Қала мен Сала

Инвестиция көлемі өсуде

«Astana Invest» – ең алғашқы өңірлік ұйым. ­Инвесторларды тарту, арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға жәрдемдесу және елордада туризмді дамыту мақсатында құрылған компанияда атқарып жатқан жұмыстар туралы қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында «Astana Invest» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Исатай Адресов баяндады.

Басқарма төрағасының орынбасары айтқандай, Астана қаласы бойынша негізгі капиталға инвестициялар соңғы 3 жылда 3,8 трлн теңгені құрады. 2022 жылы бас қаланың негізгі капиталға инвестициялар көлемі рекордтық көрсеткіш – 1,4 трлн теңгеге жетті. Нақты көлем индексі – 112,7%, ол жергілікті компаниялардың негізгі капиталға инвестициялары есебінен өсіп отыр. ҚР негізгі капиталына инвестициялардың жалпы көлеміндегі Астананың үлес салмағы 9,6% құрайды.

– Тікелей шетелдік ин­вестиция өсіп келеді. Соңғы үш жылда Астана қаласына 2,4 млрд АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылды. 2022 жылдың тоғыз айындағы жағдай бойынша ТШИ көлемі 740,9 млн АҚШ долларын құрады, яғни 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім – 7%, – деді И.Адресов.

Жалпы, «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларды тарту және институционалдық қолдау, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын, арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға жәрдемдесу және елордада туризмді дамыту мақсатында құрылды. «Astana Invest» мәртебесі Астана қаласы әкімінің 2019 жылғы сәуіріндегі өкімімен аймақтық ұйымның алдында бекітілген.

– Біздің компания инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары бойынша консультативтік көмек көрсету, оның ішінде концессиялық және МЖӘ жобалары, инвестициялық жобаны іске асыру үшін жер учаскесін таңдауға жәрдемдесу, арнайы экономикалық аймақтар, туризмді дамыту қызметін көрсетеді. Компаниядағы 150 жобаның жалпы инвестиция көлемі 1053,61 млрд теңгені құрайды. Осы жобалардың арқасында қалада 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, – деді басқарма төрағасының орынбасары.

Компанияның жобалық пулындағы ең көп инвестицияланған салалар білім беру – 45 жоба, инвестиция көлемі – 117,88 млрд теңге; өнеркәсіп – 33 жоба, инвестиция көлемі – 109,06 млрд теңге; логистика – 33 жоба, инвестиция көлемі – 131,93 млрд теңге; спорт нысандары және т. б. – 17 жоба, инвестиция көлемі – 15,39 млрд теңге.

– Компаниямыз жүзеге асыр­ған ең ірі жобалар: «Alpamys School», «CA Garden Schools», «Tamos Space School» ЖШС-лары және «Нұрлы-Астана» КҚ. Атап айтсақ, «Alpamys School» ЖШС – балабақшасы бар жеке мектеп, инвестиция көлемі – 5,7 млрд теңге. «CA Garden Schools» ЖШС – жекеменшік жалпы білім беру мектебі, инвестиция көлемі – 4,5 млрд теңге. «Tamos Space School» ЖШС – жеке мектеп, инвестиция көлемі – 3,5 млрд теңге. «Нұрлы-Астана» КҚ – орта мектеп, инвестиция көлемі – 3,3 млрд теңге. Сондай-ақ, «ADD Sport Astana» ЖШС – көпсалалы спорт кешені, инвестиция көлемі – 2,8 млрд теңге, – деді «Astana Invest» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары.

2023 жылы 93,64 млрд теңгені құрайтын 19 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олардың қатарында «ОРПТ» АҚ – заманауи логистикалық кешен; «Rainbow Logistics» ЖШС – логистика паркі; «Еркетай» ЖШС – бала­бақшасы бар жеке мектеп; «International Education Council» ЖШС – жеке мектеп; «Spectrum» ЖШС – халық­аралық мектеп-балабақшасы бар.

Қалада инвестициялық келісімшарт бойынша инвесторларды мемлекеттік қолдаудың бірқатар шарасы қарастырылған, мысалы: жер, ғимараттар және жабдықтар түріндегі заттай гранттар; салық жеңілдіктері: шикізат пен жабдық импортына ҚҚС, КТС, жер салығы, мүлік салығы = 0%; кедендік жеңілдіктер: жабдықты және шикізатты әкелу үшін 5 жылға дейін кедендік баж салығы 0%; қажетті инфрақұрылымды жеткізу; квотадан тыс шетелдік жұмыс күшін тарту қарастырылған. «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін компания инвесторлардың барлық мәселесі бойынша тегін кеңес береді, сонымен қатар іске қосылғанға дейін инвестиция жобаларын жүзеге асыруға көмектеседі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button