Қоғам

Бала туған сайын баспананы кеңейту қажет

 Ләйлі ҚҰНДАҚБАЕВА,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты:

БАЛА ТУҒАН САЙЫН БАСПАНАНЫ КЕҢЕЙТУ ҚАЖЕТ БОЛАДЫ

 «Астана ақшамы» газетінің 11 тамыз күнгі нөмірінде жарық көрген «Қазақ демографиясы қазақ әйелдерінің жанкештілігі арқасында ғана өсіп отыр» («Астана ақшамы» №95, 11.08.2018. Нәзира Байырбек) атты мақала көбімізді елең еткізені рас. Онда автор көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың аздығын, жәрдемақының төмендігін нақты мысалдармен келтіріпті. Айтылған ойды қолдай отырып, замандастарымды көбірек бала сүюге ынталандыру үшін нәтиже беретін нақты жеңілдіктер енгізілуі керек деген өз ұсынысымды білдіруді жөн көрдім.

Елбасымыздың тапсырмасымен іске қосылған «7-20-25» бағдарламасы республикамыздың ресми кірісі бар әрбір жұмыс істейтін азаматына 20 пайыздан аспайтын мөлшерде бастапқы жарнамен 25 жылға дейінгі мерзімге, 7 пайыз үстемемен ипотека рәсімдеуге мүмкіндік ұсынып отыр. Әлбетте, бұл баспанасыз жүрген көптеген жас отбасылар үшін, әсіресе, ірі қалаларда қаншама жылдар бойы пәтер жалдап жүрген баспанасыз азаматтар үшін – үлкен мүмкіндік. Әр банктің бағдарламамен үй алуға үміткер жандардың жалақы сомасын отбасындағы әрбір жан басына есептейтіні және алынған ипотекалық қарызды қанша жылға алатынына орай пайыздық үстемесін де есептеп беретіні бесенеден белгілі. Дегенмен, құжаттары банк комиссиясынан өтіп, үйлі болған отбасылардың ұзақ мерзімге (25 жылға дейін) қарыз алғандығынан, отбасындағы бала санын арттыруға деген ынта-ниетінің де шорт «қысқарып» қалары айдан анық. Осы орайда, бағдарламаны жүзеге асырушы банктер өз қағида-­е­режелерін түзуде халыққа ыңғайлы болатын, соның ішінде, халық санының өсіміне кедергі келтірмейтіндей шарттарды енгізсе деген тілегіміз де жоқ емес. Мысалы, 25 жылға берілген несиенің пайыздық мөлшерлемесін сол несиені алған отбасында бала дүниеге келген жағдайда белгілі бір мөлшерде қысқартып отырса құба-құп. Сондай-ақ, осы несие төлеу уақытының аралығында бір ғана бала емес, бірнеше бала дүниеге келетін отбасылар да болады, сондай жағдайларда әр бала дүниеге келген сайын, сол отбасының несиелік шарты қайта қаралып, пайыздық үстеме мөлшері де қысқарып отырса, қанекей! Мұны айтып отырған себебіміз, осы бағдарламаға дейін де қаншама мемлекеттік болсын, банктердің өздері ұсынатын ипотекалық бағдарламалар болсын, несие алушыларға ешқашан жасалған емес. Қанша бала сүйсе де, жылдар бойы алынған несиесінің пайыздық мөлшері өзгеріссіз, әдепкі көрсетілген сомамен (еш жеңілдіктер ұсынбастан) «тапжылмастан», «қатып» тұрады. Соның салдарынан, қазір мемлекеттік бағадарламамен алған бір бөлмелі үйде төрт-бес баламен қысылып тұрып жатқан отбасылар бар. Ал банк алдындағы қарызын он бес жылдан бері төлеп келеді.

Сөздің түйіні, отбасында бала туған сайын баспананы кеңейту қажет болады. Ал біз бала тууды ынталандырғымыз келсе, тұрғын үй бағдарламаларына халқымыздың демография­лық көрсеткішінің төмендеп кетпеуіне ықпал ететіндей, халық санын көбейтуге әйел-аналардың ынта-ықыласын арттыратындай пункттер енгізілуі қажет деп ойлаймыз. Бұл жанкешті тірлікпен жүріп қазақ демографиясын өсіріп жатқан қазақ әйелдері үшін үлкен мүмкіндік болар еді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button