Жаңалықтар

Астана – достық мекені

Елорданың білім беру мекемелерінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған этномәдени бірлестіктер күні акциясы басталды

erm_5034

Еліміздің мерейлі мерекесіне арналған шаралар 16 желтоқ­санға дейін жалғасатын болады. Қазақстанның ең басты құндылығы әрі жетістігі болып саналатын ынтымақ пен бірлікті ұлықтайтын айтулы акцияның алғашқы шарасы Астанадағы Көлік және коммуникациялар колледжінде өтті.

Салтанатты шара барысында «Возрождение» немістер қоғамы, «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігі және «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының өнерпаздары өз өнерлері арқылы еліміздегі бірлік пен берекені бейнелеп көрсетті. Елімізде мекендейтін барлық ұлттардың бір шаңырақ астында берекелі өмір сүріп келе жатқанын әспеттеген әндер шырқалып, ел тәуелсіздігін ұлықтаған өлеңдер оқылды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқысымен өткен бағдарлама аясында қаламыздағы 27 этномәдени бірлестіктің жұмысы қамтылады. Жоғары оқу орындары мен колледж­дерде ұйымдастырылатын іс-шара жастарды ұлтаралық ынтымақ пен бірлікке шақырып, Қазақстанда тұрып жатқан этностардың салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтауға бағытталады» дейді «Қырғызстан-Астана» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаилов.

Этномәдени бірлестіктер күні елордадағы барлық оқу орындарында өтеді. Бүгінгі таңда университет студенттері де, колледж оқушылары да, мектеп шәкірттері де тәуел­сіздік мерекесіне арналған айтулы акцияны өткізуге ыстық ықылас танытып отыр.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button