Басты ақпаратЖаңалықтарҚала тіршілігі

ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ ЕСЕП БЕРДІ

erm_3881

Кеше ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Малыбаев халық алдында жыл бойы атқа­рылған жұмыс­тардың қорытынды есебін берді. Есеп беру кездесуіне Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин мен қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сансызбай Есілов қатысты.

Ұлт жоспары бойынша құрылды
Әуелі мінберге көтерілген қала басшысының орынбасары Андрей Лукин «Астана – қауіпсіз қала» бағытында біраз жұмыстың атқарылғанын, қоғамдағы тәртіпті қалыптас­тыруда тұрғындардың да үлесі барын және Жергілікті полиция қызметінің құрамына учас­келік полиция инспекторлары, ювеналдық, жол-пат­рульдік, табиғатты қорғау поли­циясы, әйелдерді зорлық-зомбы­лықтан қорғау, арнайы қабылдау орнынан әкімшілік қамауға алынған тұлғаларды қабылдап-тарату бөлімшелері біріктірілгенін атап өтті.
Ал Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов Жергілікті полиция қызметі Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағыттал­ған «100 нақты қадам» Ұлт жос­парының 30-қадамы бойынша құрылғанын, биыл 1 қаңтардан бастап жұмысын бастаған бұл қызметтің қорытынды есебі маңызды екенін айтты. Бір жыл­дың өзінде бұл сала жақсы жағы­нан көрініп, қоғамға қажет­тілігі байқалды. Заң бойынша Жер­гілікті полиция қызметі жылына екі рет есеп беру керек.
Одан кейін халық алдына шыққан ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Малыбаев биылғы жұмыстардың қорытындысын баяндады. Оның мәлімдеуінше, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында есеп беріп отырған Жергілікті полиция қызметі қызметкерлерінің саны 1,5 мыңнан асады. Елор­да­ның даму қарқыны мен тұр­ғындар саны артуын ескере оты­рып, іс жүргізуге қосымша 200 штаттық учаскелік полиция инспекторлары мен 150 ЖПП Полкы офицерлер құрамын алу туралы ұсынысты Астана қала­сының әкімдігі қолдады.

10 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
– Мемлекет басшысының нұсқауымен Жергілікті полиция қызметінің қоғамның мұқтаждықтарын қамтамасыз ету және оның береке-бірлікте тұрақты дамуы секілді негізгі бағыттары айқындалған. Біздің бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуімізге міндеттелген мәселе – ол құқық бұзушылықтың алдын алу. Қаладағы жедел жағдайлардың жай-күйін ескере отырып, шулы шағын учас­келерде бірқатар алдын алу іс-шаралары өтті. Нәтижесінде анықталған 10 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, соның шеңберінде 300 іс жүргізілді және 8 мыңнан аса азамат ішкі істер органдарына жеткізілді, – деді Бақытжан Малыбаев.
Сонымен қатар, екі кезеңге бөлінген кең ауқымды акция­лар ұйымдастырылды. Алдымен 25 қаңтар мен 25 мамыр аралығында «Сәлеметсіз бе! Мен сіздің учаскелік поли­ция инспекторыңызбын» акциясы өтті. 1 қыркүйектен 1 желтоқсанға дейін жүргізілген «Учаске» атты екінші акция кезінде инспекторлар аулалар мен пәтерлерді аралап, аймақтың мән-жайымен танысып шықты. Осы іс-шаралар тұрғындарды тануға, жалдамалы пәтерлер жөнінде, көршілердің мазасын алушылардың әрекетін анықтауға, адамдарды есепке алуға, жалпы толғандырған мәселелер жайлы мәлімет жи­науға көп көмегін тигізді.
Осындай жұмыстар барысында 215 мыңнан астам пәтер мен 40 мыңға жуық үйлерге тексеріс жүргізіліп, 900 мыңға жуық тұрғындардың мәліметі жиналды. Сондай-ақ, жалға беріліп отырған 4 мыңнан астам пәтер анықталды. Оның ішінде 2,5 мыңы қазіргі таңда Кірістер департаментінде тіркеуде тұр. Яғни, солардың есебінен ел қазынасына 11 ай ішінде 30 млн теңгеден астам табыс түскен.
Бүгінде учаскелік полиция қызметкерлеріне қоғамдық полиция көмекшілері ретінде ПИК штатында тіркелген 200-ден аса консьерж көмектесіп жүр. Жалпы, полиция көмекшілері болып жүрген 1,5 мыңнан аса азамат бар. Олардың хабарлауы бойын­ша 3 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Әкімдіктің қолдауымен қоғамдық көмекшілер арасында ерекше көзге түскен белсенділерге жылына 13 млн теңге бөлінеді.

Тұрғындар тілегі ескеріледі
Жергілікті полиция қызме­тінің басшысы биылғы жұмыс­тардан хабардар еткен соң жиналған жұрттың сауалдарына жауап берді. Қойылған сұрақтардың бірі дәл қазіргі уақытта өзекті болып тұрған көліктерге «Ш» белгісінің жабыстырылуы туралы болды. Яғни, көлік жүргізушілерінің көбі осы белгіні тақпаған жағдайда айыппұлмен жазаланатынына наразы. Бұған Бақытжан Малыбаев «Патрульдік полиция «Ш» белгісін орнатпағандарға айыппұл салмайды. Тек қана тоқтатып, ескерту жасайды. Бұдырлы доңғалаққа ауыстыру әр адамның өз қауіпсіздігі үшін. Ал арнаулы белгіні тағып алған, әрине жақсы» деп жауап қатты.
Сондай-ақ, тұрғын үй кешен­дерінің тұрғындары әр кіребе­рісте орнатылған бейнебақылау үшін ақы төлейтіндеріне қын­жылыс білдіретіндері жеткізілді. Бұл шағымға «Әр тұрғын айына бар болғаны 300 теңге төлейді. Ол алдымен қылмыстың алдын алу үшін, қауіпсіздік үшін жасалған шаруа. Осы арқылы көптеген құқық бұзушылық
азайды» делінген жауап берілді.
Осы жиында қалада ұялы теле­фондардың көп қолды болатыны, бірақ полиция қызмет­керлері тауып беруге көмек­теспейтіні жайлы шағымдан­ғандар табылды. Соңында халық­ты толғандырған мәселе­лер­дің бәрі алдағы уақытта назарға алынатыны, сол бойын­ша жұмыстар атқарылатыны айтылды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button