Басты ақпаратҚала мен Сала

Газдандыру қалай жүргізіліп жатыр?

Сарыарқа ауданы аумағында барлығы 540 аула бар. Олардың 77,5 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Биыл 40 аула жөнделіп жатыр. Былтыр ауданда табысты жүзеге асырылған «Бюджетке қатысу» жобасы осы жылы да қолға алынды. Соның аясында 13 ауланы абаттандыру жүргізілуде. Қазіргі уақытта бірқатар ауланы көркейту ісі толығымен аяқталды.

Осы жазда елордаға табиғи газ келді. Бұл жылдың ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жаңалығы болды. Бірнеше әлеуметтік нысан мен жеке тұрғын үйлер «көгілдір отынға» қосылып та үлгерді. Жоспар бойынша жақындап қалған жылыту маусымында біраз үй газбен жылытылады. Бұл істің барысы туралы Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егемберді айтып берді.
Оның айтуынша, газ желісінің ұзындығы 200 шақырымды құрайды. Бүгінде оның жартысынан астамы, яғни 101 шақырымы тартылды. Қазір орамішілік құбырлар тартылуда.
– «Көктал-1» тұрғын алабында барлығы 91 көше бар. Оның 88-іне құбыр тарту аяқталды. «Көктал-2»-де жалпы көшелер саны – 41. Тиісті жұмыс екі көшеде қалды. «Агроқалашықтағы» 94 көшенің 22-сінде газ желілерін салу жоспарланды. Бір айта кетерлігі, бұл жоба бірнеше жылға арналған. Қазір аталған аумақтарда 10230 жеке тұрғын үй бар. Соның ішінде биыл 5000-нан астам үйді газдандыру жоспарлануда. Біз орамішілік құбырларды жүргіземіз. Ал газды көшеден үйіне тұрғындар өз қаржысына тартады. Бұл жұмыс, қажетті қондырғыларды сатып алуды қосқанда, шамамен алғанда 300 мың теңгеден асады. Есептегіш құралдары әкімдік есебінен орнатылады. Техникалық шарттарды беру жұмыстары басталды. Оны алу үшін жұмыс күндері «Көктал-1» тұрғын алабындағы Болашақ көшесі, 4/2 мекенжайына бару керек, – дейді Ерғали Егемберді.
Жалпы алғанда, биыл «Көктал-1» және «Көктал-2», «Агроқалашық», «Промышленный», «Железнодорожный» тұрғын алаптары және «Оңтүстік-Шығыс» ауданының бірқатар үйлері газға қосылып, ЖЭО-1 және ЖЭО-2 газға ауыстырылады.
Өндірістік сектор мен тұрғын алаптарды газдандыру 3 кезеңде жүргізіледі. Екінші кезеңде «көгілдір отын» «Мичурино», «Интер­национальный», «Күйгенжар», «Тельман», «Пригородный» тұрғын алаптары мен Garden Village және Family Village коттеджер қалашық­тарына жеткізіледі. Үшінші кезеңде «Ильинка», «Шұбар», «Өндіріс» тұрғын алаптары газдандырылатын болады. Жобаны іске асыру мерзімі 2020-2023 жылдарға жоспарланған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button