Денсаулық

Медициналық қызметті қашықтан ал!

Карантиндік шектеу шараларының кезең-кезеңімен жеңілдеуіне байланысты азаматтарға кейбір медициналық қызметтер қашықтан көрсетіледі. Осыған орай Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда бойынша филиалы қала тұрғындарына сол қызметтерді емханаға келмей-ақ қалай алуға болатынын түсіндірді.Бұрын қашықтан кеңес беру тек созылмалы аурулары бар нау­қастарды динамикалық бақылау кезінде қолданылатын. Ал биыл 17 шілдеден бастап күшіне енген «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 129-бабына сәйкес қашықтан медициналық қызмет көрсетудің жаңа ерекшеліктері қарастырылды. Осылайша енді салалық мамандардың кеңестері, телемедицина арқылы консультациялар, сондай-ақ рентген түсірілімін қайта оқыту, электрокардиограмма таңбаларын түсіндіру қызметтері енді қашықтан қабылдау кезінде де қолжетімді болды. Бұл заманауи технологиялар мен түрлі байланыс арналарының арқасында мүмкін болып отыр. Алдағы уақытта қашықтан көрсетілетін қызметтер тізімі кеңейтілмек.

ОНЛАЙН-КЕҢЕС ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ?

Алдымен өз емханаңыздың Call-орталығы немесе басқа байланыс арналары, мобильдік қосымшалар арқылы дәрігердің кеңесіне жазылу керек. Сосын кеңес беру күні мен уақытын таңдап, салалық маманның қабылдауына жазылу үшін учаскелік дәрігерден жолдама алу қажет. Ол үшін өзіңіздің терапевт/жалпы практика дәрігерінің қабылдауына өтінім жібересіз. Одан әрі таңдалған байланыс арнасы арқылы маманның белгіленген уақытта қоңырауын күтіңіз.

– Дәрігерден кеңес алу үшін емханаға барудың қажеті жоқ. Дәрігер кеңесі науқас қай жерде болмасын, қашықтан қолжетімді. Сонымен қатар дәрігер дәрі-дәрмектерге рецепт жазып бере алады. Сырқаттама парақшаларын, зертханалық зерттеулердің, тексерулердің нәтижелерін де айтып береді. Сырқаттар мен жарақаттарды диагностикалау, емдеу, медициналық оңалту және алдын алу, зерттеулер мен бағалау үшін медициналық қызметтер сандық технологиялар арқылы қашықтан ұсынылады. Яғни, осы қызметтерді алу үшін емханаға келудің қажеті жоқ» дейді «ӘМСҚ» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнагүл Дәулетшина.

Учаскелік дәрігердің қашықтан кеңес беруі алғашқы медициналық-санитарлық көмек беретін медициналық ұйымдардың, яғни, емханалардың жан басына шаққандағы норматив төлемі шеңберінде ТМККК тізбесіне енеді. Ал салалық мамандардың консультациялары мен нақты көрсетілген қызметтері, яғни ТМККК бойынша қызмет көрсетілетін созылмалы, әлеуметтік мәні бар және инфекциялық аурулардан басқасы МӘМС пакетіне кіреді. Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар Медициналық сақтандыру қорының Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы көмекке жүгіне алады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button