Басты ақпарат

Киелі ме, сакралды ма?

Толғауы тоқсан қызыл тілдің құдіреті мен құпиясын қанша зерделесек те, бары мен жоғын, мүмкіндігі мен жасампаздығын егжей-тегжейлі жеткізу мүмкін емес. Соның бір көрінісімен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында бетпе-бет кездестік. Әңгіме бүгінде жүзеге асып жатқан жеті жобаның төртіншісі туралы болмақ. Мақаланың орысша нұсқасында жоба «Сакральная география Қазахстана» деп айдарланған екен. Біздің байқаумыз­ша, еңбек алғашқыда қазақша даярланып, кейінде тұпнұсқадан орыс тіліне аударылған тәрізді. Мұндағы «киелі» мен «сакральная» сөздерінің мән-мағынасы бірдей деуге келмейді.

«Киелі» ұғымымен қазақ менталитетінде аурасы ерекше жанды немесе жансыз нысанның әзірге ашылмаған тылсым сыры бар екені, оны құрметтеу қажеттілігі дәйектелген. Мәселен, аққу құс­ты киелі санағандықтан «Аққуды атпас болар» деген тұжырым әрбір қазақтың санасында берік қалыптасқан. Аққуға мылтық кезенгендердің қайғылы тағдырына қатысты аңыз-әңгімелер, шығармалар жүздеп, мыңдап саналады. Кейде жекелеген табиғат ескерткіштерін – Тамшыбұлақ бұлағын (Қапал ауылы), Отпан тау кешенін (Маңғыстау), Мұзтау тауын (Алтай), тіпті сырт келбетімен айы­рықша көрінетін жапандағы жал­ғыз ағашты да киелі санап, соңғы­сының бұтақтарына қызылды-жасылды шүберек байлап жататы­нымыз бар. Қысқасы, «киелі» сөзі әу баста адамдар өмірін­дегі мистикаға қолданылып, діни астардан ада болса керек. Тілдегі бірлік пен қарама-қайшылық заңын қазақ екі ауыз сөзбен – бірі – «өнер алды қызыл тіл», екіншісі – «басқа пәле тілден» деумен түйіндей алған.
Ал «сакральная» сөзінің түп-­төркіні тікелей дінге, діни ұғым-­түсінікке барып тіреледі. Латынның «sacralis», «sacer» сөзінен шыққан. Қазірде де еуропалық тілдердің бәрінде дерлік осы түбірсөз нұсқасында сақталып отыр. Басты функциясы дінге байланғандықтан ғалымдар оны рационалды немесе моралды (имани) жолмен игеру мүмкін емес категория деп қарас­тырады. Р.Отто есімді неміс ғалымы осыдан 100 жыл бұрын (1917) рационалды және иррационалды танымдардың синтезінен пайда болды, яғни «сакралды» дегеніміз – құдайдың құдіретін білдіретін белгі деп жазған екен. Қасиетті Құранда да өмірдің түрлі күрделі құбылыстары – мұхит суларының араласпайтыны, бір тамшы сұйықтан адамның жаратылатыны – алға тартылып, Құдайдың бар екенін түсіндіру үшін осылай еттік деген ғой.
Басқа да ғылыми тұжырымдар бар. Бәрі «сакралдының» өзегінде, мазмұнында, негізінде діни бағдар, ұстаным, құндылық басым екенін мойындайды.
Қазақ тіліндегі «киелі» сөзінде діни дүниетаным мүлде жоқ демейміз. Ол ішінара ғана танылады. Дегенмен тұтастай алсақ, бұл сөздің мағынасы, түсіндірмесі ақылмен қыр-сырына көз жетпейтін құбылыс дегенге саяды. Әйтпесе аққудың (түлкінің, киіктің…) киесінде қандай діни қайнарбұлақ болуы мүмкін? Ешқандай да! Әрі кетсе тотемизмнің сарқыншағы шығар.
Демек «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» сөзтіркесі орысша нұсқасындағы «сакральная география Казахстана» сөзтіркесіне мазмұн-мағыналық тұрғыдан да, аудармасы бойынша да сәйкес келмейді. Біріншіден, «киелі» терминін қолданумен «сакральная» ұғым-түсінігіндегі діннің үстемдігі, басымдығы, салтанаты екінші, мүмкін үшінші қатарға ығыстырылған. Екіншіден, әр терминнің арғы жағында тұтас әлем бар. Терминтанудағы жаңсақтық интеллектуалды ізденісті шатастырады. Ғылыми ақыл-ойдың дүниетанымдық, аксиологиялық, одонтология­лық, т.б. мүмкіндіктерін шектейді. Үшіншіден, «киелі» терминін қолдануды алға шығарумен біз құдайдың құдіретін ұғынуға жақындай түспейміз, фани мен бақидің, яғни екі дүниенің ара жігін, байланысын, қарым-қатынасын санамен, сезіммен, ғылыммен, тәжірибемен зерделеуден гөрі жарық дүниедегі барға басымдық беретін боламыз. Төртіншіден, жер дегеніміз география емес, география дегеніміз жер емес. «Сакральная» сөзі экономика, химия, физика, математика, агроном, астроном тәрізді аударуға жатпайды. Сол күйінде қалуы керек. «Сакралды» деумен «киеліге» қысым жасамаймыз, қайта тілдік қорымызды ұлғайтамыз, әр затты өз атымен атайтын боламыз.

 

«Сакралды» сөзі термин, категория деңгейінде қабылдау сакралды географияның мәнін, құрылымын, жүйесін дәлме-дәл анықтауға, келешекте одан әрі тереңдете түсуге мүмкіндік береді.

«Sacralis», «sacer» сөздері ежелгі Рим заманынан бері қолданымға енгенін, жүздеген жылдар бойы ғалымдар назарынан тыс қалмағанын ескерсек, бүгінгі анықтамалықтар мен энциклопедиялық басылымдарда тиянақталған сакралды, сакралды география анықтамасын сындарлы түсіністікпен қабылдасақ, әлемдік ғылым мен практиканың шегіне еніп, ешкімнен ұтыла қоймаспыз. Мұның сыртында бұл анықтамалар егіздің сыңарындай бір-біріне мейлінше ұқсас болғандықтан оларға арнайы тоқталуды жөн көрмедік.
Сонымен сакралдының мән-жайын түсіндік. Ал оған кіретін нысандарды қандай мәнді ұқсастығы мен айырмашылығына қарап топтастыра аламыз? Біздің ойымызша, сакралды география тізіміне кіретін нысанның төрт мәнді белгісі болуы шарт. Оның үшеуі діни құндылықтар эволюциясы мен динамикасына тәуелді, біреуі тарихи миссиясынан туындайды. Бірінші белгісі – діннің алғашқы формаларымен және мазмұнымен сәйкестігі немесе бірегейлігі. Мұндай нысандарға есте жоқ ерте заманнан жеткен анимизм, тотемизм, мистицизм, шаманизм құндылықтары негіз болады. Мәселен, бабалардың аруағына сыйыну, аруақты сыйлау, сын сағатында шақыру бірінші белгінің сыртқа шыққан классикалық көрінісі. Оның тамаша айғағына Қорқыт Ата есімімен байланысты жерлерді жатқызуға болады. Қазақтар Қорқыттың құдіретін ажалдан кашуымен, ажалды жақындатпаған қобызымен, қобыздың сарынымен байланыстырған. Тіпті XIX-XX ғасырлар тұлғасы Жамбыл: «пірім менің Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деген емес пе! Қазақстанның әр өңірінен бақсылар моласын кездестіруге болады. Шоқан бабалар рухын шақырушыларды «онгон» атаған. Ал әлемдік діндер (ислам, христиан, будда) жатарушыға серік қоспайды, ажалды құбыжыққа айналдырмаған, өлімнен кейін де өмір барын қуаттайды. Түйіп айтқанда, бірінші белгі бойынша топтастырылған сакралды нысандарды «киелі» деген атаумен айдарлауды ұсынамын.
Екінші белгі түркі-моңғол әлеміне ғана, оның ішінде қазақтарға да қатысы бар сакралды нысандарды қамтиды. Әңгіме тәңірілік сенім-­наныммен суғарылған мұралар туралы. Орхон жазулары тәңірі сөзімен басталып, оның мемлекеттік идеология биігіне көтерілгенін паш етеді. Екінші белгіге дөп келетін сакралды нысандарды өз алдына бөлек топтастыруды әрі «тәңірлік» анықтамасымен тізімдеуді ұсынамын.
Үшінші топ әлемдік діндердің ең үздік әрі әйгілі нысандарынан тұрады. Қазіргі Қазақстанда мешіттер, шіркеулер, ғибадатханалар баршылық. Бірақ солардың бәрін сакралды географияға жатқызу мүмкін емес. Бірінде дінбұзар арам молда отырса, екіншісі заңға немесе шариғатқа жатпайтын ісімен көзге түсті. Ғимараттары да ала-құла. Көбінің тарихы енді ғана басталуда. Уақыт сынынан әлі өте қойған жоқ. Қазақстандағы ең алғашқы діни нысанға Қазығұрт тауы жататыны күмәнсіз. Қазығұрттың басы Нұқ пайғамбардың кемесі қалған жер саналады. Ал Қазақ хандығы құрылған XV ғасырдан берідегі нысандардың маңдайалдысы, әрине, Қ.А.Яссауи кесенесі. Жалпы, әлемдік діндердің сакралды мұрасын анықтағанда білімпаз ғалымдардың қорытындысына сүйенгеннен артық жөн-жоралғы жоқ. Сакралды нысандардың осынау тобын «әулиелі» деп атауды ұсынамын. Әулие сөзі Алланың досы, дін жолынан ауытқымайтын жан дегенді білдіреді.
«Киелі», «тәңірлік», «әулиелі» сакралды нысандардың бәріне тән және бір қасиет олар өздеріне қатысты қоғамдық санада қалыптасқан ереже мен тәртіпті, дәстүр мен рәсімді біле тұра бұзғандарды, тіпті ұрпағын ертелі-кеш жазалай алатыны. Бір ғана мысал: Мәшһүр Жүсіптің кесенесін бұзған «белсенділердің» тағдыры кейінде өте аянышты аяқталды. Адамдар осынысынан қорқады, сол үшін сыйлайды, ұрпақтан ұрпаққа аманаттайды. Тарихи-мәдени ескерткіштерден айырмашылығы да осы. Ең бастысы – сакралды нысандардың адам тағдыры мен денсаулығына әсер етуші тылсым сыры ешқашан толықтай ашылмайтыны. Жаратушы мен діннің бұл да бір құдіреті шығар.
Сакралды география нысандарының төртінші тобын анықтайтын белгі тарихтағы рөліне қатысты. Бұл жерде басты көрсеткіштер – мемлекеттік тәуелсіздік, адамның құқығы мен бостандығы, ұлттық қауіпсіздік. Егер нысан тарихи үдерістің тұғыры – жерге, тілге, мемлекетке, тарихты түзушілер – халыққа, тұлғаға, билікке игі қызметімен, қоғамдық санада сақталып қалған оқиғамен, дерекпен, басқа да айғақпен дәлелденіп жатса, ресми мәртебеге ие болғаны жөн. Тарихты ұлықтаудың, сақтаудың, тарихпен тәрбиелеудің бір жолы – осы. Кейде түсінбестік, асығыстық та орын алып жатады. Мәселен Т.Г.Шевченконың Маңғыстау облысындағы кешені, Ф.М.Достоевскийдің Семей қаласындағы әдеби-мемориалды үйі Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары қатарына еніпті де, М.Әуезовтің Алматыдағы музей-үйі өңірлік қасиетті нысан мәртебесін иеленіпті. Алакөл, Қорғалжын, Көлсай көлдері несімен жалпыұлттық сакралдыға кіретінін түсінбедім. Қысқасы, сакралды нысандардың мемлекеттік тізімін әлі де пысықтай түсу қажет сияқты. Тылсым сырлы орындар тым көп болмауы керек.
Әзірге төртінші белгімен топтастырылған сакралды нысандарды «қасиетті» деген жинақтама атаумен айдарлауды ұсынамын. Қасиетті сакралды нысан тарихи-­мәдени ескерткіштер тәрізді өткен күндердің куәсі ғана емес. Ол Ұлы Даладағы тіршілік отын өшірмеген, қозғалыс пен ізденіске бәсекелік қабілет берген, «Мәңгілік Елді» идеядан практикаға айналдырған үздіксіз жаңғырудың бүгінге жеткен үлгісі, ескерткіші. Ұлттық кодымыздың ұясы.
Біз айтқан методологиялық пайымдар ақиқаттың соңғы нүктесін қоймайды. Әр елдің, әр халықтың өзіндік жолы, ерекшеліктері бар. Сакралды географияны солар анықтайды. Бұл – бір.
Екіншіден, ғасырға жуық уақыт бойы дінді апиын деумен құбы­жыққа айналдырған ортадағы Қазақстанда сакралды географиятану ғылыми қолданысқа айналмағаны рас. Ол енді ғана қалыптасуда. Қоғамдық-гуманитарлық ғылым иелері осы бағыттағы ізденістерін сындарлы үйлестіріп, ақиқатқа жеткізетін теориялық-методологиялық қағидаттарды дәл түзе алса, сөз бен істің арасындағы алшақтық жойылары, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауында паш етілген дамудың жаңа кезеңіне өтуге олжа саларымыз сөзсіз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button