Басты ақпарат

Мемлекеттік наградалармен марапатталды

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекетіміздің әлеуметтік- экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін ел азаматтарының үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды.Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, егемендік еліміздің баға жетпес байлығы екенін айтты. Қазақстан Президенті салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде мемлекеттік награда алған азаматтардың сіңірген еңбегін жоғары бағалады.
– Байрақты бабаларымыз бізге ұлан-байтақ жерді мұра етіп қалдырды. Олардың аманатына адал болу – баршамыздың киелі парызымыз. Азаттық үшін алысып, ел үшін жанын пида еткен батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі, ән өнерін насихаттаудағы ерекше еңбегі үшін Роза Рымбаеваға табыс етті. Ұлық марапат Өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы – «Жезқазғантүстімет» ӨБ кен өндірістік кешенінің ұңғылаушысы Тұрсынбек Макишевке де берілді.
Қазақстанның танымал жазушы-ғалымдарының да ел тәуелсіздігіне қосқан үлесі марапатталды. Олардың қатарында белгілі сазгер-жазушы ­И.Жақанов, Т.Әбдікұлы, С.Абдрахманов, ғалым және қоғам қайраткері ­Ә.Ахметов, елордадағы Сәкен Сейфуллиннің мұражайының директоры ­Н.Айтұлы, ақын ­М.Айтхожа, тағы басқа азаматтар бар. Жоғары марапатқа ғалымдардан абайтанушы М.Мырзахметұлы, тарихшы М.Қойгелдиев, Қ.Салғараұлы, А.Жұмаділдаев ие болды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениет саласының 36 көрнекті өкіліне берілді, олардың ішінде белгілі талантты әнші Димаш Құдайберген бар.
Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа материалдық өндіріс салаларының 72 жұмысшысы мен еңбеккері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегерлері атанды.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі мен жанқияр­лығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ», сондай-ақ І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button