Мәдениет

ӘЗІЛКЕШТЕРДІҢ ЖАҢА ӘЛЕМІ

img_9131-2

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында үш күн бойы «Көңілді тапқырлар алаңы» атты әзілкештер арасында Қазақстан чемпионатының іріктеу са­йыстары өтті. Оған еліміздің облыстары мен қалаларынан 12 команда қатысты. Жоба жетекшісі, белгілі шоумен, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Қабатовтың айтуынша, жеңімпаздар жыл соңында анықталады. Іріктеу сайыс­тарында кіші кубокты көп алған командалар финалда топқа түседі. Соған сәйкес үздік шыққандар «Алтын», «Күміс» және «Қола» кубоктарды иеленеді. Жыл ойын­шысы да осы үлгімен таңдалады.

ШЕКТЕУЛІ ТАҚЫРЫПТАР АЯСЫНАН ШЫҒАДЫ

«Көңілді тапқырлар алаңы» мен «Жайдарман» ойындары арасында қандай айырмашылық бар немесе жаңа жобаның алдындағысынан ерекшеліктері қандай деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сауалды Тұрсынбектің өзіне қойдық.
«Жайдарманды» үлкен мектеп, үлкен университет, үлкен академия деп айтсақ та болады. Бұл – жас командаларға ар­­нал­ған жоба. Ал біз осы «мектептен» түлеп ұшқан командаларды әрі қарай сахнада қалдыру үшін жобамызды бастадық. Мысалы, Ресейде Александр Масляков жетекшілік ететін «КВН» жас айырмашылығына бөлінбейді. Онда команда мүшелері 30-40 жасқа жетсе де ойнай береді. Біздің жоба да осы дәстүрді жалғастыру мақсатында қолға алынды. Алдағы уақытта жас командаларды дайындайтын боламыз деп шешіп те қойдық. Негізі әр салада бәсекелестік керек. Сон­да даму болады» дейді Тұрсынбек Қабатов.
Шоуменнің сөзінше, «Көңілді тапқыр­лар алаңының» ұста­натын бағыты да өзгеше. «Кейінгі кезде сахнадан өткір, тіліп түсетін әзілдер айтылмай кетті. Бізге де көрермендер «Ресейдегі «Камеди клаб», «КВН» жобаларында кездесетін әзілдерді неге айтпайсыңдар? Оларды кө­ріп отырғанда, кәдімгідей демалып қаласың. Ал сіздер белгілі бір шектеулі тақырыптардың аясынан шықпайсыздар» деген сөздерді айтып жатады. Сосын біз ойлана бастадық. Екінші жағынан, маған бұрын сахнадан көрінген, бірақ кейіннен алыстаған әзілкештерден құралған командалар шықты. Олар «Сахнаны сағындық. Өзіңіз «КВН-нен» шықтыңыз ғой, бұрынғы командалардың басын қосып, неге бір лига құрмаймыз?» деген ұсыныс тастады. Содан «Көңілді тапқырлар алаңы» атты жоба пайда болды. Жазда Астана күні мерекесі тойланғанда бұл жобаның тұсауы кесілді. Содан кейінгі ойындар қазір жалғасып жатыр» дейді Т. Қабатов.
Оның айтуынша, жаңа жоба арқылы көрермен өздеріне бұрыннан таныс командалармен қайта қауы­шып отыр. Яғни, осыдан 15 жыл бұрын танылған командалар сахнада қайтадан табысты. Командалардың географиясы да әралуан. «Көңілді тапқырлар алаңына» еліміздің шығысы мен батысынан, оңтүстігі мен солтүстігінен, орталық Қазақ­станнан командалар жиналды. Жыл соңына дейін де 12 ойын өткізу жоспарланған. Оларға баға беретін қазылар алқасының құрамы да өзгеріп отырады. Қазыларға Астана қаласы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Болат Мажағұлов басшылық етеді.

Көңілді тапқыр­лар алаңының» ұстанатын бағыты да өзгеше. Кейінгі кезде сахнадан өткір, тіліп түсетін әзілдер айтылмай кетті. Ресейдегі «Камеди клаб», «КВН» жобаларында кездесетін әзілдерді неге айтпасқа? Оларды кө­ріп отырғанда, кәдімгідей демалып қаласың.

«КАЗАХИ» МӘСКЕУЛІКТЕРДІҢ КӨҢІЛІН КӨТЕРЕДІ
Келесі аптада Мәскеуде Астананың мәдени күндері өтетінін айта кетейік. Елордадан мұнаралы қалаға аттанатын өнерпаздар құрамында да Тұрсынбек Қабатов бар. «Ресей астанасына Мәскеу сахнасын көрген Малик, Санат, Құмар, Гүлнәр, Нұрдәулет және өзімді қосқанда, «Казахи» деп аталатын команда барады» дейді бұл жөнінде белгілі шоумен.
«Бүгінгі көрерменге қандай әзіл керек?» Әзілкештерге керек сұрақты Тұр­­­сынбекке қойдық. «Шыны керек, қазір әзілдің бағыты өзгеріп бара жатыр. Әзілкештер жастарға тәрбие беретін, қандай ән тыңдау керек, қалай жүріп-тұру керек төңірегінде ойлануы тиіс. Ко­мандаларға да осы бағытта әзілдеңдер деп үнемі айтып отырамын. Астарлы, мағыналы, халыққа керек әзілдерге қарай ойын­шыларды бұруға тырысамын» дейді ол.
Шоуменнің сөзінше, Қырғыз­станда да, Өзбекстанда да оның бағ­дарламасынан алынған әзілдерді орындайтын әртістер пайда болыпты. Ал өзі өзге елдердің әзілдерін қол­данбайды екен. «Қазақтың мінезі қандай, ұлтқа не жетіспей жатыр – көбінесе осы мәселелердің төңірегінде бас қатырамын. Негізінен, әзілдерімнің 95 пайызын өзім жазамын» деген Тұрсынбек Баянды Сахария, Руслан Нұрланов сынды әзілқойлармен жұмыс істей­тінін де айтты.
Тұрсынбек Қабатов жетек­шілік ететін Астанадағы «Көңіл­ді тап­қырлар театры» 28 қыр­күйек күні Конгресс-холда Тәуел­сіздіктің 25 жылдығына арнап концерт өткізеді. Театр жетекшісінің айтуынша, өнер ұжымы қазіргі таңда бағыты мен стилін өзгертіп жатыр. Оның нәтижесін көрермен жақында өтетін концертте көрмек.

«Көңілді тапқырлар алаңына» еліміздің шығысы мен батысынан, оңтүстігі мен солтүстігінен, орталық Қазақ­станнан командалар жиналды. Жыл соңына дейін де 12 ойын өткізу жоспарланған. Оларға баға беретін қазылар алқасының құрамы да өзгеріп отырады. Қазыларға Астана қаласы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Болат Мажағұлов басшылық етеді.

«АСТАНА МАҒАН БӘРІН БЕРДІ»
Тұрсынбектің жұртқа таны­малдылығы Астанаға келген соң артты. Жалпы Астана оған не берді? Осы сұраққа өзі жауап берсін. «Астана елорда тұрғындарына ғана емес, Қазақстанды мекендеген барша халыққа көп нәрсе беріп жатыр. Астанада небір-небір өнер ошақтары ашылып, халықтың игілігіне жұмыс істеуде. Олардың арасында біздің ұжым да бар. Әрине, елордаға алғаш келгенде, баспана жағынан, дайындық жасайтын сахна жағынан біраз қиналдық. Ал қазір жағдай жақсы жағына өзгерді. Астана – маған ыстық. Өйткені бас шаһар маған бәрін берді. Осында оқу бітірдім. Мені Тұрсынбек Қабатов қылып, тамаша театр ашып берген де Астана. Енді «Көңілді тапқырлар алаңы» сияқты жобаны қолға алуға мүмкіндік беріп отыр. Астанадан отбасымды таптым. Астана күннен-күнге өркендеп, дамудың даңғыл жолына түсті. Елордамен бірге біз сияқты тұрғындары да өсіп, үйлі-күйлі болып, жағдайын жақсартып келеді. Бұл – бәріміз үшін қуаныш» дейді Тұрсынбек Қабатов.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button