Басты ақпаратЕлорда тынысы

Төреқұлов пен Сәдуақасов

көшесі қайда?

Астанада ұзындығы 868 шақырым құрайтын 1129 көше бар. Тарихи оқиғалар мен байырғы шаһарларды дәріптейтін көшелерді оңай табуға болады. Бізге қызықтысы, тұлғатану бағытында көше атаулары еді. Сондай тағылымы мен танымы ерек көшелер Алаш қозғалысының ірі өкілдері Нәзір Төреқұлов пен Смағұл Сәдуақасовтың есімімен аталады. Алайда бұл көшелерді орталықтан таппадық.

ТӨРДЕН КӨШЕ БҰЙЫРМАДЫ

Расында Төреқұловқа төрден көше бұйырмай, босағадан орын берілді. Байқоңыр ­ауданының әкімшілік территориясына жататын Қырқыншы станциясындағы Н.Төреқұлов көшесі туралы айтып отырмыз. Бұрынғы атауы – Вокзальный. Жалпы ұзындығы – 935 метр.

Мемлекет және қоғам қайраткері, тұңғыш қазақ дипломаты Нәзір Төреқұловқа бас қаланың бас көшесі бұйырса, әсіресе алыс-жақын шет елдің елшіліктері орналасқан аймақтағы көшенің бірі аталса, жарасар ма еді?!

Қаланың ономастикалық комиссия мүшелері тоғыз жолдың торабында орналасқан Қырқыншы станциясындағы негізгі көшеге қайраткер тұлғаның есімін беруді дұрыс деп шешіпті. Мейлі ғой, көшенің салтанаты жарасып, тұрғындарға жайлы болса. Бұл туралы Алматы ауданының бас инспекторы Еркебұлан Өмірбеков жауап беріп:

– Қазір елорданың шеткі аймақтарында абаттандыру жұмысы қарқын алды. Теміржолшылар қонысында да әлеуметтік жобалар іске асуда. Соның бірі – көшелерді жаңарту, жаңғырту жұмысы. Елді мекендегі Ақтасты мен Максим Горький көшесіне асфальт төселсе, тамыз айында Екібастұз көшесі орташа жөндеуден өтеді. Нәзір Төреқұлов көшесіне арналған жобалау-сметалық құжаты дайын. Нарықта автокөлік жол құрылысына керекті тауар бірнеше есеге қымбаттады. Осыған байланысты көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы жобаны қайта пысықтауда. Жоба нақтыланған жағдайда көшені асфальттаумен қатар, кәріз жүйесі мен жарықтандыруды орнату және жаяу жүргіншілер жолы салынады, – деді.

«Қырқыншыда» 16 шақырымды құрайтын 19 көше бар. Оның екеуі әйгілі космонавт Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың құрметіне берілді. Біріншісінде 28 тұрғын үй бар. Ұзындығы – 380 метр. Ал екіншісінде небәрі 15 үй орналасты. Ұзындығы – 350 метр. Ең ұзын көшесі – Екібастұз. Ұзындығы – 980 метр. Теміржолмен жапсарлас жатқан Нәзір Төреқұлов атындағы көшеде қатынас көп. Теміржол вокзалына баратын негізгі көше. Тұрғындар осы көшенің қазіргі жай-күйіне алаңдаулы екенін жасырмады.

Станция алғашқы құрылған жылдары 10-15 түтін болса, қазір оның саны 700-ге жетіп, 13 мың адамнан асты. Теміржолшылар қонысы – Петропавл – Қарағанды – Балқаш және Барнаул – Павлодар – Астана – Қарталы – Магнитогорск қаласын қосатын теміржол қиылысында орналасқан стратегиялық маңызды объект. Мұнда әрі-бері өткен жүк пойыздарына техникалық қызмет көрсетіледі. Жолаушылар пойызы уақытша тұрақ ретінде тұрады. Сондықтан әрі-бері қатынайтын көлік қатынасының ағымы жоғары.

Қоныс тұрғындарынан Нәзір Төреқұлов туралы не білетінін сұрадық. Қайрат тұлғаның елге сіңірген еңбегін білетіндер көп болып шықты. Елді мекен тұрғыны Торғай Мақажанова:

– Нәзір Төреқұлов – қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш елші. Ол Сауд Арабиясында дипломатиялық қызмет атқарды. ХХ ғасырдың 30 жылдары араб елі мен КСРО арасында қарым-қатынас орнауда көп еңбек сіңірді. Сондай тұлғаның көшесі атына заты сай болса екен, – дейді.

ҚАЙРАТКЕРЛІК – ТЕКТЕН

Бүгінде Нәзір Төреқұловтың туған жеріне байланыс­ты екіұдай пікір бар. Мұның анық-қанығын зерттеуші ғалымдар дәйектер. Қалай болғанда да текті әулетте тәлім алып, жастайынан ілім-білімге құмартып өседі. Алғашқы білімді Қоқандағы жәдидтік бағыттағы медреседен алды. Сонда оқып жүріп араб тілін үйренеді. Араб тілін білгені Сауд Арабиясында елші болып қызмет еткенде көмегі тиеді.

Медреседен кейін ұлт өкілдеріне арналған орыс училищесін және Қоқандағы коммерциялық училищені бітіреді. Мұнда экономика негіздері мен сауда байланыстарын меңгереді. Бұл оқу орындарында француз және неміс тілін меңгеруге мүмкіндік туады. Бұған қоса түрік тілін де білді. Өз заманының полиглоты болды.

1914-1916 жылы Мәскеу коммерциялық институтының экономика факультетінде білімін шыңдады. Қазан көтерілісінен кейін большевиктер қатарына қосылды. 1919 жылы Түркістан ағарту комиссары, 1920 жылы Түркістан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы, 1921 жылы Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 1922 жылы Мәскеуге шақыртылып, КСРО халықтары Орталық баспасы басқармасының төрағасы ретінде ғылыми-педагогикалық жұмыстарға басшылық етті. Сөйтіп, бүкілодақ көлемдегі жұмыстарға белсенді араласты. 1927 жылы Сауд мемлекетінің өкілетті өкіл болып тағайындалды.

Оның елшілік қызметін арабтар да жоғары бағалады. Оған король Әбдел Әзиз әл-Сауд, ханзада Фейсал жылы ықылас танытты. Соның арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізі қаланып, Сауд үкіметі мен Кеңес одағы арасындағы саяси және сауда байланысы нығая бастады. Оның екі ел арасындағы беделі 1932 жылы Сауд Арабиясының болашақ королі, ханзада Фейсалдың КСРО-ға сапары кезінде де анық көрінді.

1937 жылдың шілдесінде қамауға алынып, ату жазасына кесілді. Оған Рысқұловпен байланыс орнатты, Түркия тыңшысы болды деген айып тағылды. Алаш жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлын қамқорлыққа алып, баспаға қызметке тартқаны да өзіне жала болып жабысты.

Нәзірдің жазықсыз жапа шегіп, атылып кеткенінен хабардар болған Әбдел Әзиз әл-Сауд король мен оның айналасындағылар Кеңес одағымен арадағы дипломатиялық байланысты үзді. Сөйтіп, 1990 жылға дейін екі ел арасында елшілік байланыс болған жоқ.

РУХЫ ТУҒАН ЖЕРМЕН ҚАУЫШТЫ

Алаштың тағы бір қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың көшесі Есіл ауданына қарасты шеткі аймақ – Үркер елді мекенінде орналасқан. Үмбетей жырау көшесінен басталып, Мәди көшесінде аяқталады. Әбілхан Қастеев, Сыпыра жырау, Сырым батыр көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1000 метр.

Арқаның топырағынан жаралған Смағұл Сәдуақасовтың елордаға еш жаттығы жоқ. 2011 жылы Смағұл Сәдуақасовтың Мәскеу жанындағы Дон зиратының ғимаратында арнайы ыдыс­та сақталып келген мәйітінің күлі елордаға жеткізіліп, туған жеріне табысталды. Осынау ғибратты шараның аясында Астананың көрнекті көшесінің біріне С.Сәдуақасовтың есімі берілгенде үндескен, үйлескен тыңдырымды бір іс болар еді-ау! Олай болмады, тек Үркердегі көшесін қанағат тұтамыз. Айт­қандай, №78 мектеп-гимназиясы мемлекет және қоғам қайраткерінің атына берілді.

Смағұл Сәдуақасовты ерекше жақын тартуымыздың өзіндік сыры бар. Ол қазақ баспасөзінің қалыптасып, дамуына үлес қосып, «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», яғни бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметін атқарып, журналистік мектептің негізін қалауға үлес қосты.

Ол он жасына өз әкесі ­Сәдуақас хазіреттен тәлім-тәрбие алып, одан кейін Әбіл молда мектебінде білімін жалғас­тырады. 1912-1915 жылы Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ училищесін бітіріп, бір жыл мұғалім болады. Сосын Омбыдағы ауылшаруашылық мектебіне түседі.

1918-1920 жылдары «Центросибирь» кооперативтер бірлестігінде қызмет етсе, 1920 жылы Орынборда Қазақстандағы алғашқы жастар ұйымының хатшысы болып сайланады. Сол жылы жаңа құрылған Қазақ Автономиялы республикасының үкімет басшылығына қызметке алынады.

1925-1926 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінің жауапты шығарушысы (екі рет басқарды) әрі «Қызыл Қазақстан» («Ақиқат») журналының редакторы, 1925-1927 жылдары Қазақ АССР Халық ағарту комиссары, 1927-1928 жылдары Ташкенттегі қазақ педагогика институтының ректоры қызметтерін атқарады.

1928-1932 жылдары Мәскеу көлік инженерлері институтын оқып бітірген соң Мәскеу-Донбасс теміржол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек етті. Мемлекеттік, қоғамдық қызметпен бірге әдеби-ғылыми шығармашылықпен айналысып, сол кезде шығып тұрған қазақ, орыс тілдеріндегі көптеген газет-журналдарда мақалалары жиі жарияланды.

Таным-түсінігі терең тұлға С.Сәдуақасов пен Ф.Голощекиннің көзқарасы іс қағаздарды қазақ тілінде жүргізу, қазақтың оқыған, көзі ашық зиялы қауымына қамқорлық таныту және тағы басқасына келіспей, қызметтен шеттеледі, кейін репрессия құрбаны болды.

P.S: Тарихшы Ханкелді Әбжанов айтқандай, Астана ашық аспан астындағы тарих оқулыққа айналып, елдіктің ордасы ретінде мақтанатын болдық. Тұлғатану ілімін дәріптейтін көшелердің салтанатын жарастыруда талғам пен талап керек сынды. Олай болмаса, қайраткер тұлғаларға орталықтан да көшелер табылар ма еді?!

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button