ЖаңалықтарРуханият

Оралхан ағылшынша сөйледі

Бас қалада Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, Оралхан Бөкейдің ағылшын тілінде жарық көрген «Кісі киік» атты кітабының таныстырылымы болды.

Жаңа жинақты ағылшын тіліне Саймон Холлингсворт пен Саймон Гейган тәржімалаған. Бұл кісілер де әдейі Лондоннан ұшып келіп, кешке қатысты. Олар қабырғалы қаламгердің шығармасын орысшаға аударған белгілі жазушы Анатолий Кимнің нұсқасынан аударған. Кітаптың шығуына «Қазақ­телеком» АҚ қолдау көрсеткен. Шара барысында Халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, публицист Бигелді Ғабдуллин бояуы әлі кеппеген жаңа кітапты ең алдымен Оралхан ағамыздың қарындасы Ғалия Бөкейқызына сыйлады. Ғалия апай ағасының жинағын қолына ұстап тұрып, толқып кетті. Осы ізгілікті істі ұйымдастырған азаматтарға ризашы­лығын білдірді.
«Бүгінде әлем халқымызды, әде­биетімізді толық танып болған жоқ. Абай атамызды да білмейтіндер көп. Сондықтан, әдебиетті жер жүзіне танытудың бір ғана жолы бар – оны ағылшын тіліне аудару. Егер де қаламгер ретінде ағылшынша кітабың шықпаса, сені әлем оқымайды. Қазіргі күнде Лондондағы аудармашылардың еңбегі жоғары бағаланып, осы елдегі ұлттық әдебиеттің ең сәтті аударылған туындыларының қатарына енді» деді Бигелді Ғабдуллин.
Сөз арасында айта кетейік, Халық­аралық Қазақ ПЕН клубының «Біз – қазақпыз» жобасы аясында осыған дейін Әбіш Кекілбаев, Смағұл Елубаев, Олжас Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев және Герольд Бельгердің туындылары ағылшын тілді оқырмандарға жол тартқан еді.
Шара барысында өмірден ерте озған сырбаз суреткердің замандастары, елімізге белгілі қаламгерлер Қуанышбай Құрманғали, Кәдірбек Сегізбаев, Әлібек Асқаров сөз алып, Оралхан ағамыздың адами болмысы мен шығармалары жайынды жып-жылы естеліктер айтты.

Мерей ДІЛДӘБАЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button