Астана-20

Достық додасы

«Global Silk Road» Жібек жолы бойындағы қала­лар мэрлерінің форумының қорытындысы іспеттес Астанада футболдан Жібек жолы кубогы өтті.

Жолдастық кездесуде мэрлер құрама командасы мен халық­аралық Ислам іскерлік қауым­дастығының құрама командасы кездесті. Жібек жолы кубогының ашылу салтанатында сөз сөйлеген елорда әкімі Әсет Исекешев жиналған команда мүшелеріне қошемет көрсетіп, сәттілік тіледі:
– Баршаңызды Астана қаласы­ның 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Жібек жолы бойындағы қалалар мэрлерінің форумы аясында көп­теген шаралар өтті. Ал бұл спорт мерекесі форумның әдемі қорытын­дысы деген ойдамын. Ойын сәтті өтсін. Баршаңызға жеңіс тілеймін!
Ойын алдында Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Мемлекеттік әнұраны тыңдалды. Ал Әсет Исекешевке Ислам іскерлік қауымдастығының құрама командасы атынан команда капитаны, танымал футбол жұлдызы Вагиз Хидиятуллин доп сыйлады. Бұл құрама сапында Руслан Нигматуллин, Андрей Канчельскис, Ринат Дасаев секілді футбол жұлдыздары доп тепті.
– Қала әкімдігінің ұйымдас­тыруымен Жібек жолы кубогы болып жатыр. Қос құрама жарысқа дайын. Мэрлер құрама команда­сы сапында елорда әкімдігінің қыз­меткерлері де ойнайды. Жалпы, әкім­дік қоғамдық спортты дамытуға көп көңіл бөлуде. Мұндай шараларға қала әкімі өзі бас болып, әкімдік қызметкерлері қашанда қолдау көрсетеді, – деді «Астана су арнасы» МКК бас директоры Зейнулқабден Табиғат.
Әр команда 20 ойыншыдан құрал­ды. Футболшылар 20 минуттан тұратын екі тайм ойнады, арасында 5 минут демалыс берілді. Ал ойыншы алмастыру еркін түрде жүрді. Жолдастық кездесудің аты затына сай болып, ойын тең аяқталды. Есеп – 2:2. Қос құрама мүшелеріне бүгінгі футбол мерекесінен естелік ретінде сыйлықтар берілді.

Бексаттар САТТАР

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button