Сұхбат

Мемлекеттік қызмет – жауапкершілігі үлкен міндет

Елордада 69 мемлекеттік мекеме болса, онда 3500-ден астам қызметші жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы азаматтармен қарым-қатынасы, қызмет көрсету сапасы үнемі бақылауда. Мемлекеттік қызметте тәртіп бұзған кейбір азаматтар арнайы кеңес отырысында тәртіптік жазаға тартылады. Жалпы, астаналық мемлекеттік қызметшілердің міндеті, олардың біліктілігі, мемлекеттік мекемелерде кездесетін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Астана қаласы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Тілеген Қаскинмен әңгімелескен едік.

Тілеген ҚАСКИН,
ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қаласы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы

img_2751

– Тілеген Төлегенұлы, абыройлы міндеттің бірі – мемлекеттік қызмет. Осы салада жұмыс істейтін елордалық азаматтардың бүгінгі құрамы мен біліктілігіне көңіліңіз тола ма?

– Мемлекеттік қызмет, әрине, үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Мемлекеттік саясатты дұрыс жүзеге асырып, азаматтарға сапалы қызмет көрсетуге міндеттейді. Астаналық мемлекеттік қызметшілердің қазіргі жағдайына талдау жасасам, мемлекеттік органдарда 3966 азамат жұмыс істейді. Жергілікті атқарушы органдарда – 932, орталық мемлекеттік органдарда – 3034. Оның ішінде, саяси мемлекеттік лауазымда – 6, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымында – 9 және «Б» корпусында – 3517. Мемлекеттік қызметшілердің 60%-ын әйелдер құрайды. Ал, қызметшілердің басым бөлігі – 30 жасқа дейінгі азаматтар. Жоғары білімділер – 93%.

– Қызметке қабылдану конкурс бойынша жүргізілетіні белгілі. Жыл басынан бері қанша конкурс ұйымдастырылды?
– Мемлекеттік органдардағы 1362 әкімшілік қызметке азаматтарды қабылдау үшін 343 конкурс өткізілген болатын. Өткізілген 343 конкурсқа 346 адам бақылаушы ретінде қатысса, эксперт ретінде 304 адам қатысты.

– Өзіңіз білесіз, сыбайлас жем­қорлық көп жағдайда мемлекеттік органдарда кездеседі. Оның алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Департамент 18 мемлекеттік органның қызметіне талдау жүргізген еді. Нәтижесінде, 250 сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда еке есеге артқанын білдіреді.
Жалпы, мемлекеттік қызметшілер үшін өткізілген іс-шаралардың пайдасы көп. Жыл басынан бері 136 семинар және дәрістер өткізілсе, оған 6 мыңнан астам адам қатысты. Мысалы, Департамент «Нұр Отан» партиясының «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел» бағдарламасы аясында Астанада мейманхана ашып кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлерге мемлекеттің жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын түсіндіру бойынша іс-шара өткізді. Конституция күніне «Ата Заң – құқықтық мемлекет қалыптастыру жолын белгілеген Қазақстан халқының тарихи таңдауы» қалалық ғылыми-тәжірибелік конференция да көптің қызығушылығын туғызды. Жиында Ата Заңды құрметтеу, оның ережелері, заманауи, құқықтық мемлекет туралы айтылды. Одан кейін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін қамтамасыз етудің, мемлекеттің функцияларды әлеуметтік-мәдени жүзеге асырудың бір негізі» тақырыбында мемлекеттік кәсіпорындар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, үкіметтік емес ұйым басшыларының қатысуымен қалалық конференция өтті. Ал, Ұлттық бюро департаментімен бірлесе заңдылықты сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сұрақтары бойынша «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» Акционерлік қоғамының қызметкерлер ұжымымен түсіндіру кездесуін өткіздік. Бес реформаны іске асыру бойынша ақпараттық-анықтамалық материалдарды әзірлеуді қамтамасыз ету және БАҚ-қа жіберу мақсатында 2000 буклет құрастырылып, таратылды. Департамент бойынша телефон және мекенжай туралы жазылған ақпарат, тіпті БТТ төлем тізімдемесіне енгізілді.
Әдеп жөніне келсек, Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен «КАМЕДА» қоғамдық қорымен бірлесіп, «Азаматтық бақылау» жобасын ұйымдастырдық. Ол бойынша «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы әдеп жөніндегі уәкілдердің рөлі» тақырыбында семинар-кеңес өткен еді.

– Бір сөзіңізде мемлекеттік мекемелер қызметіне талдау жүргізілді деп айтып қалдыңыз. Нақты қай мемлекеттік органдарда жемқорлық көп тіркелгенін айта кетсеңіз?
– Нақтырақ айтсам, ұйымдас­тырушылық-әкімшілік қызметте 87 дерек тіркелді. Өткен жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 61%-ға артқан. Сонымен қатар, жасырын мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлері –27, сатып алу бағаларын (тауар­лар, жұмыстар, қызмет көрсетулер) жоғарылатудың 20 фактісі анықтады. Нәтижесінде, мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша жалпы сомасы 181 913 710 көлеміндегі бюджет қаражатының тиімсіз шығындарына жол берілмеді.

– Әдеп жөніндегі кеңес отырысында көптеген тұлғалар жауапқа тартылып жатады. Осы уақытқа дейін қанша лауазымды тұлғаның тәртібі қаралды?
– Әдеп жөніндегі кеңестің 5 отырысы өткізілді, онда 25 мәселе қамтылды. Оның көбі басшылық лауазымдағы азаматтардың тәртіптік ісіне қатысты. Отырыс соңында екі азаматқа сөгіс жарияланса, біреуіне ескерту берілді және біреуіне жұмыстан шығартуға ұсыныс енгізілді. Сонымен қатар Білім, Денсаулық сақтау, Мәдениет, мұрағаттар мен құжаттамалар, Ішкі саясат және Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану жұмыс қорытындылары тыңдалды.

– Енді қызмет көрсету саласына ойыссақ. Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы қандай?
– Мемлекеттік мекемелердің берген есебіне сүйенсем, 2016 жылдың тоғыз айында 7 306 148 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік қызмет көрсету 131%-ға өскен.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің 64%-ы стандартқа сәйкес көрсетілген. 18%-ы Мемлекеттік Корпорация филиалдары немесе «электрондық үкімет» порталы арқылы ұсынылған. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде 67 коллизиялық және проблемалық сұрақтар анықталды. Осыған байланысты мамыр айында Департаментпен және Астана қаласының Халыққа қызмет көрсету орталықтарымен бірге әрекет ету жөнінде меморандумға қол қойылды. Меморандум бойынша жаңа жұмыс тобы құрылып, халыққа қызмет көрсету кезіндегі проблемалық сұрақтарды оңтайлы шешуді, азаматтардың мемлекеттік қызмет алу барысында әкімшілік кедергілерді болдырмау мақсатын көздейді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button