Жаңалықтар

Мәскеудегі мерейлі сәт

Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңын­да Мәскеудегі халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі алаңында «Қазақстан» тарихи павильо­нының ресми ашылуы болды. Оған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Ресей үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Антон Силуанов және Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов қатысып, толы­ғымен жаңартылған павильонды аралап көрді.

Қазақстандық делегацияны бас­тап барған Асқар Мамин барлық жиналған қауымды ел Үкіметі атынан құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
– Мәскеу секілді бауырлас мем­лекеттің төрінде Астана қаласының 20 жылдығы аясындағы көрменің ашылуы – сыйластықтың нышаны. Ресей – Қазақстанның стра­­тегиялық серіктесі. Екі ел ара­­сындағы экономикалық қарым-қатынас серпінді дамуда және еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастық үдерісі күннен-күнге нығая түсуде. Бұл қатынас – екі мемлекет арасындағы қа­тынастың қалай дамуы керек­тігін көрсететін XXI ғасыр үлгісі, – деді ол.
Асқар Ұзақбайұлының айтуынша, елорданы дамытуға 50 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылған. Оның 80 пайызы жеке инвесторлардан түскен. Астана шағын және орта бизнестің символына айналды. Қала экономикасының елу па­йызын шағын және орта бизнес құрайды. Жиырма жылда Астана тұрғындары 1 миллион 200 мыңға жетіп, ірі мегаполиске айналды. Тұрғын үй құрылысы ірі қарқынмен жүргізіліп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жаңғыртылды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ресей президенті В.Путиннің Астананы «қазіргі әлемдегі ғажайыптардың бірі» деп бағалағандығын атап өтті. Өз кезегінде Ресей үкіме­ті төр­ағасының бірінші орынбасары Антон Силуанов бү­гінде Астананың ірі іскерлік орта­лығына айналғандығын айтты. Енді жаңа павильон еліміздің экономикалық әлеуеті мен бай тарихи мұрамызды таныс­тыру рәсімдері өтетін алаңға айналмақ. Сондай-ақ, Ресейдің бас қаласында елорданың 20 жылдығын мерекелеу аясында Астананың сәулеті мен құры­лысына арналған конференция ұйымдастырылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button