Қоғам

Қарбыз – бүйректің, қауын – жүректің емі

Өмірбек БАЙГЕЛДІ,
Мемлекет және қоғам қайраткері:

ҚАРБЫЗ – БҮЙРЕКТІҢ, ҚАУЫН– ЖҮРЕКТІҢ ЕМІ

             Бүгінде Астана – елдің бас ордасы.  Бұрын облыс көлеміндегі алақандай ғана қала еді, қазір  көлемі өсіп,  жан-жақтан топтасып, қарақорым халық жиналды. Осы шаһардың тыныс-тіршілігін «Астана ақшамы» газетінен бағдарлап отырамын. Басылымда жарық көріп жатқан көп дүниелерге көңілім толады.

         Жақында газет бетінен «Қауын – қарбыздан қауіп бар ма?» деген шағын мақала басылды. (№89, 28.07.2018. Н.Кәкіштегі. Ө.Б.) Суретімен бірінші бетке берілді. Осы мақала маған ой салды.

         Бұл  жерде бұрын жеміс-жидек көп өспеген. Жергілікті жұрт та оны жеуге онша бейім болмаған. Қазір елімізге сырттан жеміс-жидектің неше түрі келеді. Соның бәрін керемет деуге де болмайды. Оларды басты тағамымыз ретінде дәріптеу де көңіліме қонбайды. Мәселен, шеттен келген алмаларға тісіңіз батпайды, тас секілді. Бағалары да удай. Мұның бәрі –бәсекенің жоқтығынан. Негізінен, сырттан жеміс-жидектер әкелетін кәсіпкерлер көп болу қажет.  Сол кезде баға да реттеледі. Мысалы, көкөніс өнімдерін тасымалдау лицензиясын бір адам меншіктеп алады. Ол содан монополистке айналады. Қандай баға  қоям десе өзі шешеді. Біз мұнымен  нарықтық қатынасты жуытып емес, қуалап отырмыз. Қазіргідей жеміс -жидек уылжып пісетін жаз айында оның бағасы аспандап тұрғаны жақсы емес.

         Осы кезде  халқымыздың «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөзі ойыма түсті. Қазақ жерінде ертеден өсіп-өнген бір жеміс бар. Ол –  қауын-қарбыз. Оңтүстік өлкесі  «қарбызды» дарбыз деп айтады. Бұл жемістің тарихы тереңде жатыр. Кейбір зерттеушілер оны Мысыр елінен өнген дейді. Бәрі де мүмкін. Менің ойымша, қауын мен қарбыз Орта Азиядан шыққан секілді көрінеді. Бір есті әңгімеге жүгінейік. Шыңғыс хан бойдан қуат кетіп, күні еңкейе бастағаннан кейін «ғұмырымды қалай ұзартамын» деп көп ойға берілген. Сонда оған қасында жүрген серіктері «Қытайда ғұлама емшілер бар. Солар адамның жасын 400 жылға дейін созады екен» деген лақап сөз айтады. Содан қаһарлы  хан Қытай патшасына үш рет хат жазады. Қытай патшасы өз елінде аты шыққан ғұлама діндарға барып, ханның хатын оқып береді. Ол болса «Оның не сұрап отырғанын білемін. Менің жасым келді, жол алыс, сапарды көтере алмаймын» деп бас тартады. Бірақ Қытай патшасы ақыры ғұламаны көндіреді. «Шыңғыс хан дін өкілдері мен шеберлерге тиіспейді.  Аман-есен барып қайтыңыз» деп ұзақ жолға шығарып салады. Содан әйгілі емші жанындағы хатшыларымен біздің жерімізге келіп ат шалдырады.  Ғұламаның хатшылары  жолда көргендерін  хатқа түсіріп отырған. Сонда олар «Орта Азия территориясына кіргеннен кейін ол жердегі халықтың  жейтін асы бөлек, кішкене үйрене алмадық. Бірақ олардан дәмі тіл үйірер қауын-қарбыз деп аталатын жеміс жедік. Мұндай тәтті жемісті бұрын жеп көрген емеспіз. Біз соның арқасында аман қалдық» деп жазған. Содан бұлар өздерімен осы  жемістің дәндерін алып кеткен. Сөйтіп, Қытайға қауын- қарбыз бізден барған екен. Енді тағы бір мысал. Еділдің жағасындағы Астрахань  қаласы кезінде қазақ жұртының орталығы саналды. Орыс патшалары біздің қауын-қарбызды сол жерден алдыртып жеп отырған.

         Бұларды неге айтып отырмын? Яғни, қауын-қарбыздың адам денсаулығына пайдасы зор. Бүкіл ағзаны тазалайды.  Бауырды тазалап, ішкі құрылыстың жұмысын ретке келтіреді. Қарбызды үш ай жеген адамның ағзасы тазарып, бір жыл бойы құр аттай шауып жүреді.Түрікменстанда бүйрек ауруларын емдейтін демалыс орны бар. Сонда олар науқастарды тек қарбызбен емдейді. Қазір бананды мақтайды, оның құрамында калий бар, ол жүрекке күш береді деп.  Ал қауынның құрамындағы калийдің құрамы одан үш есе көп. Жүрегі ауыратын жандар оны жесе сырқатынан айығады.
Жоғарыда айтқан  мақалада Қоғамдық ден­сау­лық сақтау департаменті тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің маманы жыл басынан бері көкөністер құрамындағы нитраттардың бар-жоғын анықтау үшін 1381 зерттеу жүргізген екен. Соның ішіндегі отыз төрті  қауын мен қарбызды тексеруге бағытталған. Нәтижесінде, тиісті деңгейден мөлшердегі нитраттар бойынша 5 дерек тіркелген. Бұл басқа көкөністерден де табылған. Бірақ осыған бола еш үрей  тудырмаған жөн. Мамандар барлық көкөніске тексеруді мұқият жүргізген дұрыс.  Қазір көп жеміске тыңайтқыш қосады. Қияр да, қызанақ та солай өседі. Сондықтан қауын мен қарбыз жеу әлі ерте деп жұрттың зәресін алмаған жөн. Соның кесірінен қаншама өнім босқа шіриді. Одан елдегі шаруалар азап шегеді. Адал еңбекке қастық жасаған секілді боламыз.  Біздің бала күніміз соғыс уақытына тап келді. Бүгінгідей молшылық жоқ. Үш мезгіл қауын-қарбыз жеп, тамағымыз тоқ болып жүретін.

Қазір шет мемлеткеттерге жолым жиі түседі. Сонда байқағаным, ондағы дәріханаларда біздегідей қырғын кезек жоқ, бір-екі жанды ғана көзіңіз шалады. Бізде жұрт вагондап  дәрі ішеді.  Тұрғындар ақшаны тамаққа емес дәріге көп жұмсайды. Сонда бізді не ауру әкетіп бара жатыр? Құнарлы ас пен таза су ішсек, бұдан айығуға болады. Бастысы, отандық жеміс-жидектерді көп тұтынуды ел арасына насихаттау қажет.

 

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button