Руханият

Ұлтымыздың ұйтқысы – оңтүстік

Кезінде халқымыздың Қалағаңы атанған көрнекті қаламгер Қалтай Мұхамеджанов ағамыз «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» деп айтқан екен. Айтса айтқандай, Астанадағы Оңтүстік Қазақстан облысы күндері аясында жылы өлкеден жеткен жыл құстарындай бірқатар мәдени шаралардың шымылдығы түріліп, елордалықтарға тамаша тарту жасалды.

6b7e62807549a1764e77ac87a506a4d6

ШЫРАЙЛЫ ӨЛКЕНІҢ ШЕЖІРЕСІ
Алдымен бас қаладағы Ұлттық музейде Оңтүстік Қазақстан облысы Бейнелеу өнері музейінің «Шырайлы Оңтүстік шежіресі» атты жылжымалы көрмесі ашылды.

Көрмеде халқымыздың ұзына бойғы тарихындағы елеулі ке­зеңдері қамтылған. Хандық дәуір­ден басталған жәдігерлер мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс пен екінші дүниежүзілік соғысты бейнелеген картиналар қойылды. Сонымен бірге, көрмеде Қазақстанның графикасын қалыптастырған суретшілер В.Оленовтің «Кеңестік бейбіт аспан күзетінде», Е.Сидоркиннің «Қыз Жібек», «Ақсақал», А.Дроздовтың «Іле өзенінің жаңа арнасы» және Қ.Тыныбековтің «Домалақ ана», «Туған өлке», Б.Өтеповтің «Бәйтерек» сынды гобелендері көпшіліктің назарына ұсынылды.

Шараның ашылу салтанатында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков сөз алып, өңірдің тарихы мен руханияты туралы салиқалы сөз қозғады.

– Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Астанада Оңтүстік Қазақстан облысының күндері өтіп жатыр. Осы жиырма бес жылда еліміз үлкен белестерді бағындырды. Оған Оңтүстік Қазақстан облысының да қосқан үлесі зор. Әсіресе, мәдениет пен өнерде айтулы жаңалықтар көп болды. Оны осы көрмеден көруге болады, – деді ол. Өз кезегінде Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай да елордалықтарға тамаша сый жасаған оңтүстік­қазақстандықтарға алғысын білдірді.

Көрмеден кейін музейдің концерт залында Халықаралық «Алаш» сыйлығының лау­реаты, белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызымен кездесу өтті. Онда ақын жұртшылыққа жаңа өлеңдерін оқып, оқырмандармен емен-жарқын тілдесті. Кеш барысында оның өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. Халайық «Хан қызындай Ханбибі» деп еркелететін ақын апайымыздың кеші Әбдімомын Желдібаев ағамыздың «Ерке сылқым» күйіндей жаймашуақ кейіпте болды.

ЖАЗУШЫЛАРМЕН ӨТКЕН ЖҮЗДЕСУ
Оңтүстік өлкеден қалам ұстаған қайраткерлер көп шыққан. Әсіресе, бала күнімізден осы өңірден қанаттанған Нәсіреддин Серәлиев пен Қарауылбек Қазиев ағаларымыздың шығармаларынан сүйсініп оқушы едік. Осындай ардақты азаматтардың ізгі жолын жалғаған Мархабат Байғұт ағамыздың туындылары да бір төбе.

Оқырмандармен кездесуге арналған кешті қара сөздің жүйрігі атанған Мархабат ағамыздың өзі мөлдіретіп жүргізді. Ол кісі оңтүстіктегі әдеби әлем туралы тереңірек әңгімеледі. Мұнда да алғашқы сөзді Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков алып, аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен мәдени қуаты жайында парасатты ой өрбітті. Кітапхана директорына өңір туралы жаңадан шыққан кітаптарды сыйға тартты.

Кештің көрігін оңтүстіктен келген Нармахан Бегалы, Ханбибі Есенқарақызы, Бақытжан Алдияр, Серік Сейітман секілді белгілі ақындар қыздырды. Әсіресе, әрбір өлеңі таңғы шықтай мөлдіреп тұратын Нармахан Бегалы ағамызды көріп, қуанып қалдық. Ақындардың барлығы да жаңа өлеңдерін оқыды. Өздерінің туған өлкелері жайында салмақты сөз қозғады. Шара барысында облыстық «Отырар» ғылыми әмбебап кітапханасының «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Сонымен бірге, дәл осы кітапханада оңтүстіктен ат арытып келген жас ақын Дәурен Айманбеттің жыр кеші өтті. Оған елордалық шайырлар да қатысты. Барлығы да жас дарынға ізгі лебіздерін білдірді. Ақынның өзі де осы кешті ұйымдастыруға ұйытқы болған кітапхана ұжымы мен оқырмандарға алғысын айтты.

bal_7457

КӨРЕРМЕН ЖҮРЕГІН ЕЛЖІРЕТТІ
Кешке қарай Жастар театрында Оңтүстік Қазақстан облысының Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры жазушы Сәбит Досановтың «Тозақ шеңбері» атты трагедия­сын астаналықтарға тарту етті. Қойылымға желтоқсан оқиғасы арқау болған. Ондағы қайсар қыз-жігіттердің өшпес рухы бейнеленген. Бас кейіпкерден желтоқсан қаһарманы атанған Қайрат Рысқұлбековтің тұлғасын тануға болады. Сол кездегі алаңға шыққан жастардың азапты сәттерін көргенде, көзімізге жас келді. Спектакльдің қоюшы режиссері – Ш.Айтматов атындағы халық­аралық сыйлықтың иегері Қуандық Қасымов. Қойылымды жұртшылық өте жылы қабылдады.

«Спектакль маған өте ұнады. 86 жылғы көтерілістің қалай болғаны, қалай өткені тура көз алдыма келді. Көзіме еріксіз жас алдым. Осы қойылымды сондай шынайы етіп көрсеткен театр әртістеріне шын жүректен алғыс айтамын. Осындай патриоттық шығармалар жастарға көбірек көрсетілсе дейміз. Олар азаттықтың қандай жолмен келгендігін білу қажет» дейді Сәуле Қарсыбекова деген көрермен.

Сондай-ақ, астаналықтар «Оңтүстік-фильм» киностудиясы түсірген бірқатар кинолар мен мультфильмдерді тамашалады. Дәл осы өлкеде балаларға арналған мультфильм түсірудің жақсы дамып келе жатқанын байқадық. Мәдени күндер соңы Конгресс-холл сарайындағы оңтүсік өлкенің үш жүзге жуық өнер шеберлерінің қатысуымен өткен «Ән шашуым өзіңе, мерейлі Астанам» атты гала-концертке ұласты. Оны Астана әкімі Әсет Исекешев пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев тамашалады. Шара аясында «Нұрын шашқан Оңтүстік» атты фотокөрме ұйымдастырылды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button