмелерге беру зиян деп жатады. Меніңше, қымбат смартфон алып беріп, үйге отырғызып қойғанша, спорттық секцияларға апару – әлдеқайда пайдалы. Балаларға смартфон қарауға тыйым салу үшін әуелі ата-аналарының өздері сол смартфоннан «шығуы» керек деп ойлаймын.

 

Төлен ТІЛЕУБАЙ 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button