Басты ақпаратМәслихат

Жыл бойғы жемісті жұмыс

Өтіп бара жатқан жыл Парламент Мәжілісі мен әртүрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауымен ерекшеленді. Бұл сайлау 19 наурыз күні өткені белгілі. Нәтижесінде өткен көктемде Астана қаласы мәслихатының VІІІ шақырылым депутаттары жұмысқа кірісті. Мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол, осының алдындағы мәслихаттың VІІ шақырылымының хатшысы болған Ерлан Каналимов мәслихат төрағасы болып сайланды. Осы VІІІ шақырылым депутаттары жыл бойы белсенді жұмыс істеп, елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуына, қалаға қатысты маңызды құжаттардың қабылдануына үлкен үлес қосты.

СЕГІЗІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМ МІНДЕТТЕРІ

Астана қаласы мәслихатының VІІІ шақырылымына Amanat партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Байтақ» жасылдар партиясы, «Қазақстан Халық» партиясы партиялық тізімдері және бір мандатты сайлау округтері бойынша барлығы 34 депутат сайланды. Сайланған депутаттардың 25-і – ер азаматтар, 9-ы әйелдер болды. Олардың орташа жасы 46 жасты құрады. Ең үлкені 63 жаста болса, ең кішісі 22 жаста болып тіркелді.

Жаңа құраммен жұмысқа кіріскен қалалық мәслихаттың биылғы бірінші сессиясына Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қатысып, депутаттарға елорданың игілігі үшін қызметтерінде табыс тіледі. Барлық мәселелерді, соның ішінде бюджетті нақтылау, құрылыс, жол-көлік инфрақұрылымы мен инженерлік желілерді дамыту істерінде және дереу шешуді қажет ететін басқа да мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды. Жыл ішінде де қала басшысы мен мәслихат депутаттары бірнеше рет кездесіп, қала тіршілігіндегі маңызды мәселелерді талқылады.

Қалалық мәслихаттың биылғы сол алғашқы сессиясында төрт тұрақты комиссия құрылып, олардың төрағалары сайланды. Атап айтқанда, заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі комиссияны Азамат Айтхожин, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссияны Кендебай Адамбеков, құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі комиссияны Владислав Сергеев, ал әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссияны Асқар Смағұлов басқаратын болды. Осы комиссиялардың отырыстарында, қалалық мәслихаттың сессия­ларында, көпшілік тыңдауларында өзекті мәселелер қаралды. Бұған қоса, мәслихат депутаттары маңызды нысандарды аралап, онда көшпелі отырыстарды өткізді, тәжірибе алмасу мақсатында ел өңірлері мен шетелдерге барды.

 ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ЕРЕКШЕ ҚОЛДАУ

Тиісті тәртіп бойынша жыл ішінде қала бюджеті қалалық мәслихатта бірнеше рет нақтыланады. Депутаттар қаржының маңызды жұмыстарға бөлінуін қолдады. Кейбір істер қосымша қаржыландыруды қажет етсе, бұл да мәслихаттың қолдауынсыз қалмады. Соның ішінде әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлді. Атап айтқанда, медицина, білім мәселелеріне, мәдениет пен спорт мұқтаждықтарына қаржы бағытталуына атсалыс­ты. Қала көркіне, тұрғындардың жайлы демалысына бейжай қарамай, қалалық бюджетте аулаларды абаттандыру мен көгалдандыру шығындары көбейді. Сонымен қатар қаланы газдандыру, жылумен және сумен жабдықтауға қосымша қаржы бөлінді.

Салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың бос уақытын ұйымдастыру, жастардың арасында суицидтің алдын алу мәселелері қалалық мәслихат депутаттарының назарынан тыс қалған жоқ. Соның ішінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы, «Артспорт» жобасын жүзеге асыру, басқа да мәселелерді талқылады.

Балабақшалар мен мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыру, бұл білім нысандарының жағдайы да депутаттарды толғандырды. Мәселен, депутат Кендебай Адамбеков отырыстардың бірінде қаланың әр ауданында балабақша салуды жоспарлау қажеттігін айтып, балабақшалардағы тілдік жағдайды көтерді. Оның әріптесі Мәдина Әжікенова жеке балабақшалар мәселесі туралы айта келе, білікті тәрбиешілердің болу маңызына тоқталды. Депутат Сәуле Самидин балабақшаларда балаларды тамақтандыруда айырмашылық барын, соны бір жүйеге келтіруді ұсынды.

 ШЕТ АЙМАҚТАР ШЕТ ҚАЛМАДЫ

Қаланың шет аймақтарын дамытуға қатысты қалалық мәслихатта жыл ішінде бірнеше рет отырыс өтті. Соның ішінде қоғамдық көлік қатынасы, тұрғындардың қауіпсіздігі, жолдар құрылысы талқыланды. Нақты айтқанда, «Агроқалашық» тұрғын алабындағы жолдар мен нөсер кәріздерінің құрылысы, басқа да тұрғын алаптардың жағдайы сөз болды.

Жақында ғана Астана әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қалалық мәслихатта елді мекендерді дамыту бойынша есеп берді. Оның айтуынша, қаланың 2035 жылға дейінгі Бас жоспарына сәйкес орта мерзімді және ұзақ мерзімді уақытқа тұрғын алаптарды дамыту жоспары әзірленді. Оған елді мекендерді газдандыру, инженерлік желілер мен жолдарды дамыту жұмыстары кірді.

Айтпақшы, жылдың соңында мәслихат депутаттары жаңа Бас жоспарды бекітті. Сол жиынға қатысқан қала әкімінің тағы бір орынбасары Евгений Глотов қаланың бұл басты құжатын талқылауға қалалық мәслихат депутаттарымен қатар қала тұрғындары белсенді қатысқанын атап өткен еді.

Қоғамдық тәртіп, құқық мәселелері, төтенше жағдайлардың алдын алу жайы да қалалық мәслихатта талқыланды. Атап айтқанда, нашақорлық пен есірткі бизнесіне тосқауыл қою мәселесі отырыстардың бірінің күн тәртібіне қойылды. Депутаттардың көмегімен Сарыарқа ауданы полиция басқармасына, жедел қимылдау арнайы жасағына ғимарат бөлу мәселесі шешілді. Төтенше жағдайлар мәселесін талқылау барысында депутаттар профилактикалық жұмысты, әсіресе білім беру ұйымдарында күшейту қажеттілігіне тоқталды. Оқушыларға өрт деполарына экскурсиялар ұйымдастырудың маңызын айтты. Мәслихат депутаттары Ақтөбе қаласына барып, сол қалада қысқа мерзімде өрт сөндіру депосын салу тәжірибесімен танысты.

Елорда тұрғындарының қарқынды артуына байланысты қаланы жылумен және сумен, электрқуатымен жабдықтау өте өзекті. Мәслихат депутаттары бұл мәселелерді де талқылап, жаңадан салынған газ қазандықтарымен танысты.

Қазіргі жаңа технологиялар заманында көштен қалмау маңызды. Жаңа технологиялар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өмірін жеңілдетеді десек, оның маңызы одан сайын арта түседі. Мәслихат депутаттары бейнебақылау жүйесі, интернет және ұялы байланыс жағдайын да талқылады. Елордада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл мәселе де депутаттардың талқылауынан өтті.

Қоғамдық көлік мәселесі де – елорданың аса маңызды мәселелерінің бірі. Биыл Астана мәслихатының қолдауымен 400 жаңа автобус сатып алу туралы шешім қабылданып, жаңадан автобус бағдарлары жіберіліп, кейбір бағдарлар ұзартылды.

Әлеуметтік қолдау жайына келсек, мәслихат депутаттары жергілікті өкілді органдарының 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға біржолғы төлем сомасын 2,5 АЕК-тен (8 625 теңге) 60 АЕК-ке (207 000) дейін ұлғайту туралы шешімін бірауыздан қолдады. Төлемдердің жалпы сомасы 12,8 млн теңгені құрап, 2023 жылы әлеуметтік көмек сомасы ұлғайды. Бұған қоса, басқа мемлекеттер аумағында болған соғыс қимылдарының ардагерлеріне және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге көмек мөлшері 2,4 АЕК-тен 4,5 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Ауғанстаннан әскерлерді шығару күніне және Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарынан зардап шеккендерге төлем мөлшері 35 АЕК-тен (120 750 тг) 45 АЕК-ке (155 250 тг) дейін көбейтілді.

ОСАЛ ТОПТЫ ҚОЛДАУ ЖАЛҒАСАДЫ

 Астана мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов­тың айтуынша, мәслихат бекіткен халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы отбасыларға газға қосылуға материалдық көмек (өтемақы) беру қызметі нәтижелер беруде. Тұрғын үй алаптарының көптеген тұрғындары осындай қолдауға ие болды. Биыл елордада жеке тұрғын үйлерді газға қосу бойынша шығындарды өтеу қызметін 405 отбасы пайдаланды. Қазір тұрғын үйлерді газдандыруға біржолғы әлеуметтік көмек 130 АЕК немесе 413 400 теңгені құрайды. Сондай-ақ астаналық мәслихат жергілікті өкілді органдардың шипажайлардың санын 5-ке дейін ұлғайту жөніндегі шешімін бекітті. Бұрын 1 ғана шипажай еді. Осы емдеу-­сауықтыру мекемелерінде астаналық зейнеткерлер және басқа мемлекеттердің аумағында соғыс қимылдары мен Чернобыль АЭС-інде апаттың салдарын жоюға қатысқан азаматтарға мемлекет санаторий-курорттық емнің 75 пайызын төлейді.

Биыл Астана мәслихатының депутаттары Түркия мен Германияға ресми сапармен барып, бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Сол елдердегі озық тәжірибемен танысты. Енді Астана мен Берлин бауырлас қалаларға айналуы мүмкін. Кездесудің бірінде бұл туралы сөз болды.

Таяуда мәслихат депутаттары Астананың 2024-2026 жылдарға арналған бюджетін бірауыздан қабылдады. Үш жылдық бюджет әлеуметтік бағдарланған, онда қала дамуының барлық мәселелері ескерілген. Биыл мәслихат депутаттары шығыс­тардың басым бағыттарын ескере отырып, алғаш рет балабақшалар, әлеуметтік тұрғын үйлер, емханалар, Оқушылар сарайлары бойынша құрылысты аяқтауға қаржыландыруды бөлу бойынша тиімді ұсыныстар әзірледі.

Бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтеді. Онда бірқатар мәселелер талқыланады. Ал жалпы алғанда жылды жемісті қорытындылап отырған органның келесі жылға да жоспарлары көп.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button