ӘлеуметБасты ақпарат

Несие несімен қатерлі?

Қазақстанда несие алмайтындар жоқтың қасы. Тіпті халықтың дені кредитпен күн көріп отыр десек те артық емес. Сосын да шығар, біздің елде несиенің пайыздық көрсеткіші өте жоғары. Оны төмендетудің жолдары қалай деген тақырып төңірегінде Қазақстан орнықтылық қорының менеджері, қаржы саласының сарапшысы Айбар Олжаевпен әңгімелескен едік.

– Қазір біздің елде теңгенің пайыздық мөлшерлемесі 59%-ға дейін көтеріліп кетті деген әңгіме айтылып жүр. Осы жағдайға байланысты алдағы уақытта Ресейдің банктері қазақстандықтарға несие бере бастауы мүмкін деген болжамдар да жоқ емес. Мұның мүмкіндігі қаншалық? Егер мүмкін болса, біздің азаматтарға қандай тиімділігі бар?

– Біздің азаматтардың шетелден несие алуына келсек, белгілі бір адамның басқа елдің банкінен кредит алуына ешқандай шектеу жоқ. Ресей банктері егер біздің азаматтарға кредит береміз десе ол Ресейдің ішкі шаруасы болып табылады. Бізде қазір Еуразиялық Экономикалық Одақ төңірегінде бірқатар салаларды ретке келтіру мәселесі қарастырылуда. Оны Еуразиялық Экономикалық комиссия деген ұйым жасайды. Ол ұйым Мәскеуде жұмыс істейді. Егер осы комиссия банк саласындағы  кредиттік тарихты ортақ пайдалану керек деген пәтуға келсе, онда одақ құрамындағы ел азаматтарының өзі қалаған елінен қарыз алуы жеңілдей түседі. Қазір аталған одақ аясында банк саласын ретке келтіру жұмыстары жүргізліп жатыр. Еліміздің қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің мәліметіне сәйкес, ретке келтру жұмыстарының белгілі бір сатыға жеткендігі анықталды. Егер Ресей кредиттік тарих нарығындағын біріздендіруге қол жеткізетін болса, онда ресейлік банктер Ресейде отырып кредит бере алады. Біздің азаматтар ол жаққа барып куәлігін көрсетсе болғаны, олар ортақ базадан оның несие тарихына қарайды да,  шартқа сәйкес келсе несие бере береді. Ресей банкінің біздің елге келіп лицензия алуы қажет емес. Қазір Ресей орталық банкінің ставкасы – 7,5%, біздің ставка – 16,75%. Демек біздің банктер сол 16,75%-дан төмен кредит бере алмайды. Негізі бізде және Ресейде ортақ стандарт 5 пайыздық маржа бар, ставка қанша болса, соның үстіне 5 пайыз қосылады. Сонда Ресейдегі ставкалардың ортақ ставкасы – 12,5 пайыз. Біздегі кредиттердің қазіргі ортақ ставкасы – 21,75 пайыз, Ресейде бізден екі есе арзан болып тұр. Енді осы орайда қаржылық сауаттылығы жоғары азаматтарда «Ресейге барып рубльмен кредит алған тиімді» деген сұрақ туындайтыны, әрине, заңдылық. Бұрын адамдар рубльді кредиттен қорқатын, себебі рубль көбінесе қымбаттап отыратын. Сол себепті бізге Ресейден кредит алу тиімсіз болады. Ал қазіргі жағдайда рубль жоғарылайды дегенге ешкім сенбейді, рубль керісінше арзандауы мүмкін. Сондықтан 12,5 пайыз ставкамен теңгеге шаққанда рубльмен кредит алу біздің азаматтар үшін тиімді.

– Біздің азаматтар Ресейден барып кредит ала бастаса, біздің банктерге және экономикаға соққы болмай ма?

– Жоқ, керісінше бұл бәсекелес­тікті арттырады. Экономикаға да қатты соққы болады деп ойламаймын. Ондай азаматтар көп болмайтын шығар және Ресейде қандай банктер кредит беретіні, ол да белгісіз. Оның үстіне Ресей банктері ондай қадамға барып, кредит төлемеген Қазақстан азаматтарының артынан қуалап жүруге тәуекел ете ме деген мәселе тағы бар.

Қазір Ресей орталық банкінің ставкасы – 7,5%, біздің ставка – 16,75%. Демек біздің банктер сол 16,75%-дан төмен кредит бере алмайды

Егер бұл жүзеге асса, біздің банктердің маржасын түсіруге, бәсекелестікті арттыруға, қаржылық қызмет сапасының артуына және қаржылық қызметтердің арзандауына септігі тиеді.

– Жалпы біздің елдегі ставканы төмендететін жол барма?

– Біздің ставка инфляция қалай төмендейді, солай бірден төмендейді. Ставканың жоғары болуы инфляциямен тікелей қатысты. Қазір біздің ел инфляцияны 20 пайыздан кем дегенде 12 пайызға дейін түсіруді мақсат етіп отыр. Президент те сондай талап қойған. Ставка түсірудің бір амалы – кредиттің бәрі қымбат болу керек, адамдар кредит алуды тоқтатуы керек. Сол кезде бізде нарықтан басы артық ақша деген болмайды. Макро экономикалық заңдылыққа сәйкес, егер инфляция көбейіп кетсе нарықтан бас артық ақшаны алып тастау керек болады. Сол кезде баға төмен түсе бастайды.

 

Қазір депозиттің ставкасы – 17-17.5 пайыз, адамдар несие ала бермей, ақшаны депозитке қоюы керек. Өйткені Қазақстанда депозиттен жақсы ақша табуға болады. Ресейде ондай жоқ.

– Елімізде «Жекелердің онлайн кредит рәсімдеуіне шектеу қоямыз» деп жатқаны осымен қатысты ма?

– Жоқ, онлайн кредит ол көбінесе қаржылық қауіпсіздікке қатысты. Негізі классикалық банктердің кредиті – 21.5 пайыз.  Ал микро қаржы ұйымдары кредит тарихы нашар, тарихы бұзылған адамдарға кредит бере береді. Яғни басқа банктерден кредит ала алмаған адамдар алады ол жерден. Біздің елде шамадан тыс кредиттік жүктеменің артып кетуі осы жағдаймен тікелей қатысты. Сондықтан қазір 56 пайыздың мөлшерлемені қайтадан 48-46 пайызға түсіру мәселесін қарастырып жатыр.

– Қазір кредитті айтсаң баспана мәселесіне келіп соғады. Кредит пен үйдің арасындағы қарым-қатынасты реттеп, баспананың бағасын арзандатуға мүмкіншілік бар ма?

– Баспана бағасын арзандату үшін қазір мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар бар арзан ставкалық. Соларды қысқарту процесі жүріп жатыр. Арзан ипотека, ставкасы төмен ипотека нарықтап кетсе, сондай-ақ адамдар үй алуды тоқтатқан кезде, баспана бағасы біртіндеп орнына келе бастайды. Қазір Ұлттық банктің өзі қойып отырған стратегиялық мөлшерлемесі – 4-6 пайыз. Егер инфляция осы шекке дейін төмендесе, ипотека 10 пайызға дейін түседі. Инфляция азық-түлік бағасына да, баспана бағасына да әсер етіп жатыр.

Қазір бәрі «кредит қымбаттап кетті, не істейміз» деп жанұшырып жүр. Бұл – мемлекеттің сигналы. Қазірше кредит алмай қоя тұру керек, бағалардың бәрі орнына келсін, инфляция орнына келсін. Содан кейін кредиттердің бәрі арзан болады деген сөз, шамамен 1,5 жыл шыдау керек. Бірінші баға түседі, одан кейін базовый ставка түседі.

– Ендігі бір мәселе Қытаймен визасыз режим болып жатыр. Енді қытайлық қаржы салушылары да бізге келеді, Қытаймен ашық елге айналатын болсақ, біздің қаржы саламызға қалай әсер етуі мүмкін? Бұл жағын зерттеп көрдіңіз бе?

– Негізі бұған дейін Қытай инвестициясы бізге келіп қойды. 14 күн визасыз режимді 14 күннен 30 күнге созды. Енді Халықаралық қорғас сауда орталығы ашылса шекара аралық сауда жанданады. Біз бұрын көп тауарды Ресейден алып жүретінбіз, алдағы уақытта ол азаюы мүмкін. Олар енді ішкі өндірісімен өздерін ғана қамтамасыз етеді. Сондықтан Қытайдың басты импартер болып келгені жақсы болды. Қытай биылдан бастап импартерға айналды. Осы статусты 12 жыл бойы Ресей ұстап келді. Біздің елдің Қытайдың мұнай, газына тәуелділік жоқ, тек технологиялық тауарларға деген сұраныс бар.

– Қытайдың тауарлары көптеп кірсе, өзіміздің өндірісті дамытуға қиындық болмай ма?

– 30 жыл уақыт болды, біз өз өндірісімізді жасай алмадық. Басында кластерлік дедік, сосын индустриялық, инновациялық даму дедік, сосын жоғары технологиялар шығарамыз дедік, алайда оның ешқайсысын істей алмадық. Енді Қытайдан ғана жоғары технологиялар алатын боламыз. Өйткені біз жоғары технологиялық тауарлар шығара алмаймыз. Бізге енді қарапайым заттар экономикасы келді, яғни қарапайым тауар өндіруден бастау керек. Біз өзіміздің шекарамызды жауып тастап отыра алмаймыз, себебі біздің мұхитқа шығатын жолымыз жоқ. Сондықтан бізге жан-жағымыздағы елдермен алыс-беріс жасауға тура келеді. Өйткені бізге де әлемдік нарыққа шығу керек. Біз мұнайымызды сатуымыз керек, рудаларымызды сатуымыз керек, соның барлығы көрші елмен жақсы болсаң сол ел арқылы өтіп, Еуропаға, яғни әлемдік нарыққа шығасың.

– Ресейге салынған экономикалық санкцияның бізге қандай ықпалы болуы мүмкін?

– Ресейге салынған экономикалық санкциялар бізді өте көп тәуекелдермен бетпе-бет келтірді. Қазір қиыншылықтар болмағанымен, алдағы уақытта көптеген кедергілері болуы мүмкін. Өйткені қазір Ресейден сыртқа шығатын тауарлардың бәріне шектеу қойылды, ал біз Ресей арқылы сыртқа тауар шығып отырған еліміз. Ресей арқылы Еуропаға  тауар шығару арзан болады. Ресейдің жолы жабылғаннан кейін бізге басқа жолдар іздеу керек болды, бірақ олардың үстіне қосымша құн қосылып жатыр. Сондықтан Ресейге салынған санкциялар осы жағынан бізге кедергі болды. Бір жағынан, әрине, бұл – біздің болашақта дамуымыз үшін керек нәрсе. Жалпы санкция Америка Құрама Штаттарынан басқа ешбір елге пайда әкелмейді. Өйткені олар Еуропаның Ресейден келетін тауарының орнына өз шикізатын ауыстырып алды. Америка Құрама Штаттары бұл жағынан толығымен ұтты. Ал Ресеймен көрші отырған біз логистикалық жағынан біраз ұтылдық. Бірақ Ресейдегі халық­аралық компаниялар бізге келсе, онда ол бізге плюс болар еді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button