Басты ақпарат

Тәу етер жалғыз киеміз

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы

Отыз жылға жуық уақыт бойы айта-айта, жаза-жаза келіп, осы ұғымның аясын тарылтып, мәнін қарапайым­датып та бара жатқандай көрінеміз кейде. Жер шарындағы құрлықтың алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы атты алып мемлекет ыдырағанда ел қатарлы егемендік алған едік қой, аяқ астынан тәуелсіз мемлекет атанған едік қой деп топшылай салатындар да табылады әлі күнге. Сондықтан сөз басында аздаған лирикалық емес шегініс жасап алғанды артық көрмей отырған жайы­мыз бар. Мәселе ұғымдар жайында.
Адамзаттың өмір сүруінің сан түрлі салаларында тәуелсіздіктің алуан-алуан анықтамасы бар. Өзіміз институтта оқыған жоғары математикада алгебралық тәуелсіздік өрістердің кеңею теориясын білдіреді, желілік тәуелсіздік желілік кеңістік элементтерінің жиынтығы толығуын танытады. Айналып келгенде олардың да түпкі мағынасы – кеңею, толығу. Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында жүріп, философия ғылымдарының кандидаты дәрежесін алуға диссертация жазу барысында тәуелсіздік ұғымының соншалықты сан қырлылығына қайта-қайта назар аударуға тура келген еді. Халықаралық құқық тұрғысынан қарағанда мемлекеттің тәуелсіздігі оны басқа мемлекеттердің тәуелсіз деп тануын ғана білдіреді. Мәселенің саяси астары әлдеқайда терең. Сая­си дербестік, бағынышты болмаушылық, егемендік деп айтылатын тәуелсіздік өз еліңнің мақсатын, міндетін, оларға қол жеткізудің әдіс-тәсілдерін өзің айқындауыңнан, өзіңнің мәселелеріңді өзің шеше алуыңнан танылады. Ал бұл айтуға ғана оңай. Ең дамыған деген елдердің өзі осыған азаттық жолындағы соғыстар арқылы жеткені баршаға белгілі. Басқаларды былай қойғанда, қазіргі әлемнің ең қуатты мемлекеті Америка Құрама Штаттарының өзі кезінде Ұлыбритания­ның отары болғанын, 1775-1783 жылдардағы тәуелсіздік үшін соғыстың арқасында бостандық алғанын айту да жеткілікті шығар. Қанша жыл қырқысса да, сонша жыл соғысса да азаттық ала алмағандар аз ба? Аз емес. Ұзын саны бірнеше жүзден асып жығылатын ірілі-ұсақты халықтардың өз алдына мемлекет құра алғандары онша көп емес – Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер саны 193 қана. Саны жағынан біздің қазақты сан орап кететін халықтардың арасында да әлі күнге бір жапырақ туын тігетін алақандай төбе таба алмай, жаны жаралы, қаны қаралы күйде жүргендері жетіп жатыр. Аты ғана тәуелсіз, ал заты тәуелді, яғни өзінің сыртқы саясатын да, ішкі саясатын да өзі белгілей алмай отырған елдер де табылады. Ағылшынның атақты қайраткері Бенджамин Дизраэлидің «Тәуелсіздік ала сала отар болудан қала салмайсың» деген зілді сөзі сондықтан айтылған. Бостандықтың бағасы солай. Солай болғандықтан да біз осындай мерейлі күнімізде абыз Әбіштің – кемеңгер Кекілбаевтың «Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз киең» деген сөзін тағы бір еске алмай тұра алмаймыз.
Бұл күннің мәні де, маңызы мен мағынасы да айрықша. Азаттық үшін арпалысқан ата-бабаларымыздың арманы 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздік күні ретінде арайланды. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» аталатын жаңа тұрпатты мемлекеттің туы көтерілді.
Тәуелсіздікті алу, әрине, оңай болған жоқ. Ал Тәуелсіздікті орнықтыру одан да үлкен күшке түсті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ­Назарбаевтың орасан күш-жігері, терең ақыл-парасаты, сындарлы да салмақты саясаты және қазақстандықтардың бірлігі арқылы біз осы күнге жеттік.
Тұңғыш рет өз Президентін сайлағаннан кейін Қазақстан әлем алдында өз Тәуелсіздігін жариялады. Бұл – қазақ деген халықтың сан ғасырға жалғасқан асыл арманы еді. 300 жылдан астам бодандықта болған халықтың байырқалы бостандыққа, егемен елдікке, азат рухқа деген арпалысының нақты жемісі. Тәуелсіздіктің әр күні біз үшін мағыналы және маңызды.
Тәуелсіздік – халықтың таңдауы. Тәуелсіздік – біздің ұлттық идеямыз!
Қазақстан Республикасын құрудың басты қағидаттарын орнықтыру жолындағы жасампаз істің бәрі алтын әріппен жазылады.
Бүгінгі бақытты ұрпақ тәуел­сіз мемлекетте, бейбітшілік пен келісімде, өзара сенімде өмір сүріп жатыр. Өз тағдырымызды өзіміз айқындап алдық. Енді жарқын болашағымызды өз қолымызбен жасаудамыз.
Күн тәртібіне Тәуелсіздікті ұстап тұру, сақтау және дамыту шықты. Бұл бізді бұрынғыдан да бір болуға, мықты болуға, жігерлі болуға шақырады. Елбасы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігімізді теңселтпей, Егемендігімізді еңкейтпей, Азаттығымызды аласартпай 30 жыл ел басқарды.
Біздің біртұтас халқымыз бар. Бізді қасиетті жеріміздегі ортақ құндылықтар біріктіреді: бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділдік және баршаға ортақ тең мүмкіндіктер. Мұның бәрі – Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жылдары қол жеткізген баға жетпес құндылықтарымыз.
Біздің ұлы тарихи жолымыз бар. Біз бүгінде қуатты, егемен, еркін елде өмір сүріп жатырмыз. Сақтайтын, ардақтайтын дүниеміз бар. Тәуел­сіздік деген ең қымбат құндылығымыз бар. Сондықтан біз қашанда алға, баян­ды болашаққа нық сеніммен қараймыз.
Тәуелсіздік бізге ұлттық, аймақтық және жаһандық өлшемде шексіз жауапкершілік жүгін артты. Біз тағдыр таңдауын қабыл алдық. Берекелі бірлігіміз бен еселі еңбегіміз арқылы тарих сынағынан сүрінбей өтіп келеміз.
Тәуелсіздіктің мызғымас тұғыры бекітілді. Мәңгілік Ел болуға бет бұрдық. Тәуелсіздік күні – баршамыз үшін, күллі қазақстандықтар үшін ұлы мереке.
1991 жылдың 17 желтоқсанында Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митинг болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ­Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сонда сөйлеген сөзінде: «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да – өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін» деді.
Халқымыз өз мемлекеттігін, шынайы тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге ерекше жігер, үлкен құлшыныспен кірісті.
Елдің ішкі және сыртқы саясатын, өзіміз бұрын өмір сүрген қоғамнан түбірінен өзгеше жаңа, демократиялық қоғам құру принциптерін дербес айқындады.
Иә, қысқа мерзім ішінде Кеңес империясынан мұра болып қалған көптеген өткір де өзекті мәселенің түйіні тарқатылды. Саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларға қажетті реформалар жүргізілді.
1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президенті ­Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарды. Осылайша қазақ елі атом бомбасынан түбегейлі бас тартып, әлемге бейбітсүйгіш ел екенін жария­лады.
Бүгінде тап сол бір шешуші сәтте Нұрсұлтан Әбішұлының әрі тапқыр, әрі ұтқыр шешім қабылдай білгенін әлем мойындап отыр.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды.
1991 жылы желтоқсанда Алматыда ТМД-ны құру туралы Келісім хаттамасына қол қойылды. Бұл келісім ТМД құрамына кіретін барлық мемлекеттің тарихында «Алматы декларациясы» деген атпен қалды.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап республиканың саяси басшылығы азаматтардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз етуге айрықша назар аударды.
Елімізде Президент қызметінің енгізілуі қоғамдық-сая­си өмірде терең реформалар жүргізуге мүмкіндік берді. «Басшымыз – біреу, қалғанымыз тіреу» деген қазақы қағидаттың пайдасы зор болды.
Қазақстанда 1996 жылдың 30 қаңтарынан бастап екі палаталы парламент жұмыс жасап келеді.
Ел азаматтары экономикалық еркіндіктің арқасында меншік иелеріне айналды.
1993 жылы 15 қарашада Ұлттық валюта – теңге айналымға шықты. Сол сәттен бастап халықтың жаңа тиімді тұрмысын қалыптастыру жолындағы күрделі реформалар өте сәтті жүзеге асырылды.
Мұндай орасан өзгеріс оңайшылықпен келген жоқ.
Жетпіс жылдан астам қалыптасқан сананы, дүниетанымды өзгерту де оңайға соқпады.
Жекешелендіру ісі экономикалық қайта құру жолындағы алғашқы батыл қадам болды. Сыртқы сауданы одан әрі ырықтандыруға және елді дүниежүзілік шаруашылық жүйесіне енгізуге бағытталған сыртқы экономикалық қызмет реформасы табысты жүргізілді.
Соның арқасында Тәуелсіздік жылдары елімізге 300 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Резервтік актив 86 миллиард доллар деңгейіне жетті. Бұл – мүмкін болатын экономикалық сын-қатер мен сыртқы келеңсіз құбылыстарды төмендетудің нақты кепілі.
Елімізде кедейшілік деңгейі 10 есе төмендеді. 12,5 мың километр авто-магистраль мен 2,5 мың километр темір жол салынды.
Экономиканың салалық құрылымдарын әртараптандыру үрдісі жүріп жатыр. Соңғы 10 жылда еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 1250 жаңа кәсіпорын құрылып, 300 мың жұмыс орны ашылды. Қазақстан экспортының ауқымы 100 елді қамтиды. Үшінші бесжылдық шеңберінде бәсекеге қабілетті бірнеше технологиялық сала қалыптасады.
Біздің мақтанышымыз және мемлекеттігіміздің символы саналатын Нұр-Сұлтан қаласы халықаралық бастамалар мен инвестициялық белсенділік орталығына айналды.
Қазақ мемлекеті өркендеуде өзінің өрісті жолын тапты. Әлемдік өркениетке өз үлесін қоса бастады.
Қуатты саяси, экономикалық, әлеуметтік және демократиялық қайта құрулар өз жемісін берді.
Біз саяси тұрақтылықты сақтап қана қоймай, сонымен бірге оны нығайта түсуге және өзіміздің қазақстандық ұлтаралық келісім үлгісін жасауға қол жеткіздік.
Әрбір азамат Қазақстан менің Отаным, менің елім деген ұғымның маңайына топтасуы керек.
Болашақта еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 мемлекеттің қатарынан орын алатынына барлық қазақстандықтар күмәнсіз сенеді.
Осындай секіріс жасау үшін барлық қоғамдық ресурстарды топтастыру мен жұмылдыруға тура келеді.
Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында бірінші болып ұзақ мерзімге арналған стратегиялық даму жоспарын таңдап алған елдің бірі болды.
Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен көршілес елдермен екі арадағы шекараны дәйек­тілікпен бекітті. Біртұтас Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы белгіленді.
Елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр.
Табысты жүргізілген сырт­қы саясаттағы жетістіктердің арқасында Қазақстан Республикасы БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ИКҰ секілді беделді халықаралық ұйымдардың салмақты мүшесіне айналды.
2010 жылы Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық жасады. Ұйымның он жылға жуық уақыттан бері шақырылмай жүрген саммитін өткізіп берді.
56 мемлекеттің басшысы елордамызда бас қосып, Астана декларациясын бір­ауыздан қабылдады. Мұндай тарихи маңызы зор оқиға – қазақ дипломатиясының сыртқы сая­саттағы табысты еңбегінің нәтижесі.
Әлемге тарыдай шашыраған қазақ халқының басын бір шаңырақ астына тоқайлас­тырып, бір арнаға тоғыстыруда Нұрсұлтан Назарбаевтың орны ерекше.
Қазақ елі Тәуелсіздігін алған алғашқы күннен бастап, шеттегі қандастарды тарихи отанына шақырып, құшағын айқара ашты.
Дүние жүзі қазақтарының құрылтайларында шетте жүрген 5 миллион қазақтың тағдыры жайлы сөз болды. Қарашаңыраққа оралған бір миллионнан астам қандас­тың ел қатарлы өмір сүруіне қатысты мәселелер талқыға түсті. Осы құрылтай негізінде Дүние жүзі қазақтарының қауымдас­тығы, «Отандастар» қоры сияқ­ты іргелі ұйымдар құрылып, алыс-жақындағы ағайынның игілігі үшін қызмет етіп келеді.
Қазақстан – президенттік басқару жүйесіндегі мемлекет. Ел өмірінде қос палаталы парламенттің де алар орны ерекше. Кейінгі кезде Парламент палаталарының Үкімет қызметіне бақылау жасаушылық рөлі анағұрлым артып келеді. Құқықтық мемлекетті орнықтыра түсу бағытында орасан жұмыс атқарылды.
2003 жылы 23-24 қыркүйек аралығында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен Астана қаласында өтті. Оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты.
Әдетте бір-бірінің мешіті, пұтханасы, шіркеуіне бас сұқпайтын дін көшбасшылары Астанадағы бейбітшілік және келісім сарайында бетпе-бет отырып, әлемдік діни ахуалды талқылады. Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі халықаралық диалог алаңына айналды.
2003 жылғы 16 наурыз­дағы Жолдауында Нұрсұлтан ­Назарбаев еліміздің ең басты қазынасы – мәдени мұраларымызды түгендеу мақсатында «Мәдени мұра» бағдарламасын жасауды тапсырды. Бұл 14 жылдан кейін өмірге келген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алғышарты болатын.
Бүгінде бастауын «Мәдени мұра» бағдарламасынан алған көптеген игі іс Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының желісімен жүзеге асып жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елінің тізгінін ұстаған 30 жылда қазақты қанаттандырған, рухын оятқан, жасампаздыққа жігерлендірген осы қос бағдарлама деуімізге әбден болады. Өйткені қазақ халқы – қашанда рухани құндылықты бәрінен жоғары бағалаған халық. Елбасы рухани жаңғырусыз жетістік атаулы жартыкеш шара болып қалатынын тап басты.
Астана және Алматы қалаларында қатар өткен Азияның айтулы додасы – еліміздің тарихында айтарлықтай рөлі бар оқиғалар. VII Қысқы Азиадаға әлемнің 27 елінен мыңнан астам спортшы қатысты.
Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде атап өтілді.
Бұл елдік рухты көтеріп, өткен тарихымызға деген мақтаныш сезімін оятты.
Осы мерейтой негізінде еліміз бойынша қыруар істер атқарылып, көптеген тарихи жәдігер түгенделді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесін басқару Қазақстан тәрізді жас мемлекеттің әлем алдындағы абыройын асқақтатты. 2017 жылы Кеңеске тұрақты емес мүше болып тіркелген Қазақстан өз тарихында алғаш рет БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін басқаруға мүмкіндік алды. Бұл міндетті абыроймен атқарды.
«Біздің еліміздің бүкіләлемдік ЭКСПО-2017 көрмесін Астанада өткізу жөніндегі күресте айқын басымдықпен жеңіске жетуі Қазақстанның экономикалық қуатын жаһандық танудың көрінісі». Бұл – Нұрсұлтан ­Назарбаевтың өз сөзі. Елбасы 2017 жылдың ең басты оқиғасына айналған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің бар келбетін осындай бір сөйлеммен толық ашып берді.
Өтіп бара жатқан 2019 жыл біздің өмірімізде өте маңыз­ды, өзекті жыл ретінде есте қалады.
2019 жылы 19 наурыз күні Қазақстан Республикасында билік Конституцияға сәйкес түрде ауысты. Бұл 30 жыл жалғасқан сарабдал саясаттың түйінді тұсы, тұрлаулы сәті болатын. Ол сабақтастық, тұрақтылық пен даму жағдайында билік транзиті жасалды.
Бүкілхалықтық сайлау өтті, ел Президенті болып ­Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайланды. Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында, ел халқына Жолдауында Қазақстанның таяу жылдардағы даму бағыттарын белгілеп, міндеттерді шешудің жолдарын көрсетіп берді.
Макроэкономикалық даму динамикасындағы оң тенденция сақталуда.
Бұйырса, биыл ішкі жалпы өнімнің өсуі 4,3 пайыз болады. Инфляция деңгейі де 5,3 пайыз деңгейінде сақталады деп күтілуде. Халықтың нақты табысы 6,7 пайызға өсті, ал инвестицияның өсуі 9,7 па­йызды құрады.
Мемлекет басшысы ­Қ.Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мақсаты мен міндеттерін айқындап берді.
Қоғамдық диалог формаларының қағидаттары іске қосылды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Соның шеңберінде еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулардың кешенді шаралары айқындалуда.
Биылғы жарияланған Жастар жылы бұл тараптағы бастамалар мен жобаларды жүзеге асыруға жол ашты. Президенттік кадрлар резервін қалыптастырудамыз.
Ата Заңымызда атап көрсетілген әлеуметтік бағдарланған мемлекет талаптары күнделікті өмірден көрініс тауып жатыр.
Көп балалы аналарды әлеуметтік жағынан қолдау, табысы төмен отбасылардың несие жүктемесін азайту бағытында бұрын-соңды болмаған шаралар жасалды.
Мұғалімдердің еңбекақысын біртіндеп өсіру кестесі белгіленді. Ұстаз мәртебесі туралы Заң қабылданғалы жатыр.
Елдегі тұрғын үй бағдарламасы елеулі түрде кеңейтілді.
Еліміздің сыртқы саясатының барлық параметрі бойынша сапалық жаңару жұмыстары жүргізілді. Өркениет үлгісі саналатын Еуропа елдерінде жаңадан 6 елшілік ашылды.
Арыс қаласындағы апатты бүкілхалықтық қайғы ретінде қабылдап, қиын шақта бірліктің үлгісін көрсеттік. Қала қысқа мерзім ішінде қалпына келтірілді.
Ұлы Абайдың «Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме» деген сөзін ұстанып, бір-бірімізді қолтықтан демедік, жылы сөзбен жебедік. Бір сөзбен айт­қанда, ұлт болып ұйысудың үлгісін көрсете білдік.
Аз ғана уақыттан кейін біз 2020 жылдың табалдырығын аттаймыз.
Бізді Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы бойынша Жалпыұлттық жоспар шараларын жүзеге асырудың қат-қабат шаруалары күтіп тұр.
Волонтерлер жылы шеңберінде біздің қоғамдағы осы бір маңызды тірлікке толыққанды серпін беру жүзеге асырылады.
Әлеуметтік-экономикалық жүйелердің жаңа компоненттері – медициналық сақтандыру, жоғары оқу орындарын акционерлендіру енгізіледі.
Ұстаз мәртебесі туралы Заң қабылданады.
Ел экономикасы дамудың жаңа сатысына көтерілуі тиіс. Бұл еңбек өнімділігін 1,7 пайызға өсірумен тікелей байланысты.
Инвестиция көлемі ішкі жалпы өнімнің 30 пайыз деңгейінде болуы тиіс.
Үкіметтің алдына 2022 жылға қарай шикізаттық емес экспорт өсімін 1,5 есе, 2025 жылы 2 есе өсіру міндеті қойылды.
Алдағы жыл бірнеше ірі тарихи дата белгісімен өтеді.
Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдығы, Ұлық ұлыс (Алтын Орда) – Жошы Ұлысының 750 жылдығы, Қазақ автономиясының құрылғанына 100 жыл секілді шаралардың Жалпыұлттық кешенді шаралары бекітілді.
Екі жылдан кейін біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтетін боламыз.
Осыған байланысты өткен жолымызға терең үңіліп, барлығын бағамдауға және алдағы дамуымыздың негізгі бағыттары мен жаңа міндеттерін анықтауға мүмкіндік туады.
Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында саяси реформалардан бұрын экономикалық реформаларды жүргізуге баса назар аударылды.
Осы арқылы тұтас алғанда мемлекеттің өміршеңдігі сақталды.
Ел дамуының қазіргі кезеңінде экономикалық, әлеу­меттік-мәдени, өңірлік, сырт­қы саясат салаларындағы жетістіктеріміздің қарқынын саралау міндеті алға шықты.
Қазақстанның Тұңғыш ­Президенті – Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз Тәуелсіздіктің жалғыз тірегі – бірлік екенін ешуақытта ұмытпауымыз керек. Бізге қазақтың бірлігі, жалпы еліміздің бірлігі қажет. Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз бір, мақсатымыз – жалғыз. Ол – жері жұмақ, елі бақытты Отанымыз, Қазақстанымыз» деген болатын.
Тәуелсіздік мемлекеттілік, территория, тіл, шекара, дәстүр, тарих, қауіпсіздік деген ұғымдармен терең астасып жатыр.
Бұл ұғымдар конституциялық нормалар деңгейінде бекітілген, толыққанды мемлекеттік басқару мен реттеу тетіктерімен қамтамасыз етілген.
Бұл – ұлтқұраушы фактор, шынайы ел Тәуелсіздігінің іргетасы іспеттес нәрсе.
Біз қоғамымыздың ең жоғары құндылықтарының мызғымастығына кепілдік беретін үрдістердің мазмұнына жаңа көзқараспен қарай бастадық.
Біріншіден, Елбасымыздың интеллектуалдық күш-жігерінің арқасында «Мәңгілік Ел», «Ұлы дала», «Мәдени мұра» тәрізді ұлы ұғымдар айналысқа енді.
Өркениеттік маңызы бар Жалпымәдени құндылықтар – Тәуелсіздік, мемлекеттілік, жер, тіл мен діл, отбасы және салт-дәстүр – біздің заңнамамызға да енгізіліп, нақты көрініс табуы тиіс.
Екіншіден, тарихымыз­ды өркениеттік жолмен таразылайтын болсақ, біз бесмыңжылдық тарихи кезеңнен өткенімізді көреміз.
Бұл не деген сөз? Бұл біздің халқымызға не береді?
Бұл қазақ халқы тарихының тым әріден бастау алатындығының – мемлекеттіліктің атам заманнан бүгінге дейін үзілмей келе жатқандығының жарқын белгісі емес пе? Көнеден келе жатқан сақ, ғұн, сармат, массагет, Түркі қағанаты, Ұлық Ұлыс, Қазақ хандығы ұлы тарихымыздың айқын дәлелі.
Қай ғасыр, қай заман, қай кезең болса да халқымыз өзінің адамзат көшінен қалмау, бірге қатар өмір сүру қағидатынан еш танған жоқ. Бейбіт болмысына бекем болды.
Кез келген халықтың маңдайына мұндай миссия мен тағдыр бұйыра бермейді.
Сондықтан осы заманғы Қазақстан территориясында өмір сүрген халықтың, ру, тайпалардың қасиетті де қастерлі этнологиялық тарихына саяси тарихымызды қосу арқылы тарихи акцентті батыл және белсенді түрде өзгерту қажет.

Үшіншіден, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында болашақта қазақ тіліне ұлтаралық қатынас тілі мәртебесін беру мүмкіндігін жасайтын жағдай қалыптастыру қажеттігін айтты. «Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» деп қадап көрсетті.
Латын жазуына көшер сәтті дұрыс пайдаланып, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, оның қоғам өміріндегі түрлі салада міндетті түрде қолдану шеңберін анықтау туралы мәселе де маңызды болып отыр.
Кезінде ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы – ешуақытта адамы құрымай жоғалмайды» деген болатын.
Қазақта «Тексіздік – тілсіздіктен басталады» деген сөз бар, сол сөз – анық сөз.
Тәуелсіздік мерекесі тұсында тарихтан тағылым алу мәселесіне тоқталған артық болмас деп ойлаймын. Бірінші кезекте қоғамдық санадағы өткенге қарайлау, барлық кінә мен кінаратты өткен заманға аудару әрекетінен арылатын уақыт жеткенін қадап айтқым келеді.
ХХ ғасыр – қазақ үшін қасіретті ғасыр болды.
1921-1930 жылдардағы аштықта қазақтың тең жартысынан айрылдық.
Бұл – сөз жоқ, ұлттың үлкен қасіреті. Орны толмас қасірет. 2021 жылы қалың қазақты жалмаған Ашаршылыққа 100 жыл болады.
Танымал журналист-публицист Нұртөре Жүсіп «Масыл болма, асыл бол» деген мақаласында сол ашаршылық кезінде бір ұлы мен бір қызын жетектеп, жанын шүберекке түйіп келе жатқан ана мен ұрпақ тағдырын сөз етеді. Үшеуі де ажал тырнағына іліккелі тұрғанда ет жүрегі езілген әйел шырылдаған қызын қалдырып, «ендігі кезек менікі» деп жүріп, жалғыз ұлын аман алып қалады. Сол бала кейін халқымыздың аяулы азаматы атанды, аштықтан аман қалған Мекемтас Мырзахметов – көрнекті ғалым, әйгілі абайтанушы.
Жалғыз баласын анасы қалай қорғаса, Тәуелсіздікті біз де солай қорғауымыз керек! Тар замандағы аналар әрекеті осындай болған. Ал мынау бар заманда баласын туған бетте күресінге тастайтындар туралы не деуге болады?
Тәуелсіздік деген – ұлт үшін, ұрпақ үшін тарихи Жауапкершілік! Қазақ елінің жаңа буыны Тәуелсіздікті асқан жанкештілікпен, жанын да, қанын да аямай қорғауы керек!
Осы ретте өткен ғасырдан алатын тағылым қандай? Бізге Алаш арыстарының үзілген жолын жалғастыру маңызды.
Алаш идеясы – бұл қазақ мемлекеттілігін жаңғырту идея­сы. АҚШ үшін Тәуелсіздік Декларациясы қандай маңыз­ға ие болса, қазақ қоғамы үшін Алаш ұраны да сондай.
Ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, олар Азаттықтың алтын айына қол созған ұрпақ еді.
Қазір заман – басқа, заң – басқа. Тірегіміз – Тәуелсіздік. Жүрегіміз де Тәуелсіздік деп соғуы тиіс.
Біз ХХІ ғасырға мүлдем бөлек болмыспен кірдік.
Сондықтан өткенге Салауат айтуымыз қажет. Болары – болды. Өтетін нәрсе – өтті. Барлық жақсылық-жамандығымен өткен кезеңдерді тарих кітабының бедерлі бетінде қалдырып, енді тек алға қарауымыз керек. Өршілдікпен алға жылжуымыз керек.
Артқа қараған тозады, алға қараған озады.
Бұл үшін ең алдымен Сана азаттығы қажет.
Біздің бүгінгі буын санасы азат болғанда ғана таудай істерді тәуекелмен атқара алады.
Сол себептен қазіргі әрбір отандас өткен шаққа қарайлай бермей, бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен айналысқаны абзал.
Ұлтымыздың жақсы қасиеттері жеткілікті.
Тарихымыз – терең. Жеріміз – бай. Еліміз – бай. Дәстүріміз – керемет.
Қабілет-қарымымыз ешкімнен кем емес. Енді не керек?
Дүниедегі барлық мемлекеттің даму жолынан белгілі:
Халықтық қалпыңды, мәдениетіңді, тіліңді, діліңді сақтау қажет пе – даму керек;
Экономиканы өркендету керек пе – даму керек;
Лайықты өмір сүру керек пе – даму керек!
«Тәуелсіздік жолында қан да төгілген, жас та төгілген, тер де төгілген. Бірақ Ар төгілмеуі керек. Ар-намыс қана Тәуелсіздікке тірек бола алады. Ол біздің тілегімізді емес, біз оның тілегін тілеуіміз қажет» деген кемел сөз қай-қайсымыз­дың да қаперімізде болғаны керек.
ХХІ ғасырда әлемдегі алға озып кеткен 30 елдің қатарына қосылу үшін қол жеткізген жетістіктерімізге қарап отырып қалсақ, әрекетсіздігімізге опынатын боламыз.
Ендігі мәселенің бәрі Ұлттың сапасына қатысты болмақ. Ұлттың сапалы көрсеткіші ең әуелі – еңбекқорлығымен өлшенеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев қадау-қадау айтқандай, «еңбексіз ештеңе болмайды». Осыны терең ұғынуымыз керек.
Екінші кезекте – Ұлттың орындаушылық қасиетіне көп нәрсе байланысты. Бізде сөзуарлық көп, құр мақтан, даңғойлық пен даңғаза көп.
Қызыл сөздің қырманын күнде қуырып, күбісін күнде сапыра бергеннен ешкім игілікті әкеп бермейді.
Оның орнына нақты іспен айналысқан жөн.
Осы орайда әлеуметтік желідегі неше түрлі желсөз, желікпе пікірлерге кететін орасан күш-жігерді күнделікті тірлік арнасына бұру қажеттігін ұсынар едім.
Өмірге қажетті жоспарлау, оны қалыптастыру және орындау тәрізді өмірлік мәні бар тірлікпен айналысқан әлеу­мет өз игілігін өзі қалыптастырар еді. Мұның бірден-бір тиімді жолы – Азаматтық қоғамды қалыптастыру, ақырында – тәуелсіз елдің тәуелсіз азаматтарын қалыптастыру, биліктен ағайын іздеген қазаққа билікпен протоколдық (құдалық сияқты), дипломатиялық қатынасқа көшу.
Сонымен бірге бізге орындаушылық қасиетті орнықтыру діттеген меже, көздеген мақсатқа жетудің тиімді де төте жолы болар еді.
Тағы да Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтатын болсақ – «Ұлт жұмысы үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек».
Бостандық халықты бодандықтан да қатты сынайды деген даналық сөз бар. Ол сөздің даналығы парадоксқа құрылғанында. Былайша қарағанда, құлаққа кірмейтін қисынсыздық сияқты. Ал дұрысында бодандықта болғанда айтқанға көніп, айдауға жүрсең жетіп жатыр. Сен үшін басқалар ойланады, сен үшін басқалар шешеді, бас қатырмайсың. Бодандығыңа қорланып, бостандық бермегендерді сыртынан сыбап қойып, құлақкесті күйде жүре бересің. Ал бостандықта ше? Бостандықта ойланатын да өзің, орындайтын да өзің, бәріне өзің жауаптысың. Бұл ойды жаһанданудың жұлқыған желі күшейіп бара жатқан мынандай заманда айрықша атап айтқымыз, қадап көрсеткіміз келеді. Дүние тағы да дүбірлеп тұр. Әлем биполярлы сипатқа қайтадан ауысып барады – дүниедегі саяси күштер екі полюске бөлінуге бейімделіп тұрғандай. Санкциялар соғысы жүріп жатыр. Адамзаттың біркелкіленуі, ұлттық белгілердің бірте-бірте шайылуы күшейіп барады. Мұның бәрі біздей жас мемлекетке, тәуелсіздігінен бірнеше ғасыр бойына ажырап қалған біздей халыққа үлкен сынақ. Жаһандану жағдайында ұлттық қадір-қасиеттерімізді қастерлеп сақтау өте маңызды. Қазірдің өзінде халықтық қалпымызға сызат түсе бастағанын ендігі жерде жасырып-жаба берудің жөні жоқ. Талай адамның, соның ішінде жастардың еңбектен бой тасалайтын болғаны, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, арзан жолмен қымбат қазына табуға тырысатындар көбейгені, масылдық пиғылдың дендей бастағаны, мемлекеттен алу үшін алдымен сол мемлекетке беру керектігін ұмытатындар қатары ұлғайғаны жан ауыр­тады. Елбасымыз да, Президентіміз де бұл жағдайға орынды алаңдаушылық білдіруде. Осы орайда атқарар ісіміз жеткілікті.
Азғантай уақыттан кейін біз ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығына қадам басамыз.
Күрделі проблемалар қашан да болған. Біз соның бәрін біртіндеп шешіп келеміз.
Алда туындаған мәселелерді де толық шешеміз.
Барды бағалап, жоқты саралап, өз мүддесіне жету үшін, ең алдымен елдің мүддесін қапысыз қамдайтын естияр азамат бола білейік.
Еліміздің даму формуласы осыдан 28 жыл бұрын қабылданған. Елбасы ­Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен айтсақ, «Бостандықты бағалау­дан, азаттықты ардақтаудан, тәуелсіздікке тәу етуден артық ешбір бақыт жоқ. Тәуелсіздік – тәуекел еткеннің ғана тағдырына бұйыратын бақыт!». Осы айтылған нәрсенің бәрін «Тәуелсіздік», «Бірлік», «Намыс» деген тұжырымдармен түйіндеуге болады.
Ұлт болып ұйысып ұмтылмасақ, жұрт болып жұмылмасақ есеміз кетеді. Рухымыз биік, жолымыз нұрлы, мемлекетіміз мәңгі болсын!
Тәу етер жалғыз кие­мізді – Тәуелсіздігімізді бағалай білейік, көзіміздің ­қарашығындай қорғай ­білейік, әлеумет!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button