Жаңалықтар

Панасыздар көбейді

Күн суытқалы Астанадағы Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына келушілердің саны артты. Бүгінде мұнда 126 адам тіркелген.

img_6421

«Тоғызын ауруханаларға жібердік, ал қалған 116-сын тамақтандырып отырмыз. Бәрінің де үй-күйі жоқ» дейді Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Динара Шапина.

«Сырқаттарды ауруханаға жатқы­за­мыз. Бізде түрлі адамдар келеді. Құжатсыз болса бір жыл, басқа жақтан келсе бір ай бойы бізде қалады» дейді Динара Шапина.

Оның айтуынша, белгілі тұрағы жоқ адамдардың кейбірі мекемеге өздері келсе, қалғанын құқық қорғау органдарының немесе жедел медициналық көмек қызметінің қызметкерлері алып келеді.

Айта кетейік, бұл мекеме 2001 жылдан бері панасыз, кәсібі және тіршілік ету қаржысы жоқ тұлғаларға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмектер көрсету, сонымен қатар, Астана қаласында криминогендік жағдайды қысқарту және сани­тарлық-эпидемиологиялық, қоғам­дық тәртіпті қамтамасыз ету мақ­сатында қызмет етеді.

Өткен жылы аталмыш мекемеге 1275 адам келіп түскен. Оның 300-інде ғана жеке құжаты болса, қалған 984-інде жеке басын растайтын құжаты болмай шыққан. Орталық солардың 134-інің құжатын қалпына келтіріп, 10 адамның «қызыл паспорты» жеке куәлікке ауыстырылған. Ал, 92 азамат орталықтың күшімен жұмысқа орналастырылған.

Қаңғыбастар қамытын кигендердің жетеуі Қарттар мен мүгедектерге ар­налған әлеуметтік медициналық мекемеге орналасып, тұрақты жайын тапты. 55 адам денсаулығына байланысты мүгедектікке рәсімделіпті. Ал 63 азаматқа жасына байланысты зейнетақы мен мүгедектігіне қатысты әлеуметтік төлемдер алуын қамтамасыз еткен. Осы кезеңде республиканың өзге аймақтарынан келген 310 адам келген жерлеріне қайтарылған. Ағайындарынан қол үзген жүз адамның жақындарымен байланысып, туыстарының алып кетуіне қол ұшын беріпті. Ешқандай туысы табылмаған 60 азамат өздері тіркелген басқа облыстардағы баламалы әлеуметтік орындарға жеткізілген.

– Күн сайын диспетчеріміз барлық тірек пункттерімен, ПИК, қала вокзалдарымен байланысады. Егер белгілі тұрағы жоқ адамдар анықталса, оларды мекемемізге алдыртуға тырысамыз. Қала бойынша 9:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейтін мобильді әлеуметтік жасағымыз біздің қарауымыздағы санатқа кіретін адамдарды жылдам жеткізе алады. Мұнда оларға медициналық көмек көрсетіліп, әлеуметтік ахуалына талдау жасап, көрсетілетін қызметті белгілейміз, – дейді астаналық Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейім­делу орталығы дирек­торының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Динара Шапина.
Осылайша, құрдымға кеткендерді құтқару үшін орталық қолдан келген бар мүмкіндіктерді қарастырып отыр.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button