Білім

Назарбаев Университеті түлектері

Осы оқу жылынан бастап еліміздегі маңдайалды оқу орны Назарбаев университетінде ақылы бөлім қосылды. Бір академиялық оқу жылы 18375 АҚШ долларын құрайды. Жаңалық жаңсақ пікірлердің қалыптасуына себеп болғаны сөзсіз. Бірі оқу ордасында тек қалталылар оқи алады десе, екіншілері тіптен түлектердің білімін жоққа шығарып үлгерді. Назарбаев университетін «су тегін» бітірген түлектер ондағы оқудың қыр-сырымен бөлісті.

ЖАРТЫ ТӘУЛІК ОҚУМЕН ӨТЕДІ

kamila-rollan

Бірінші кейіпкеріміз Камила Роллан университетте саясаттану ғылымын тереңірек меңгерді. «Неліктен Назарбаев университеті?» деген сауалға былай деп жауап берді: «Оқу ордасы жайлы әлі ашылмай жатқан кезде естідім. «Бо­лашақ» стипендиясы бакалавриат дәре­жесі үшін жабылып, оның орнына Астана төрінде жаңа университет орын тебеді деп айтып жатты. Жаңалықтардан оқу бағдарламасы тек ағылшын тілінде, ал профессорлар құрамы шетелден болатынын білдім. Бірден даярлыққа кірістім».
– Алғашында мамандығым бойынша жұмыс істеймін немесе шетелде оқуды жал­ғастырамын деп ойладым. Алайда мен үшін күтпеген жайт болды. 2012 жылдан бас­тап әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды оқыту жобасын қолға алдым. Студенттер университет қабырғасында балаларды тегін оқытады. Материалдық жа­ғынан мұқтаж оқушылардың үлгерімі төмен болатындығы жайлы ғалымдардың көптеген зерттеулері бар. Біздің жоба осы мәселені шешуге арналған. НУ сайтында инклюзивті білім беру бойынша магистратура бағдарламасын көріп, бақ сынап көрдім. Нағыз жаныма жақын мамандықпен енді қауыштым. АҚШ-та білім алып, халықаралық конференцияларға да қатысып тұрамын. Алайда өз елімде қалып, балалардың білім алуын қолжетімді ету менің де еншімде екенін түсіндім. Осы жылы біздің жоспарда үкіметтік емес ұйым ашу бар. Әрі қарай докторантураға түсу ойда. Өз басым оқуға күніне 6-10 сағат жұмсаймын, кейде көбірек. Лекциялар күніне 6 сағат болса, үй жұмысын орындауға 4-12 сағат кетеді.

ҮЙ ЖҰМЫСЫ ЗЕРТТЕУГЕ ҚҰРЫЛАДЫ

Келесі түлек – Ерден Серікбаев. Ол университеттен алғашқы 447 сту­денттің бірі болып түлеп ұшты. «Мен мектепті бітіретін жылы (2010 жылы) Назарбаев универ­си­теті әлі жоқ еді. Бірде «Астана қала­сының иннова­циялық технологиялар уни­вер­ситеті» ашылды деп естідік. Бұл уни­верситеттің басында Елбасының атында болатынынан хабарсыз едік. Білім ордасына түсу талаптарын көр­геннен кейін, білек сыбана дайындала бастадым» деп ағынан жарылды ол.

erden2
Иә, расымен, сол жылы университетке түсу үшін 5000-ға жуық түлек ниет білдірді. Бір гранттан он адам үміткер болды.
– Алғашында «Foundation» бағдар­ламасы бойынша физика-математика бағы­тында бір жыл оқып, содан кейін Инже­нерлік мектепке «Химиялық инженер» маман­дығы бойынша қа­былдандым. Универ­ситетіміздегі оқу үрдісі өте керемет. Кредиттік жүйе әр студентке өзі қалаған курсты таңдап, сабақ кестесін құруға мүмкіндік береді. Сабақтардың сапасы профессорға байланысты еді: жақсы профессор болса, сабағы қызық әрі мазмұнды өтетін. Кейбір сабақтарға қатысу міндетті емес, әдетте, ондай кезде аз студент отыратын еді. Үй жұмысы ретінде көбінесе зерттеу жұмыстары берілетін. Сабақ көбінесе таңғы тоғыздан кешкі беске дейін жалғасатын. Университетте оқу қиын емес, оңай деуге де келмес. Демалыс күндерімді кітапханада өткізіп, тер төккен кездерім болды. Алайда оқудан тыс шұғылданатын істерді таста­майтын едім. «iNUnison» вокалды-инструменталды ансамблінде дауылпазшы болдым.
Дәл қазіргі уақытта Орал қаласы дарынды балаларға арналған мектеп-лицей-интернатында физика пәнінің мұғалімімін. Бұл менің уақытша жұмысым емес, бұйыртса, еңбек жолымды осы жолда жалғастырғым келеді. Бұл таң­дауыма университетіміздің қазақ тілі кафедрасының басшысы, ұстазым, екінші анам – Гүлтас Сайынқызы себепкер болды. Ұстазымның өнегеге толы лекциялары халқыма аянбай еңбек етуге үйретті. Ал ұстаз болудан артық мамандық жоқ мен үшін. Университетте көріп-білгенімнің барлығы өз ісімді сапалы атқаруға көмегін тигізіп жатыр, – деп өз сөзін түйді Ерден.

ЖИЕНДІК ЖАСАҒАНДАР УНИВЕРСИТЕТТЕН ҚУЫЛАДЫ

– Мектепте оқып жүрген кезде университет жайлы әртүрлі әңгімелер еститінмін. Анығы – НУ халықаралық стандарттарға сай жоғары білім беретін оқу ордасы. 2010 жылдан бері толықтай бюджеттен қаржыландырылды, енді гранттармен қоса, ақылы оқуға да мүмкіндік туды, – деп әңгімесін бастады Арғын Нұртазин.

arghyn-nurtazin
– Мен ағылшын, математика және физика пәндері бойынша емтихан тапсырдым. ҰБТ-ға дайындықтың арқасында барлығынан сүрінбей өттім. Технология және ғылым мектебінің математика мамандығына қабылдандым. Оқушы кезімнен математиканы қатты жақсы көрдім, сол себепті таңдауда қиындық туындаған жоқ.
Университетіміз – студенттік өмірдің қыз-қыз қайнаған ордасы. Бітпейтін емтихандар, қысқа мерзімде тапсыруға тиісті үй тапсырмасы, ұйқысыз өткен түндер, түрлі-түрлі шаралар, қызықты жобалар – мұның барлығы Назарбаев университеті студентінің өмірінде кездеседі. Бәріне үлгеру мүмкін емес, дегенмен әр студент оқуды бірінші кезекке қоятын.
Бүгінде «Үлкен төрттік» (ағылшынша BigFour) аудиторлық компанияның бірінде салық және кеңес беру депар­таментінде жұмыс істеймін. Университет қабырғасында жүріп, еңбек нарығында қажетті дағдыларды бойыма сіңірдім. Әлем елдерімен терезесі тең Назарбаев университетінің алғашқы түлегі болғаныма мақтанамын.

2015-2016 жылдары Назарбаев университетін 1068 студент тәмамдады. Олардың ішінде 2015 жылы 447 түлек бітірсе, биыл 621 студент оқу бітірді.
2015 жылғы түлектердің 40 пайы­зы АҚШ, Ұлыбритания және Қазақстанды қоса алғанда, көптеген басқа да елдердің Стэнфорд Университеті, Массачусетс технологиялық институты, Лондон Империялық колледжі, Лондон Университеттік колледжі, Пенсильвания Университеті сияқты әлемнің жетекші университеттерде өз оқуларын жалғастыруда.
2015 жылғы түлектердің 47 пайызы консалтинг, білім беру, мұнай және газ саласында, мемлекеттік сектор және ұлттық компанияларда еңбек етуде.

Лекцияларды көптеп қалдырсаң – бір жылдық оқуың есепке алынбайды. Үй жұмысы мен бақылау жұмысын өзің орындамай, плагиат болып танылса, бір жылдық оқу тұрмақ, университеттен де шығуың ықтимал. Қасыңдағы досыңнан көшірсең де сол жағдай. Сол себептен, пара берем деп әуреленбесең болады. Төмен балл алған студент стипендиядан қағылады. Үлгерімің жоғары болса, шәкіртақыны көтереді. Айта кетерлігі, шәкіртақы мөлшері Қазақстанның барлық студенттерінікімен бірдей.
«Егер бұл жүйе сізге тым қатал болып көрінсе, адал еңбекке дайын бол­мағаныңыз. Барлығы қоғамда дәл осылай жұмыс істеу керек. Егер бүгін көшіру – әдеттегі іс болса, ертең пара беру де оңай» дейді Камила.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button