Басты ақпаратҚала мен Сала

Атқарылған істер аз емес

Астана қалалық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Алматы ауданының әкімі Мақсат САМАТҰЛЫ 2023 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

1998 жылдың мамыр айында елорданың атауы өзгергеннен кейін қала картасында екі ауданның – Алматы және Сарыарқа – шекаралары белгіленді. Содан бері Алматы ауданы дамудың бірнеше кезеңінен өтті. Халық санының өсуіне және қаланың дамуына байланысты 2008 жылы аудан аумағының бір бөлігі жаңадан құрылған Есіл ауданына, ал 2018 жылы Байқоңыр ауданына берілді.

Алматы ауданында 128943 адам тұратын 6 тұрғын алап орналасқан. Оңтүстік-шығыс шағын ауданында – 80000, Промышленныйда – 20000, Железнодорожныйда – 13526, Интернациональныйда – 11000, Мичуринда – 2407 және Күйгенжарда 1135 адам тұрады.

2022 жылдан бастап аудан әкімі 96 жеке қабылдау өткізді, 453 келуші қабылданды және 891 мәселе талқыланды, 568 мәселе (62 пайыз) өз шешімін тапты. Олар материалдық және азық-түлік көмегін көрсетуге, абаттандыруға, көгалдандыруға, мүлік иелері бірлестігін ұйымдастыруға, заң көмегін көрсетуге және т. б. қатысты болды. Есепті кезеңде тұрғын үй, жәрдемақы алу, АӘК, ПИК және ААЖ жұмысы, шағын және орта бизнес үшін жер учаскелерін бөлу және т. б. мәселелер бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді. Жолдар мен желілерді, білім беру нысандарын салу, аумақтарды абаттандыру туралы өтініштер бойынша жұмыс жалғасуда. Ағымдағы жылы тұрғын үй алаптарының тұрғындарымен 9 кездесу өтті, оған 974 адам қатысты. Онда 368 сұрақ қо­йылды, оның ішінде әлеуметтік мәселелер, абаттандыру, жарықтандыру, аялдамалар бойынша көтерілген 247 мәселе өз шешімін тапты.

Газдандыру барысы

Алматы ауданы бойынша 5 тұрғын алап – Железнодорожный, Промышленный, Интернациональный, Мичурин, Күйгенжар және Оңтүстік-шығыс шағын ауданы – газға қосылды. Газдандыру бойынша жұмыс шеңберінде 6580 абоненттің 5226-сына техника шарты берілді, 5092 абонент газға қосылды (72,1 пайыз), оның ішінде 252-сі – орта, шағын кәсіпорындар. Сондай-ақ 6 әлеуметтік нысан: фтизиопульмонология орталығы, қалалық инфекция орталығы, «Аққанат» балабақшасы, №57 орта мектеп, Промышленный тұрғын алабындағы «Астана-­Энергия» АҚ қазандығы, №13 орта мектеп, №11 қалалық емхана филиалы, оның ішінде 5 көпқабатты тұрғын үй кешені – «Есіл» ТК (Сүткент көшесі 30, 30/1 үйлер), «Табыс» ТК (М.Төлебаев көшесі 2-үй); Қапал көшесі 1-үй, А-123 көшесі 7-үй газдандырылды. Аудан аумағында 4 іске қосу кешені бойынша барлығы 29 газ реттеу пункті орналасқан, желінің ұзындығы 298 шақырымнан асады, сондай-ақ ағымдағы жылы «100 қайырымдылық іс» бағдарламасы аясында «Халық банк» өз қаражаты есебінен 32 абонентті газға қосты, олардың ішінде зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар бар.

Жолдар мен көшелер

Брифинг барысында аудан әкімі аудандағы жолдар инфрақұрылымды дамыту жоспарына сәйкес жөнделіп жатқанын атап өтті. Биыл Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы ұзындығы 10,2 шақырымды құрайтын 17 көшені, оның ішінде тұрғын алаптарда ұзындығы 2,72 шақырым болатын 6 көшені ретке келтірді.

2023 жылы жолдардың бү­лінуіне байланысты iKomek109 операторына 961 өтінім келіп түсті, Абылай хан даңғылы, ­Б.Майлин, Күйші Дина көшелері, Қ.Сәтбаев және Мыңжылдық аллеясы бойынша көптеген шағым түсті. Келіп түскен өтінімдер бойынша орамішілік жолдар мен тротуарларды жөндеу жұмысы жүргізілді. Аудан әкімдігімен 4 орамішілік жол, 2 көше (Бехтерева, Қосбасар), 5 автотұрақ («Браво Фамили», Қордай көшесі, 79, 100, Р.Қош­қарбаев даңғылы, 50, Дауылпаз көшесіндегі балабақша) жөнге келтірілді. Шұңқырларды жөндеу жұмысы 20 учаскеде (2500 шаршы метр) жүргізілді.

Аудан бойынша барлығы 442 аялдама кешені бар, оның 252-сі – аппарат балансында, оның ішінде 199-ы – шыны, 53-і – жылы (жеке инвестордың есебінен – 8), 152-сі – қалалық үлгіде, 47-сі – вандалға қарсы металл кешендері.

2023 жылы ауданда №72 мектеп, №73 орта мектеп, Binom мектебі, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы, Ғ.Мұстафин көшесіндегі «Сілеті» ТК, №2 Ақмола облыстық ауруханасы, медицина орталығы, №51 мектеп мекенжайлары бойынша 11 аялдама орнатылды.

Аулаларды абаттандыру

2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде 70 жоба қарауға ұсынылды, оның ішінде 68-і (62-сі – аулаларды абаттандыру жоспары бойынша, 6-уы – су бұру бөлігі бойынша) мақұлданды.

– Бүгінде Алматы ауданында 465 аула бар. Оның 155-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Біз бұл көрсеткішті жылдан-жылға жүйелі түрде азайтып келеміз. Соңғы 3 жылда 175 аула және 25 қоғамдық орын абаттандырылды, – деді әкім.

Көгалдандыру

Жыл басынан бері Алматы ауданында 8500 ағаш (ПИК және әлеуметтік нысандарға 3400 көшет берілді), 506000 біржылдық гүл (11000 шаршы метр), 33000 сәндік бұта отыр­ғызылды. 11488 шаршы метр жерге жаңа көгал орнатылды. Қ.Сәтбаев көшесінде суару жүйе­сін орнату жұмысы жүргізілді.

Соңғы 3 жылда ауданда 175 аула мен 25 қоғамдық орын абаттандырылды. Су бұру бо­йынша 6 учаскенің 5-еуі жөнделді, ал «Миллениум парк», «Жанұя» ТК шекараларында (Р.Қошқарбаев даңғылы – Қордай көшесі – А.Байтұрсынов көшесі – М.Тынышбаев көшесі – Ш.Қалдаяқов көшесі – Есіл өзенінің бойы – Ақбұлақ өзені – Тәуелсіздік даңғылы) жер­асты инженерлік желілерінің болуына байланысты жұмыс жүргізу мүмкін емес.

Қоғамдық кеңістіктер

– Қоғамдық кеңістіктерді дамыту – біздің басты мінде­тіміздің бірі. Өйткені қала тұрғындары мен қонақтары бос уақытын жайлы және денсаулығына пайдалы түрде өткізе алатын жаңа тартымды орындардың ашылуы бәріміз үшін маңызды деп ойлаймын. Мұндай қоғамдық кеңістіктердің ашылуына қала әкімі де үлкен мән беретінін атап өткен жөн. Осыған байланысты биыл ауданымызда 8 қоғамдық кеңістік, атап айтсақ, Қ.Сәтбаев көшесі бойындағы кеңістік, Ақбұлақ өзенінің жағалауы, К.Әзірбаев көшесі 10, Р.Қошқарбаев және Тәуелсіздік даңғылдарының қиылысы, Қордай көшесі 100, Қордай және Тайқазан көшелерінің қиылысы, М-1 («Арқар» көпірі) көпірасты кеңістігіндегі бокс алаңы абаттандырылды. Тұрғындардың өтініші бойынша алғаш рет тротуарларды жөндеу жұмысы жүргізілді, 25 учаске қамтылды, оның ішінде 10 әлеуметтік нысанның жанында 7 км-ге жуық жабын төселді. 6000 шаршы метр төсеніш жабдықталған және ауыстырылған. 13 көпір мен айырбас боялған, қалпына келтірілген. 150 контейнерлік алаң жөнделді, оның 60-ы жабдықталды. 400 қоқыс жәшігі мен орындық боялып, жөнделді. 700 көшеге қоқыс жәшігі орнатылып, ауыстырылды, – деді аудан басшысы.

Мектептер мен балабақшалар

Ауданда жаңа білім беру мекемелерін салу және жұмыс істеп тұрған мектептерді кеңейту жұмысы жүргізілуде. Алматы ауданының аумағында 28 мемлекеттік мектеп (онда 60997 оқушы) және 9 жекеменшік мектеп орналасқан. Үш ауысымда оқитын үш мектеп бар – №13, 53, 83.

600 орындық №44 орта мектепте биыл қосымша ғимараттың құрылысы аяқталды. 600 орындық №53 мектеп-лицейге қосымша құрылысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. №13 және №86 орта мектептерде (әрқайсысында 600 орыннан) қосымша ғимараттар құрылысы 2023 жылдың соңында басталды, 2024 жылы аяқталады деп күтілуде.

Биыл №51 және №57 орта мектептер жөнделді. Мектепке дейінгі мекемелерге келетін болсақ, 2017 жылдан бастап әкімдік балабақшалар салған жоқ. Соңғы жылдары пайда болған барлық мектепке дейінгі мекемелер жеке меншікте. 2017 жылдан бастап Алматы ауданында 87 жекеменшік балабақша ашылды. Осыған байланысты елорда әкімі Жеңіс Қасымбек кеңестердің бірінде алдағы 3-4 жыл ішінде балабақшалардың жетіспеушілігін жою үшін елордада кемінде 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Жарықтандыру

Ауданда жарықтандыру бо­йынша жүргізілген жұмыстар барысында ЖКУ шамдарының 95 пайызы жарықдиодты шамдарға ауыстырылды (20500-ден 18960 шам), үйлердің кіреберісінде 1100-ден астам шам орнатылды, саябақтар мен скверлерде 340 жарықтандыру тірегі (оның ішінде 39 тірек – «Жерұйық» паркі, «Встреча» СҮ алаңы, Мереке көшесіндегі алаң, «Алма» сквері, Президент паркі, Қазақауыл, Сүткент көшесі 30, Р.Қошқарбаев даңғылы бойындағы сквер) орнатылды. Жарықтандырылмаған көшелерде, атап айтсақ, Мичурин тұрғын алабындағы Бақанас көшесінде, Интернациональный тұрғын алабындағы Жағажай, Мереке, Көксай, Аралқұм көшелерінде, Оңтүстік-шығыс шағын ауданындағы Жанкент көшесіне шамдар орнатылды. Сондай-ақ 11 мекенжай бойынша (Ақсұңқар – 8, Бағаналы – 20, Бірімжановтар – 17, Жанкент – 10, Зеренді – 9, Талғар – 12, Көкорай – 5, Көкпар – 13, Қызылқұм – 9, Ошақты – 14, Сырымбет – 27) қосымша шамдар орнатылды. 2023 жылы баланс­қа 14 нысан берілді, тағы 20 нысанды алу жоспарлануда. Б.Момышұлы даңғылында 24 үйдің қасбетін жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Биыл «Әзірет Сұлтан» мешітінің маңайы жарықтандырылды.

Жаңа жыл қарсаңында Қазақ елі алаңында, Триатлон паркте, Оқушылар сарайында, Президент саябағында, «Нұрлы жол» теміржол вокзалының аумағында, Қ.Рысқұлбеков көшесі 29, Оңтүстік-шығыс, Отау, Сарайшық шағын аудандары мен 4 тұрғын алапта – барлығы 15 алаңда тақырыптық дайындау жұмысы жүргізілуде. 5 мекенжай бойынша, атап айтсақ, Қазақ елі, Оқушылар сарайы, ІІМ, Құмыра-мюзикл залы, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы жанында, сондай-ақ орта және шағын бизнес кәсіп­орындарының аумақтарында, «Магнум», «Мечта», «Еуразия», «Аружан», «Рахмет» сауда орталықтарының алдына 5 жаңа жылдық шырша орнатылды.

Дайындаған

Шолпан АҚБАЛАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button