Басты ақпаратЖаңалықтарМәдениет

Әміренің әні – әлемнің сәні

img_9671

1934 жылдың 6 желтоқ­санында қазақ әнінің құдыретін әлемге танытып, 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде екінші орын алып, күміс медаль иеленген Әміре Қашаубаевтың мүрдесі Алматы көшелерінің бірінен табылды. Әнші өлімінің жұмбағы әлі күнге дейін шешілген жоқ. Әміре өмірінің кейінгі жылдары трагедияға толы болды. ОГПУ жендеттері оған тыныштық бермей, ақыры түбіне жетті.

ТҰЛҒАТАНУҒА ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС
Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік акаде­миялық қазақ музыкалық драма театры әншінің қазасынан тура 82 жыл өткенде рухына тағзым ретінде және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап жазушы-драматург Рақымжан Отар­баевтың «Әміре» драмасын көрермендерге ұсынды. Әміренің қайғылы аяқталған өмірінен сыр шертетін қойы­лымды режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов сахналады.
Қаллеки театрының бұл премьерасы тұңғыш рет Бей­бітшілік және келісім сарайында өтті. Театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменовтің айтуынша, бұдан былай да аталмыш өнер ошағының әр жаңа туындысы осы кең сарайда қойылатын болады. Бұл қос тарап жақында қол қойған меморандумның арқасында жүзеге асты.
Тікелей қойылымға келсек, Әміренің рөлін сомдау актер Қасымхан Бұғыбайдың еншісіне тиді. Парижде ән­шінің жарқырап шығып, зор дауысымен еуропалықтарды, соның ішінде Сорбонна университетінің профессоры Перноны таңғалдырып, тамсандыруымен, Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың (ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанқалдыбек Төленбаев) қандасының өнеріне шын риза болуымен ашылатын драма мажорлық нотада басталады. Алғашқы сценада Әміремен бірге ЭКСПО-ға қатысқан өзбек бишісі Тамара ханым (Таңсұлу Баталова) сынды кейіпкерлер көрінеді.

ТҰЛҒА ТРАГЕДИЯСЫ
Әміре мен Мұстафаның мейрамханада оңашада кездесуімен жалғасатын оқиғаның нотасы әрі қарай оқыстан минорға ауы­сады. Осы жүздесуден соң тағдыры тәлкекке түсетінін әнші білді ме? Иә, Кеңес одағының өктем саясатына қарсы шығып, жауға айналған Мұстафамен Париж төрінде дәмдес болуы Әміреге сор болып жабысты. Елге оралған соң тергеуден көз ашпай, тәні мен жаны қанша рет азапталды. Қаллеки театрының ұжымы да әншінің осы трагедия­сын ашуға тырысты.
Әртістердің ойынына келсек, қойылымда есте қалатын образдардың бірін ҚР Жастар одағы сыйлығының иегері Ботагөз Мақсұтова сомдады. Кішкентай рөл болса да, ол сол замандағы шолақ белсенділердің бейнесін көз алдымызға әкеле білді. Біздің ойымызша, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Боранбай Молдабаев та Әмірені тергеген комиссарды сәтті сомдап шықты. Бұл қатарға Әміренің жары – Оразкені ойнаған ҚР «Серпер» жастар сыйлығының иегері Сая Тоқманғалиеваны да қосуға болады. Сондай-ақ, тергеуден әбден әлсіреген Әміреге қанатымен су сепкен қарлығаштай болған дәрігер қыз Ақкербездің (Алтынгүл Серкебаева) бейнесінен де өткен ғасырдың жиыр­масыншы-отызыншы жылдардағы жүйенің кесі­рінен адамдардың ішкі арпалысын байқауға болады.

ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ АКТЕРІ КІМ?
Қойылымды көруге белгілі домбырашы, күйші, музыка зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрім Алматыдан арнайы келді. Бұл кісі 1969 жылы «Еуропаны кезген ер жігіт» мақаласын жазғанынан бастап Әмірені жарты ғасырға жуық уақыт зерттеп келеді. Әміре туралы алты кітап жазды. Алтыншы кітаптың тұсаукесері Астанада жуырда өтуі тиіс. Ал зерт­теушінің ең басты олжасы – 1974 жылдың 21 ақпанында Ресейдің Мемлекеттік Орталық архивінің Қырғыз Республикасы бөлімінен табылған Әміренің орындауындағы фонографқа жазылған «Балқадиша», «Бес­қарагер», «Дударай», «Жалғыз арша», «Ағаш аяқ», «Смет», «Үш дос» әндерінің таспасын тауып, көп кешіктірмей елімізге әкелуі болды.
– Әміре туралы 5 күн, 5 түн айтуға бармын. Спектакль сәтті шықты. Мазмұны мен көркемдік жағы анық болды. Тарихи деректердің бәрі шын. Жалпы, Әміре жөнінде Сәкен Сейфуллиннен бастап біраз адам жазды. Қазір қолымда 800 мақала тұр.
Қазақ театрының ең бірінші әртісі – Әміре. Мен оны архивтен көрдім. Бұйрық содан басталады. Қалибек Қуанышбаев – екінші, Елубай Өмірзақов – үшінші, Құрманбек Жандарбеков – төртінші, орталарында Серке Қожамқұлов тұр. Қапан Бадыров бір жылдан кейін келді. Сондықтан Қаллеки театрында «Әміренің» қойылуында үлкен мән бар. Мен бұл театрдың өнерін М.Әуезов театрымен қатар қоямын. Алматыдағы қарашаңырақ өз алдына, ал сіз­дер – тарихтың ашылған жаңа парағысыздар, – деді музыка зерттеушісі «Әміренің» сахналануына қуанышын жасыра алмай. Сонымен қатар, Жарқын Шәкәрім Қаллеки театрының ұжымына Әміре туралы бір кітабын тарту етті. Театр болса құрметті қонақтың иығына
қазақ салтымен шапан жапты.

«ЭКСПО» АЯСЫНДА КӨРСЕТІЛСЕ…
Жарқын аға Әміремен қатар ғұмыр кешкен Әлкей Марғұлан, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қанабек Байсейітов, Сапарғали Бегалин, Жүсіпбек Елебеков, Қапан Бадыров, Сара Есова, Әшімбек Бектасов сынды тұлғалардан кезінде әнші туралы мағлұмат алды. Драманың бір «әттеген-айы» осы ғылым мен өнер майталмандарының тым құрығанда бірінің бейнесін спектакльден көре алмадық. Мәселен, тергеуде жүрген Әміренің театрға көкала қой­дай болып келетіні Серке Қо­жамқұловтың естелігінде айтылады. Осы эпизод драмаға енгізілсе, біздіңше, әсерлірек болар еді. Ал жалпы алғанда театр ұжымының еңбектенгені көрініп тұрды. Соның ішінде қоюшы суретші Берік Бурбаев пен хормейстер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашевтің еңбектерін ерек айтуға болады. Спектакльге сәл жан бітіріп, келесі жылы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында шетелдік қонақтарға ұсынса, халқымыз өнерінің әлемге танылуы жолындағы бұл ұтымды қадам болар еді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button