Басты ақпарат

Қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажы – ұдайы назарда

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы өтті. Президент өз сөзінде кеңес мүшелері мемлекеттік орган өкілдерімен бірлесіп ауқымды жұмыс атқарғанын, қызу талқыланып, пікірталас туғызған көптеген ұсыныстар мен бастамалардың ескерілгенін жеткізді. Кеңестің басты мақсаты еліміздегі экономикалық және саяси мәселелер бойынша жүйелі, ұзақмерзімді, тиімді шаралар әзірлеу екенін айтты.Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде балама көзқарастан қорықпау процесі жүруде. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Президенттің «Әртүрлі көзқарас – бір ұлт» формуласы тікелей іске асып жатыр.
– Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жария еттім. Мұны жақсы білесіздер. Біз өз қызметімізде, ең алдымен, қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажын басшылыққа алуымыз керек. Халықтан жоғары және халықтан биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ. Ұлттық кеңес, бірінші кезекте, қоғамдық диалог пен сенім алаңы ретінде құрылды. Біз осы сенімді ақтауға тиіспіз. Әрине, азаматтарды алаңдатқан түйткілді мәселенің бәрін бірнеше айда шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен бірқатар мәселе бойынша алға ілгерілеп, шұғыл шешімдер қабылдадық. Жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Оның қарқынын бәсеңдетпейміз. Көкейтесті мәселенің бірі – жер және оны тиімді пайдалануға қатысты. Жақында Ақмола облысына жасаған сапарымда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімсіз пайдалану жайына назар аудардым. Бұл бағытта, менің ұстанымым – бекем: жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық, – деді Қ.Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік реформалар туралы айта келіп, көпбалалы отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек мәселесі әлі де өзекті болып отыр деп санайды. Үкіметтің алдына ашық әрі әділ атаулы көмекпен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Президент мемлекеттің тек мұқтаж жандарға ғана жәрдем беруі тиіс екенін айтты.
– Көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақыны дифференциалды, яғни айлық есептік көрсеткіштің 42,5 мың теңгеден 74 мың теңгеге дейінгі еселенген өлшемімен беру ұсынылады. Сонымен қатар жағдайы төмен отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет жасақталады. Мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлікпен және ең қажетті деген құрал-жабдықтармен қамтылады. Оқушылар мектепте ыстық тамақты тегін ішеді, мектепке барып-қайту жолақысы, сондай-ақ, мектеп формасы мен оқу құралдары тегін болады, – деп мәлімдеді Президент.
Мүмкіндігі шектеулі адамдар да назардан тыс қалмайды. Жұмыс берушілер оларды жұмысқа қабылдау үшін арнайы квота бөлуі тиіс. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс берушілердің міндетті 5 па­йыздық зейнетақы жарнасын төлеу­ді енгізу мерзімін кейінге шегерді.
– Жұмыс берушілердің міндетті 5 пайыздық зейнетақы жарнасын төлеуге қатысты дау-дамай басылар емес. Мұны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастау көзделген болатын, алайда әлі күнге дейін баршаға ортақ ұстаным жоқ. Сондықтан жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу мерзімі 2023 жылға дейін шегерілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ісінде асығыстыққа салынбау керектігі туралы айтты. Бұл жұмысты жан-жақты сараптап, нақты шешім шығару қажеттігін атап өтті.
– Ұсынылған латын графикасындағы әліпбидің үш нұсқасында да шикіліктер анықталды. Сондықтан бұған шынайы ғылыми тұрғыдан келу керек. Бұл жерде мәселе кириллден латынға ауысуда ғана тұрған жоқ, қазақ тілінің реформасы, оның жаңғыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сөзінің соңында халқымыздың саяси әрі құқықтық мәдениетінің артқанын айтқан Президент мәселе тек саясатта ғана емес екенін, көп нәрсе адамдар арасында, отбасында, яғни күнделікті өмірде ұстанатын қарапайым құндылықтарға байланысты болатынын атап өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button