Астана-20

Лебіздер легі

Ирек ЯЛАЛОВ, Уфа қаласының мэрі:

Біз Астанамен көп жылдар бойы ынтымақтастық қарым-­қатынас жасап келе­міз. Атап айтқанда, қала құ­рылысы, тұрғын үй-комму­налдық ша­руа­шылық, инфрақұрылымды дамыту, абат­тандыру және көгал­дан­дыру салаларында озық тәжірибемен алмасып отырамыз. Астанада маған ұнайтыны – қала басқарудағы және құрылыс саласындағы заманауи бетбұрыстар. Бұл жерде мегаполис­терді дамытудың алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибесі қолданылуда. Ең үлкен жетістік – осы. Егер нақтырақ айтар болсам, өз басым Астанадағы аса ауқымды LRT құрылысына қатты таң қалдым. Таңданған себебім, бұл жақтағы өте жағымсыз климаттық жағдайларда (қысы суық, жазы аптап) мұндай құрылысты жүргізу өте қиын. Біз де қазір Уфада қоғамдық көлікті дамыту мәселесін талқылап жатырмыз. Осы орайда жер үстімен жүретін жүрдек көлік көңілімізден шықты. Өйткені өзге емес, бірінші болып Астана мұндай жобаларды жүзеге асыруға болатынын дәлелдеп берді. Бізге үлгі көрсетті. Сіздердің тәжірибеден көп нәрсе үйренетінімізге сенемін. Әрине, қала құрылысындағы кез келген әлеуметтік жобаның бір артықшылығы, басымдығы болады. Менің ойымша, бұл жерге келген кісі әуелі сәулет өнеріне назар аударады. Менің ойымша, іс жүзінде Астанада еуразиялық сәулеттің Шығыстағы жаңа бет-бейнесі құрылуда. Бұл анық байқалып тұр. Астана жер бетіндегі басқа ешбір қалаға ұқсамайды. Өзінің бет-бейнесі, мінезі, түр-келбеті бар. Қазақ халқы үшін ең негізгі жетістік, табыс осы.

 

Сергей АНДРЕЕВ, Гомель қаласының вице-мэрі:

Ең басты айтарым, астаналық­тардың және қазақстандықтардың бізді құшағын айқара ашып, жылы қабылдағаны қуантты. Қазақтар аса қонақжай халық екенін өз кө­зім­мен көрдім. Маған Астананың құрылысы ерекше әсер қалдырды. Ғажайып ғимараттар, еңселі көшелер, әдемі гүлзарлар бас қаланы өзгелерден бөлек етіп, көрсетіп тұр. Екіншіден, біз өз әріптестеріміз – қала мэриясының өкілдерімен әңгімелестік. Сондағы байқағаным, әр қазақтың өн бойындағы оптимизмнің, күш-қуаттың зор екеніне таңдандым. Алдағы 10-12 жылда Астана екі есеге ұлғайып, халқының саны да өсе түсетінін естідім. Бұл да құрметпен қарауға лайық іс. Өйткені әр адамның бақытты, жайлы, алаңсыз өмір сүруі үшін барлық жағдайды туғызуға ұмтылып жатқан елді көрдім. Шынымды айтсам, бір жағынан астаналықтарға қызыға да, қызғана да қараймын. Өзімізге үлгі тұтарлық біраз нәрселерді қағазға жазып, көңілге түйіп алдым. Үшіншіден, қала мэрлері форумының өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, өткізілгенін атап айту ләзім. Тіпті, осындай басқосуды Астана тәжірибесінен үйреніп, Гомельде де өткізуді ойластыратын шығармыз.

 

Ринат МӘКЕНОВ, Бішкек қаласының 1-ші вице-мэрі:

Бұл Астанаға екінші рет келуім. Бұрынғы қала мен бүгінгі қаланың айырмасы жер мен көктей. Есілдің жағасындағы бас қала дамып-өркендеп, ажарлана түсіпті. Өзім муниципалитетте жұмыс істегендіктен, кәсіптік жағынан қарадым. Бірден көзге түсетін нәрсе, бұл жерде тас жолдар өте сапалы төселген. Жол айрықтары көп. Қала жасыл желекке оранып тұр. Көшелер мен гүлзарлар тап-таза, өте жинақы. Тағы бір айтатын нәрсе, Астанада стихиялық нүктелер жоқ. Бішкекте шешімін таппаған мәселе Астанада жоқ екенін көрдім. Себебі Бішкек – өте көне қала, ал Астана – жас қала. Бұл жерден жастықтың жалыны, оптимизмнің лебі есіп тұр. Соған қуандым.

 

Гао ГАО, Сиань (Қытай) қаласының вице-мэрі:

Қазіргі кезде жаңа Жібек жолы жөнінде көптеген идеялар айтылуда. Меніңше, ол тамаша тұжырым­дама. Өйткені болашақта Жібек жолының бойындағы елдер мен қалалардың бәрі ынтымақтастық, бірлік, ымырашылдық арқылы дамиды. Осы жобаның арқасында Қазақстан мен Қытайдың медицина, білім беру, туризм және өзге де маңызды салалардағы ынтымақтастығы артады. Жібек жолын жаңғыртуда Астана негізгі рөл ойнайды. Бүгінгі басқосудың өзі Еуразияның кіндігіндегі Қазақстан елордасының елдер мен ұлттар арасындағы жаңа диалогтың, әріптестіктің орталығына айналатынын дәлелдеп берді. Астана маған барлық жағынан да ұнайды.

Фуркат РАХИМОВ, Самарқан қаласының мэрі:

Бұл жолғы сапардан, форумнан алған әсерлерім ұшан-теңіз. 20 жыл бұрын салынған қала көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқанына куә болдым. Астананы бір көргеннен қатты ұнаттым. Оның себептері көп. Біріншіден, мұнда тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттарды, спорт нысандары мен оқу ордаларын салғанда жоғары технологиялар қолданылған. Халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін тамаша стадион, Экспо-қалашық, мәдениет сарайлары бой көтерген. Шынында да, астаналықтар мен туристер үшін барлық қолайлы жағдайлар туғызылған. Көрікті де шырайлы шаһардың барлық тұрғындарын 20 жылдық мерейтоймен құттықтаймын! Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, ашық аспан, мол табыс тілеймін! Астана жыл сайын түлеп, өсіп-өркендеп, халықтың бақыты үшін жасай берсін!

 Мукта ТИЛАК, Пуна (Үндістан) қаласының мэрі:

Астанаға бұрын-соңды келген емеспін. Бұл – алғашқы сапарым. Бұған дейін Қазақстанның елордасы жөнінде көп естідім. Шынымды айтсам, көзіммен көруді армандадым. Енді, міне, сол арманым орындалды. Астана жоғары қарқынмен өсіп келеді. Ол өзгелерге тамаша үлгі бола алады. Мысалы, Пуна – Үндістанның Махараштра штатындағы екінші үлкен қала. Ол еліміздің мәдени, рухани астанасы болып саналады. Үндістанда «ақылды» қала жобасына зор қызығу­шылық туғызып, енгізуді жоспарлап отыр. Осы форумның жұмысынан, нәтижесінен алған әсерлерімді, жаңалықтарымды өз еліме барған соң бөлісемін. «Ақылды» қала деген ұғым кейіннен пайда болды. Шынымды айтсам, смарт технологиялар туралы көбірек білгім келеді. Пунада автоматтандырылған веложол салынды. Осы жерде «ақылды» технология қолданылды. Екінші жағынан, біздің елдегі ең үлкен мәселе – қоршаған ортаны қорғау. Халық саны көп болғандықтан, оны шешу қиынға соғуда. Алайда Астананың осы бағыттағы үздік тәжірибесін үлгі етіп алуға дайынбыз.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button