Басты ақпарат

Каспийдің мәртебесі айқындалды

Каспий теңізіне қатысты барлық мәселе 1992 жылдан бері талқыланып келеді. Демалыс күні бес елдің президенттерінің қатысуымен өткен саммитте Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран 700-ден астам теңіз өсімдігі бар, мұнай мен газ кеніштеріне бай әлемдегі ең үлкен тұйық су қоймасының құқықтық мәртебесін қайтадан қарады.

Саммиттің күн тәртібі бо­йынша негізгі баяндама жасаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін өткен Каспий саммиттерінің рөліне ерекше тоқталып, олардың келіссөз үдерісіне қажетті саяси серпіліс әкелгенін және қайшы ұстанымдар бойынша келісімге қол жеткізілгенін айтты.
Елбасы Каспий өңірі тарихының бірегейлігін әрі мәдениеті­нің алуан түрлілігін, мұнда адам ресурстарының жеткілікті екенін және табиғи қордың молдығын, сонымен қатар, теңіздің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуының арқасында зор геосаяси маңызға ие болып отыр­ғанын атап өтті.
– Бүгінде Каспий маңы елдерінің әлеуеті зор және қарқынды дамып келе жатыр. Біздің елдеріміздегі тұрғындардың жалпы саны – 240 миллион. Осының бәрі Каспийге қатыс­ты мәселелер кешенін бірлесіп шешу қажеттігін туғызды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Конвенцияның Каспий теңізінің суын, түбін, қазба байлықтарын, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігін қоса алғанда, Каспийге қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін негізгі жан-жақты құжат болып саналатынын айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Каспий маңы елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды болдырмау, әскери қызметтер мәселелеріне айрықша назар аударды.


Нұрсұлтан Назарбаев Конвенцияға қатысушы елдер қызметтерінің негізін қалайтын қағидаттарға ерекше тоқталып, соның ішінде Каспий теңізі аймағын бейбітшілік, тату көршілік және достық өңіріне айналдыру қажеттігін, оны бейбіт мақсатта пайдаланып, елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу керектігін, сондай-ақ, Каспий теңізінде тараптарға қатысы жоқ қарулы күштер болмауға тиіс екенін айтты.
Мемлекет басшысы Конвенцияның Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік беретініне тоқталып, осы бағыттағы бірқатар қосымша шараларды атап өтті.
– Каспий теңізінің саяси тұрғыдан тұрақсыз аймаққа жақындығы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Каспий маңы мемлекеттерінің өзара тиімді әрі нақты іс-қимылдарды пысықтауды талап етеді. Осыған орай, әскери қызмет саласындағы сенім шаралары үшін бес жақты келісім жасауды ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялық ықпалдас­тықты одан әрі дамытып, энергетикалық және геологиялық барлау саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін Конвенция мен қол қойылатын құжаттардың мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалану қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы көлік-транзит қуатын арттыру үшін тариф саясатын жетілдіріп, Конвенцияға қатысушы елдердегі тасымалдау жағдайын жақсартуды ұсынды.
– Каспий теңізінің керемет экологиялық жүйесін сақтау үшін биологиялық ресурстарды заңсыз кәсіпке айналдыр­ғандарға қарсы күрес жүргізу жөнінде арнайы құжат қабылдау қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Нұрсұлтан Назар­баев Конвенцияға және бірқатар екі жақты құжаттарға қол қою Каспий маңы мемлекеттерінің достық қарым-қатынас­тарын көрсететінін, сондай-ақ бірлесіп тығыз ынтымақтастық орнатып, Каспий теңізіне ұқыптылықпен қарау керектігін айтты.
– Мен әріптестеріме – барлық елдің басшыларына, сондай-ақ Конвенцияны әзірлеген арнайы жұмыс тобына өте маңызды жұмыс атқарғаны үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздер болмасаңыздар бүгінгі жетістікке жетпес едік. Ақтау саммитінің қорытындылары арқылы Каспий теңізіндегі жан-жақты іс-қимылдарымыз­ды ілгерілетуге үлес қосылатын болады, – деді Нұрсұлтан ­Назарбаев.
Осылайша, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттеу жөніндегі көп жылғы жұмыс­тар қорытындыланды. Президент айтқандай, сауда, экономика, көлік және қауіпсіздік салаларына байланысты ма­ңызды келісімдерге қол қо­йылды. Көп жылғы сіңірген еңбектің шарықтау шегі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюмен аяқталды.
«Конвенция «Каспий теңізінің конституциясы» болып саналады. Мұнда теңіз жағасындағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне, сондай-ақ, өңірдің қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен өркендеуіне кепіл болуға қатысты барлық кешенді мәселелерді реттеу қарастырылған» деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, бесінші Каспий саммитінің қорытындысы бо­йынша маңызды жеті құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Кас­пий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция; Каспий теңізінде терроризмге қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама; Каспий теңізінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама; Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім; Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасында көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; Каспий теңізінде жанжалдың алдын алу туралы келісім және шекара ведомстволарының ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы хаттама бар.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button