Әлеумет

Елорда – құрылыс ордасы

Құрылыс саласы елорда экономикасының негізгі драйвері болып қала береді. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек бас қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы есеп берген жиында мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, биыл жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар бойынша қала басшылығы азаматтардың әртүрлі санаты үшін 5200 пәтер беру туралы алдына міндет қойған. Әртүрлі санатқа, атап айтқанда, жетім балалар, көпбалалы аналар, әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтар, сонымен қатар, жұмыс істейтін жастар кіреді. «Қазіргі кезде осы үйлерге қатысты құжаттарды рәсімдеу бағытындағы тиісті жұмыс жүріп жатыр. 2024 жылдың басында баспана кезегінде тұрған тұрғындар жаңа қонысына кіреді» деді Ж.Қасымбек.

Апатты үйлерден 4710 тұрғын көшіріледі

Жазда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізгенде апатты және ескі үйлерге қатысты проблемаға тоқталғаны мәлім.

«Оң жағалауды – қаланың ескі бөлігін сақтауға және дамытуға тиісті деңгейде көңіл бөлу қажет. Оның өз харизмасы бар. Біз Астананы тең дәрежеде дамытуымыз керек. Инвесторлар апатты жағдайдағы ғимараттармен айналысуы қажет. Тұрғындарды басқа жаққа көшірсін. Босаған жерге жаңа нысандар салсын. Ал әкімдік оларға қажетті жағдайды жасасын. Инженерлік инфрақұрылымды дамытсын. Жолдар, әлеуметтік нысандар салып берсін. Осылай бірлесіп жұмыс істегенде ғана ескі және апатты жағдайдағы тұрғын үй мәселесі шешімін табады. Сонымен қатар қаланың орталығы мен шет аймақтар арасындағы теңсіздікті жояды. Қаланың ескі бөлігінің сыртқы келбеті жақсарады. Елорданың сол жағалауы ғана емес, барлық ауданы қолайлы болуы керек. Адамдардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ететін құрылыс саласындағы озық шешімдер бас қаланың барлық аймағында қолданылуға тиіс. Аспанмен таласқан биік үйлер, ауқатты кварталдар мен кедей аудандар, жартылай қираған ғимараттар бұл біздің жол емес. Жағдайды «теңестіру» керек. Әділетті қоғам құру осындай ұстанымнан басталады» деді сол жиында Президент.

Қала басшысы Жеңіс Қасымбек реновация бағдарламасы бойынша жұмыс қарқынды жүргізіліп, жалғасып жатқанын тілге тиек етті. 2029 жылға дейін 206 апатты үйден 4710 тұрғын үй иелерін көшіру жоспарланған. Алғашқы 3 апатты үйдің тұрғындары көшіріліп, басқа үйлер бойынша жұмыс жалғасуда. Тұрғын үйлерді тығыздап салуға қатысты мәселелер де өз шешімін табады. Бұл туралы Жеңіс Қасымбек:

«Тұрғын үйлердің тығыз салынуы бойынша мәселе бар. Жыл басында жұртшылық наразылық білдіріп, жедел шешімді талап еткен 20-дан астам нысан болды. Біз бүгін елорданың егжей-тегжейлі жоспарына өзгерістер енгіздік. Барлық шешім қаладағы белсенді тұрғындардың қатысуымен қабылданды. Шешімдердің 90 пайыздан астамы қала тұрғындарының пікірін ескере отырып қабылданғанын жеткізгім келеді. Енді нақты мысалдар келтірейін. Мәселен, тығыз салынған құрылыс нысандарының барлығына дерлік қатысты оң шешім қабылданды. Атап айтқанда, мектеп, білім беру орталықтары мен денсаулық сақтау мекемелері сияқты 8 әлеуметтік нысан және 9 қоғамдық кеңістік салу жоспарланды. Ал қалған нысандар бойынша сот шешімін күтіп отырмыз» деп түсіндіріп берді.

2024 жылы үлескерлер мәселесі түбегейлі шешіледі

Қала әкімі айрықша назар аударған мәселенің бірі – үлес­керлер. Жеңіс Қасымбек 2023 жылдың басында Астанада құрылысы аяқталмаған, үлес­керлер қаражат салған 16 нысанның болғанын мәлім етті. Осы нысандарға 4 мыңнан аса үлескер ақша салған.

«Бүгінге дейін шамамен 3,6 мың салымшы өзінің көптен күткен пәтер кілтін алды. Ал қалған үлескерлер 2024 жылдың бірінші жартысында жаңа үйіне қоныстанады. Яғни келесі жылы біз елордадағы үлескерлер мәселесін түбегейлі шешеміз» деді қала басшысы.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек үлескерлермен үнемі кездесіп, олардың барлық мәселесін ашық талқылайды. Сол кездесулерін қала басшысы күн сайын әлеуметтік желілердегі парақшасында бөлісіп отырады.

Тұрғын үй қоры екі есеге өседі

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаланың 2035 жылға дейінгі дамуы жөніндегі Бас жоспары әзірленіп, жергілікті мәслихат депутаттары тарапынан бекітілді. Осы жоспарға сәйкес, қаланың аумағы өзгеріссіз қалады – 79,7 мың гектар. Оның басым бөлігін «жасыл белдеу» құрайды. Ол Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерін, Нұра-Есіл каналын бойлай салынатын саябақтармен, жасыл жағалау­лармен көмкеріліп, біртұтас табиғат-ландшафт кешенін құрайды.

Жаңа Бас жоспарға сәйкес, Мыңжылдық аллеясы, Тельман тұрғын үй алабы және Тұран даңғылының батыс жақ бөлігі құрылыстың келешегі зор аудандары деп анықталған.

«Алдағы 10 жылда қала тұр­ғындарының саны 2,3 млн адамға дейін өседі деген болжам бар. Осыған сәйкес, тұрғын үй қоры екі есеге ұлғайып, 68 млн шаршы метрді құрайды. Жаңа Бас жоспар бойынша 2035 жылға дейін барлығы 178 балабақша, 164 мектеп, 93 денсаулық сақтау мекемесі салынады. Бас жоспардың жобасы қала қоғамдастығымен, мәслихат депутаттарымен келісіліп, қажетті сараптамалардан өтті» деді Жеңіс Қасымбек.

Қарқыны жоғары, сапасы төмен

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте құрылысқа қатысты бірқатар сын-ескертпе айтқаны мәлім. Өкінішке қарай, құрылыс қарқыны жоғары болғанмен, сапаға көңіл бөліне бермейді. Бұл салада олқылық өте көп. Президент соларға нақты мысал келтірді.

«Қаланы көркейтіп, жұртқа қолайлы жағдай жасау басты назарда болуға тиіс. Алайда жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі басым түсіп жатады. Қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң, орынсыз құрылыс көбейіп кетті. Әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынды» деді сол жиында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бизнесті тексеруге салынған тыйымды желеу етіп, алаяқ құрылыс компаниялары да пайдаға кенеліп жататынына тоқталды.

«Құрылыс – экономиканың өте маңызды саласы. Бұған дау жоқ. Астанада құрылыс көп болғандықтан, қомақты қаржы бөлінетіні белгілі. Сондықтан, адал кәсіпкерлермен қатар, түрлі алаяқтар да пайда көріп қалуға тырысады. Кейбір компаниялар құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттары болмаса да, жұмыс істеп жатыр. Бизнесті тексеруге салынған тыйымды, яғни мораторийді желеу етеді. Сондай-ақ үлескерлерден заңсыз қаражат жинайды. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Әкімдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұған тосқауыл қоюы керек. Мұның бәрі жаңа проблемалық нысандардың пайда болуына әкеп соқтырады. Әкімдік көз жұмып отыра берсе, бұл мәселе ушығып кетеді. Шенеуніктердің мұндай салғырттығы және жа­уапсыздығы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан барлық салада, соның ішінде құрылыс саласында заң мен тәртіп болуға тиіс. Мен заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін бақылауды күшейтіп, саланы реттеуді тапсырдым» деді Қасым-­Жомарт Тоқаев.

Жеңіс Қасымбек Президент айтқан сынға қатысты тұрғындардың өтініш-тілегіне назар аударылып, жосықсыз құрылыс жүргізуді заңды тұрғыда шектеп, ендігі уақытта құрылыс компаниялары әлеуметтік инфрақұрылым жүргізбей, тұрғын үйлерді салуға рұқсат бермейтінін мәлімдеді.

Әлеуметтік нысандар бой көтереді

Президент елорда халқының тұрмыс сапасын үздіксіз арттыру үшін Астананың барлық тұрғынына қала инфрақұрылымы, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, сондай-ақ саябақтар мен қоғамдық орындар секілді нысандар тең дәрежеде қолжетімді болуға тиістігін ескертті.

«Емханалардағы кезектің көптігіне және жеке клиникаларда көрсетілетін қызметтің қымбаттығына байланысты адамдар соңғы сәтке дейін дәрігерге қаралмайды. Мұның бәрі қала тұрғындарының денсаулығына кері әсерін тигізеді. Жағдайды түзеу үшін елордада үшінші көпбейінді аурухана салу жөніндегі ұсынысты қолдау маңызды деп санаймын. Сапалы білім беру қызметінің қолжетімді болуы аса маңызды. Астанада баланы мектепке немесе балабақшаға орналастыру әлі де өзекті мәселе болып отыр. Көптеген мектепте оқушылар саны жоспарлы межеден артық. Шын мәнінде, үш ауысымды оқыту жүйесі сақталып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Қалада жаңа білім беру мекемелерінің құрылысына басымдық беру қажет. Сондай-ақ 15 қосымша білім беру нысанын салу керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі жиында.

Президенттің тапсырмасы қалай орындалатынын қала басшысы өзінің баяндамасында егжей-тегжейлі айтып берді.

Қазір Астанада 8 мектеп үш ауысыммен бала оқытады.

«Биыл 7 мектеп пайдалануға берілді. Тағы 5 мектептің құрылысы аяқталуға жақын. 2024 жылы 25 мектептің құры­лысы жоспарланды. Атап айтқанда, жекеменшік – 3, мемлекеттік – 7 және «Жайлы мектеп» жобасы аясында 15 мектеп саламыз. Жалпы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасады. Осылайша, 2028 жылға дейін екі ауысымда 200 мыңға жуық оқушы орнына арналған 80-нен астам мектеп салу жоспарланды» деді Ж.Қасымбек.

Балабақша салу мәселесі де бір жүйеге келеді.

«Бүгінде инвесторлардың қаражаты есебінен 16 жекеменшік балабақша салынуда, сондай-ақ 2029 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланды. Бірінші кезең аясында 2025 жылы жергілікті бюджет және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қаражаты есебінен 10 балабақша салу жоспарланды» деді қала басшысы.

Оқушылар сарайы – бала­лардың өнерге, ғылымға, технологияға және спортқа қызығушылығын арттыратын алаң. Сондықтан мектеппен бірге оқушылардың қабілетін шыңдайтын орталықтар ашу керек-ақ. Астана қаласының әкімі 2029 жылға дейін жергілікті бюджет және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 15 заманауи Оқушылар сарайын салуды жоспарлаған. Биыл Тұран даңғылында «Сана» оқушылар сарайы пайдалануға берілсе, алдағы жылы қаланың әр ауданында 5 Оқушылар сарайының құрылысы басталады.

Президент қадап тапсырған тағы бір мәселе – медицина инфрақұрылымын дамыту. Бұл бағытта 2024-2027 жылдар аралығында 12 нысан салынады. Оның ішінде 2 перинаталдық орталық, 2 жаңа заманауи көпсалалы аурухана (оның 1-еуі – балалар ауруханасы), 3 мемлекеттік және 5 жеке емхана салынады.

Көлік инфрақұрылымы қалай дамиды?

Астанада көлік инфрақұ­ры­лымын дамытуға айрықша көңіл бөлінеді. Бұл сала да құрылыс­тың бір бөлігіне жатады.

«Ірі қалада халықтың тұрмыс сапасына қоғамдық көлік пен жол кептелісі тікелей әсер етеді. Сондықтан көлік инфра­құрылымын дамытудың айрықша мәні бар» деген еді Мемлекет басшысы жаздағы жиында.

Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сай бірыңғай көлік жүйесін дамыту стратегиясы әзірленгені белгілі. Бұл туралы Жеңіс Қасымбек өз баяндамасында мынадай деректерді келтірді: «Яғни біздің алдымызда жол қауіпсіздігін жақсарту, автокөлік кептелісін азайту және көлік қозғалысының қоршаған ортаға әсерін төмендету міндеті тұр. Биыл 72 көшеге орташа жөндеу жұмысы жүргізілді. Әл-Фараби даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейін жаңа көпірдің ашылуы Түркістан, Ақмешіт және Мәңгілік ел көшесіндегі көлік ағымын 15 пайызға төмендетті. Келесі жылы Тәуелсіздік даңғылын Қабанбай батыр даңғылына шығатын тұсына дейін ұзартамыз. Ш.Айтматов көшесінің ашылуы Сығанақ көшесі мен Ұлы дала даңғылының аралығындағы Тұран даңғылындағы көлік кептелісін айтарлықтай азайтып, көлік жүктемесін 12 пайызға дейін қысқартады. Кенесары мен Қорғалжын тас­жолын байланыстыратын жаңа көпірдің құрылысы келесі жылы басталады. Сонымен қатар кіші айналма жолдың құрылысы жүргізіледі».

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button