Денсаулық

Медицина мамандары неге тапшы?

Кадр тұрақтылығын сақтау қай салада да маңызды. Әсіресе ол елдің денсаулығына жауапты мамандарға байланысты болса екі есе өзекті. Осы орайда қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы елордада медицина мамандарын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы ақпаратпен бөлісті.

Медициналық кадрлардың тапшылығын жою мәселесі басқарманың тұрақты бақылауында. Басқарманың баспасөз қызметі берген мәліметтерге қарағанда, бүгінде елордада мемлекеттік денсаулық сақтау секторында 12108 адам еңбек етеді. Оның 3,5 мыңы – дәрігер, қалғаны – орта медициналық қызметкер және кіші персонал. Осы қызметкерлердің қатарын жыл сайын толықтырып отыру үшін оқу орындарына бөлінетін гранттар санын арттыру керек. Жергілікті бюджеттен 2020 жылы 243 грант бөлініп, оның ішінде 2022 жылы 151 жас маман, 2023 жылы 92 жас маман оқуын аяқтаған. 2022-2023 жылдарға 19 мамандық бойынша 128 орынға грант бөлінген, 2023-2026 жылдарға Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 131 грант бөлу туралы өтінім берді.

– Мамандарды салада тұрақтандыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі – тұрғын үй мәселесі, яғни медицина мамандарын баспанамен қамтамасыз етуге жағдай жасау. Астана қаласының әкімдігі жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй және тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар үшін «Шаңырақ» бағдарламаларын іске асыруда. Елорда жастарын тұрғын үймен қамтамасыз етудің қосымша құралы ретінде «Елорда жастары» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бекітілді, – дейді басқарма басшысының орынбасары Берік Қайкенов.

Сондай-ақ білікті кадрларды тарту мақсатында әкімдік медицина қызметкерлеріне арналған 1 жатақхана салу бойынша жұмыс жүргізуде, яғни Алматы ауданы аумағындағы Астана-Қарағанды тасжолының бойында денсаулық сақтау қызметкерлеріне арналған жатақхана салу көзделіп отыр. Сонымен қатар медициналық ұйымдарда қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік қолдау шаралары қабылдануда, мысалы: тұрғын үйді жалға алудың ішінара төлемі және 2 базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде бонустық төлем, қоғамдық көлікте жол жүру үшін көлік картасын беру қарастырылады.

Астанада қазіргі таңда 207 медицина қызметкері жетіспейді. Ең алдымен, салалық дәрігерлер жетіспейді, себебі ақшасы аз. Атап айт­қанда, барлық жерде эндокринолог, ревматолог, анес­тезиологтар тапшы

Бүгінде Астананың Қоғамдық денсаулық сақтау желісінде аталған басқармаға бағынысты 33 ұйым бар. Олардың 16-сы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін, 11-і стационарлық ұйым (4363 төсек-орын бар, соның 2807-сі ересектерге арналған, 1006-сы балаларға арналған және 550 акушерлік төсек-орын), жедел жәрдем станциясы және 5 өзге де ұйым бар. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға 1368744 тұрғын тіркелген. Сондай-ақ қалада барлығы 2153 төсек-орынмен қамтылған 7 республикалық және ведомстволық аурухана бар.

Денсаулық саласын цифрландыру – басқарманың алдында тұрған басым міндеттің бірі. Бүгінгі таңда әрбір тұрғынға электрондық денсаулық төлқұжаты жасалды. 3 миллионға жуық өтініш бойынша медициналық ақпараттық жүйе арқылы қызмет көрсетілді.

Сондай-ақ бірқатар қызметті алуға мүмкіндік беретін мобильді қосымшалар әзірленді, мысалы, дәрігерге жазылу, дәрігерді үйге шақыру және басқалар. Бұл қосымша 1 миллионнан астам рет қолданылды. Мобильді қосымшаны пайдаланушылар саны 300 мыңнан асты (18-50 жастағы белсенді халықтың 48,6 пайызы). 2023 жылдың 6 айында сирек кездесетін аурулармен ауыратын 270 науқас дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілді.

2020-2022 жылдары медициналық ұйымдарды қайта жарақтандыруға 17,4 млрд теңге, соның 23 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді. Қаражат төмендегі медициналық құрылғыларды алуға жұмсалды: 22 рентгендік флюорография кешені, 9 компьютерлік томография, 9 бейнегастроскоп, 22 УДЗ аппараты, 91 ӨЖЖ аппараты, 14 стоматологиялық қондырғы, 40 реанимациялық көпбейінді төсек, 1 ангиограф, 1 МРТ, жаңа туған нәрестеге арналған 20 инкубатор, 174 науқастың төсек жанындағы мониторы. Қосымша 744,6 млн теңгеге алғашқы медициналық-­санитарлық көмек ұйымдарына 51 көлік берілді. Республикалық бюджет есебінен 55 жедел жәрдем автокөлігі алынды. Қазіргі таңда жедел жәрдем санитарлық паркінде 165 көлік бар.

Елорда аумағында денсаулық сақтау саласы нысандары инфра­құрылымын дамыту жұмысы да жүргізілуде. Биыл құны 21,5 млрд теңгені құрайтын 3 нысанның құрылысы аяқталады:

1) патологоанатомиялық бюро;

2) 1 ауысымда 500 адамды сыйдыра алатын «Нұрлы жол» вокзалы ауданындағы амбулаторлық кешен, ол жеке инвестициялық қаражат есебінен салынып жатыр;

3) 1 ауысымда 500 адамды сыйдыра алатын Ш.Бейсекова көшесі бойындағы амбулаторлық кешен жеке инвестициялық қаражат есебінен салынып жатыр.

Жалпы құрылысы 2024-2025 жылдары аяқталатын 10 нысан салу жоспарланып отыр. Соның ішінде үшеуі республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа салынады. 250 және 200 орынға арналған 2 перинаталды орталық Алматы және Сарыарқа аудандарында салынады. Сарыарқа ауданындағы орталықты «Самұрық-Қазына» қоры қаржыландырады. Сосын «Өндіріс» тұрғын алабында бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын амбулаторлық кешен. Сонымен бірге жергілікті бюджет есебінен 2 нысан салынады.

Жеке инвестиция үлесін арттыру мақсатында 5 емхананың құрылысы жоспарланып отыр. Оған 36 млрд теңге қарастырылған. Бұл емханалар қатарында «Тельман» тұрғын алабында салынатын, ауысымына 500 адамды қабылдауға арналған амбулаторлық кешені, «Пригородный» тұрғын алабында ауысымына 150 адамды қабылдауға арналған амбулаторлық кешені, «Интернациональный» тұрғын алабында ауысымына 150 адамды қабылдауға арналған амбулаторлық кешені, «Жағалау» тұрғын алабында ауысымына 250 адамды қабылдауға арналған амбулаторлық кешені және «Capital park» тұрғын үй кешенінде ауысымына 250 адамды қабылдауға арналған амбулаторлық кешен бар.

2020 жылдан бастап дәрігерлердің орташа жалақысы 60 пайызға, яғни 210 мың теңгеден 422 мың теңгеге дейін және орта медициналық персоналдың жалақысы 50 пайызға, 130 мың теңгеден 236 мың теңгеге дейін өсті. Ал биыл дәрігерлер жалақысы 30 пайызға дейін және орта медициналық персоналдың жалақысы 20 пайызға өседі.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button