БілімЖаңалықтар

МЕКТЕП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚАЛЫ ҚАЛАЙ?

20369401

Жасынан кітапты қадір тұтып өскен үлкендер «қазіргі жастар кітап оқымайды, одан гөрі ұялы телефон мен әлеуметтік желіге көп үйірсек» деген сөздерді айтып жатады. Үлкендер айтқан жөн сөзге қосыласыз. Бірақ жастарды да кінәлағыңыз келмейді. Заманның озығы болар, қазіргі технологиялық прогресс ұшқан құстай зулап барады. Күнде қолданысқа кірген өзгеше дүниені көресіз. Ақпарат деген шалқып жатқан теңіз секілді, шеті көрінбейді. Үйде отырып-ақ, интернет арқылы жеті қат әлемнен хабардар боласыз. Осындай сапырылысып жатқан әлемде кітап оқуға мұрша да бола бермейді. Дегенмен бала күнінен қимас досқа айналған кітаппен ғұмыр кешкен адамды одан ажырату мүмкін емес.

Жалпы, ойы-бойы толысып келе жатқан жеткіншекте кітап оқу қалай қалыптасады? Әрине, ол әуелі бала күнінен өнеге алатын үйдегі үлкендердің тәлімінен басталары хақ. Сосын он жыл бойы білім нәрін беретін мектептің де ықпалы зор. Жә, бір сәт өзімізден бастап көрейікші… Шындығы керек, шыбықты ат қылып мініп жүрген балалық шағымнан кітаппен дос болдым. Оған неге соншалықты құштар бол­ғанымды өзім де білмеймін. Қолыма кітап түссе, сол мезетте оқуға ынтық едім. Анамның өзі соған ауған ниетімді көріп: «Балам, кітап оқыған адам жаман кісі болмайды. Ол сені тәрбиелейді, биікке көтереді» деп отыратын. Міне, осылай басталған достығымыз әлі күнге дейін ажыраған жоқ. Қайта оған деген құмарым есейген сайын өсіп, оқығым келетін кітаптарым көбейіп барады.
Несін айтасыз, ол кезде ауыл­дағы мектеп кітапханасы­ның қоры бай болатын. Қазақ қаламгерлерімен бірге әлемнің айтулы жазушыларының кітап­тары самсап тұрушы еді. Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» мен Александр Гриннің «Алқызыл желкендері» секілді хикаяттары және Ханс Крис­тиан Андерсеннің ертегілерін ана тілімізге мөлдіретіп аударған қаламгер ағаларымыздың ар­қа­сында құныға оқып, сол кейіп­керлер секілді сиқырлы әлемге құштар болдық. «Балдыр­ған», «Ақ желкен», «Ұлан» секілді балаларға арналған басылымдарды да қызығып оқыдық.
Елордадағы №69 мектеп-гимназиясында 5-ші сыныпта оқитын Біржан Сәндібек деген кітапқұмар оқушыны жақсы білемін. Өзі де сүйкімді, жұғымды бала. Кітап оқығанды жақсы көреді. Таяуда қалалық оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетіне арналған байқауда жүлделі орынға ие болыпты. Содан бірде «кітапты неге жақ­сы көресің?» деп сұрадым. «Маған үйде кітап оқы деп айтқан ешкім болған жоқ. Алдымен ертегі оқуға дағдыландым. Ата-анам үнемі жұмысқа кеткенде екі кішкентай қарындасымды уатқанда кітаптан жаттап алған өлең-тақпақтарды оқып беретін едім. Солай кітаппен дос болып кеттім. Бүгінге дейін Бердібек Соқпақбаев атамның «Менің атым Қожа», «Он алты жасар чемпион», Молдахмет Қаназ ағаның «Чика – Дабылдың баласы» секілді повестерін оқыдым. Оларда мен секілді балалардың өмірі суреттелген. Қазір Сейітқұл Оспановтың «Ағаш ат» әңгімелерін оқып жатырмын. Өскенде осы кісі­лер секілді балаларға ар­нал­­ған кітап жазғым келеді» дей­ді кішкентай оқырман. Бала жа­сынан кітаппен дос болған Біржанның болашағынан көп үміт күтуге болады.
Расы керек, шалғай ауылдар­ға қарағанда қаладағы мектеп­тер­­дің кітапханалары уақыт талабына сай лайықты жабдық­талған. Оны елордадағы Райым­бек батыр атындағы №50 «Қаз­ғарыш» мектеп-лицейінің кітап­ханасынан байқадық. – Біздің мектепте 38 мыңнан астам кітап қоры бар деп бастады сөзін, кітапхана меңгерушісі Алмагүл Жақсылықова. – Оның 31 мыңы оқулықтар болса, қалғаны – көркем әдеби кітаптар. Қазір балаларға арналған үш тілге қатар ауда­рылған кітаптар келіп жатыр. Мектепте оқушылардың кітап оқуы жақсы жолға қойыл­ған. «Мен оқығанды ұнатамын» деген жоба аясында жеткіншектер арасында сауалнама жүргізіп, олар оқитын кітаптар бойынша кесте құрып, әр дүйсенбіде сабақ басталар алдында 15 минут кітап оқуға уақыт бөлінеді. Одан кейін қазақ тілі мен әде­биет пәні бірлестіктерінің мұға­лімдерімен ақылдасып отырып, әрбір сыныпқа байланысты оқылатын кітаптар айқындалған. Мәселен, 5-сыныптар Қазақ ертегілері мен Ы.Алтынсариннің шығар­ма­ла­рымен таныс болса, 6-сыныптың оқушылары «Қобыланды батыр» жыры мен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» секілді шығармаларын оқыды. 7-сынып жеткіншектері Әлем әдебиетімен сусындаса, 8-сыныптың оқушылары қазақ прозасының үздік туындыларымен танысты. Әрине, одан бөлек үйге де кейбір ба­ла­лар кітап алып оқиды. Қалалық Білім басқармасының көмегімен жыл сайын кітапхана қоры толығып отырады. Өткен жылы әлем әдебиетінің қазақ тіліне аударылған үздік шығармаларын алдық. Қысқаша айтқанда, біздің кітапханада оқу бағдарламасына сәйкес қазақ жазушыларының бар­лық кітаптары сақталған. Оқушы­ларымыз да кітапты жақсы көріп оқиды, – дейді кітапханашы.
Әрине, біз бұған қуанып қал­дық. Амал нешік, сондай кез­де көз алдымызға ауыл­дағы білім ұяларында оқып жат­­қан жеткіншектер келді. Олар шалғайдағы мектеп кітап­­­­­ханасынан қандай кітап оқып жүр екен деп ойладық. Өйт­кені, өткен жылы жаз­да ауылға барғанымда мек­­тептегі кітапхананың жүдеу кейпін көріп, көңілім кұлазып кеткен еді. Жыл сайын бала­ларға арналған әдеби кітаптар шығып жатқанымен, олардың бәрі де түкпірдегі елді мекен­ге жете бермейді. Бір жа­ғынан, кітап таралымдары да аз. Тұ­жырып айтқанда, ма­ған мектеп кітапханасы бар білімнің бас­тауы секілді көрінеді. Біз қазір адамдардың бойынан иман­дылық, ізгілік қасиеттер азайып бара жатыр деп айтамыз. Оның бәрі де жас ұрпақтың тағылым мен тәрбие дәнін се­бетін кітаптан ажырап бара жатқандығынан көруге болады. Демек, баланы жастайынан кітап оқуға үй­рету қажет. Ол үшін мектеп кітап­ханаларының орны бөлек.
Ендеше, жеткіншектерге адами құндылықтарды дәріп­теуге тәрбиелейтін қаладағы мен даладағы мектеп кітап­ханалары назардан тыс қал­масын дейік!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button