Астана-20

Ұлттық ойын ұлықталды

Астананың 20 жылдық мерейтойына орай «Elorda aqparat» медиакомпаниясы мен республикалық Тоғыз­құмалақ федерациясының ұйымдастыруымен ақын-жазушылар, журналистер арасында ұлттық ойын – тоғызқұмалақтан ашық республикалық турнир өтті.

Турнирде Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген спортшылар бақ сынады. Жарыстың ашылу салтанатына Дүниежүзілік және республикалық тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы Әли­хан Байменов, «Elorda aqparat» медиакомпаниясының директоры Қайсар Жұмабайұлы, астаналық Тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев, «ҚР Ұлттық архиві» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Жангелді Махашов, «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық ор­талығы» мекемесінің басшысы Асылхан Садуов қатысып, жарысқа қатысушылар мен жанкүйер қауымды елорда мерекесімен құттықтап, сәттілік тіледі.
– Өшкеніміз жаңғырып, үзілгеніміз қайта жалғанған ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақ соңғы жылдары жоғары қарқынмен дамып келеді. Англия, Франция, Чехия мемлекеттерінің зияткерлік ойындарының фестиваль бағдарла­масына енгізілді. Қазіргі таңда әлем бойынша бұл ойынмен шұғыл­данушылардың қатары 200 мыңға жақындады. Бүгінде әлемнің көп­теген елдерінде тоғызқұмалақтан халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстар өткізіліп тұрады. Оған қазақ халқы ғана емес, шетелдердегі жергілікті жұртшылық та белсенді қатысады. Жалпы, тоғызқұмалақ – жеңісі бар да, жеңілісі жоқ ойын. Өйткені қарсыластан ұтылсаңыз да мейлі, бастысы ұлттық ойынның мерейі көтеріледі, – деген Әлихан Байменов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Айтыскер ақын Нұрқанат Қайрат ұлттық құнды­лықтарымызды ұлықтаған шараға арнау айтты.
Жарысқа халықаралық дәрежедегі төреші Ернұр Мерешов төрелік жасады. Айта кету керек, турнир аясында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйытқы болуымен «Тіл – қазына» атты арнайы шара ұйымдастырылды. Онда ана тіліміз бен ел тарихына қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап берген қатысушыларға сыйлықтар табыс­талды. Сайыс барысында ән мен күй әуелеп, жырдан шашу шашылды.
Ал тоғызқұмалақ турнирі қоры­тындысында «Мінбер» интернет басылымының тілшісі, алматылық Бақытжан Қадылбек І орынды қанжығаласа, астаналық журналист Олжас Сүлейменов екінші орынға, Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің маманы Ғабит Сапарбек үшінші орынға табан тіреді. Сонымен қатар бір топ қатысушыға ынталандыру сыйлығы берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button