Жаңалықтар

«Нұрлы жүректегі» жылы жүздесу

Елорда әкімі Алтай Көлгінов «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, мекеме қызметкерлерімен және балалармен кездесті.«Нұрлы жүректе» сал ауруына шалдыққан, эпилепсия, хромосомия­лық аурулары мен аутизм диагнозы, Даун синдромы бар, ұштасқан сөйлеу қабілеті бұзылған, психикалық ауытқуы бар балаларды қоғамға бейімдей отырып, олардың ем-шара алуына барлық мүмкіндік жасалған. Сырқат деңгейіне қарай топтастырылған орталықтың үш корпусында қазіргі таңда 281 бала, оның ішінде 155-і – күндізгі бөлімде, 126-сы стационарда емделуде. Орталықта 300-ден аса маман жұмыс істейді.
– Сіздер игі әрі күрделі жұмыс атқарып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмектесесіздер. Сіздерге алғысымды білдіремін, еңбектеріңізді бағалаймыз. Көптеген балалар көмек пен оңалтуды қажет етеді. Сондықтан қосымша корпус ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсетумен айналысатын әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған жатақхана салу мәселесін қарастырамыз, – деді Алтай Көлгінов.
Әкім ерекше балалардың өнерін тамашалап, мекеме қызметкерлерімен бірге естелік суретке түсіп, сый-сияпатын табыс етті.
Қалада ерекше қажеттіліктері бар адамдардың саны 26 мың болса, оның 5,5 мыңы – балалар. Келесі жылдан бастап ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес осы салада еңбек етіп жүрген әлеуметтік қызметкерлерінің жалақысы 30 пайыздан бастап көтерілетін болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button