Басты ақпаратЖаңалықтар

МӘСКЕУДЕ АСТАНАНЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ БАСТАЛДЫ

dsc_5653

Тәуелсіздігіміздің  25 жылдығы мерекесіне орай бүгін Ресейдің бас қаласы Мәскеуде Астананың мәдени күндері басталды. Онда  қала тұрғындары екі күн бойы халқымыздың бай мұрасымен танысып, ұлттық өнердің тұнығынан сусындайды. Салтанатты шараға Астана әкімі Әсет Исекешев бастаған лауазымды тұлғалар мен еліміздің абыройын асырып жүрген өнер саңлақтары келді.

Жалпы, екі елдің бас қаласы арасындағы байланыс осы ғасырдан басынан бастау алады. Содан бері екі елорданың достығына ешқашан қылау түскен жоқ. Қайта жыл өткен сайын тамыры тереңдеп, керегесі кеңейіп келеді. Ауқымды  шараның ашылуына Астана әкімі Әсет Исекешев пен Мәскеу қаласының Сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің жетекшісі Сергей Черемин қатысып, орталық ірі көрме алаңында ежелгі көшпенділер дәуірінің болмысы мен келбетін көркемдеген қазақ ауылын аралап көрді. Онда ұлтымыздың ұлы тарихынан сыр шертетін  «Ақ Орда», «Аңшының үйі», «Шеберлердің киіз үйі», «Қолөнершілер шеберханасы» деп аталатын сегіз ақ боз үй тігілді. Олардың барлығы да ұлттық ою-өрнекпен бедерленген. Бабаларымыз пайдаланған ғажайып дүниелер ешкімді де бей-жай қалдырмады. Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі де жұртшылыққа ұсынылды. Мәскеуліктер қазақтың киіз үйін өз қолдарымен құрып, мәре-сәре күйге кенелді. Тұрғындар алтыбақан теуіп, әдемі әсерге бөленді. Ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Қымыз бен шұбаттан дәм татты. Этно-фольклорлық ұжымдардың өнерпаздары әуезді әнімен, күмбірлеген күйімен жиналғандарды тәнті ете білді. Қолынан бал тамған шеберлер түрлі бұйымдар жасады. Қолөнершілер жүн мен саздан түрлі ұлттық нақыштағы әшкейлер дайындады. Шеберлік сыныптарын өткізді.

dsc_5495

Сондай-ақ, этноауыл аумағында еңселі, апппақ жұмыртқадай, анадайдан көз тартып тұратын «ЭКСПО-2017» павильоны ашылды.

dsc_5210

– Бүгін Ресейдің бас қаласы Мәскеуде Астананың мәдени күндері қанат жайды. Шара аясында бірнеше жобалар жоспарланды. Орталық көрме алаңында Қазақ ауылы бой көтерді. Ресейліктер осы көрме арқылы халқымыздың бай дәстүрімен танысады.  Мемлекеттік Кремль сарайының сахнасында гала-концерт өтеді. «Космос» киноконцерт залында  ресейліктер соңғы жылдары түсірілген қазақстандық режиссерлердің  «Жаужүрек мың бала» және «Аманат» фильмдерін тамашалайды.  Суретшілердің көрмесі ұйымдастырылады. Осындай ауқымды шараға  төрт жүзден астам өнерпаздар қатысуда, – деді Астана қалалық Мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

Айта кетейік, кешкілік Мемлекеттік Кремль сарайының сахнасында өтетін гала-концертке өнер тарландары Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Айман Мұсақожаева және Майра Мұхамедқызы қатысады.

         Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button