Қала мен Сала

Табаны жылып тұратын тротуарлар

Бұдан бірнеше жыл бұрын наурыздың басында біз Норвегияның астанасы – Осло қаласында болғанымызда ондағы қар тазалау үрдісіне қайран қалған едік. Сол күні түнімен қар жауып шықты. Бірақ таңертең көшелерден де, тротуарлардан да бір жентек қар таппадық. Сөйтсек, мұнда да қар тазалау жұмысы ол жаңа жауа бастаған шақтан қолға алынып, қашан тоқтағанша толас таппайды екен. Қасат қары бір түскенде қарыс бойынан асып кететін өлкеде оны тазалау жұмыстарына айрықша көңіл бөлетін болып шықты.Жер шарының солтүстік белдеуін алып жатқан елде жыл сайын қар тазалау жұмыстарына 200 млн еуро мөлшерінде қаржы қарастырылады. Норвегтер қар тазалап, жинайтын көліктерінің саны жағынан да талай елді таңғалдырады. Тек ел ордасының өзінде осындай 300 көлік бір мезгілде қала көшелеріне шығарылады. Ал бүкіл арыс­тан арқалы түбек бойынша мұндай техникалар 2600-ге жетеді. Мұның сыртында осыған қарайлас грейдерлер, тракторлар және қар ататын агрегаттар тағы бар.
Норвегияның тағы бір ерекшелігі, бұл дәулетті елде тіпті велосипед жүретін жолдарды тазалайтын коммуналдық қызмет бөлімшесі де бар екен. Жоғарыда айтылған тротуарлар табандарын басқа қызмет жүйесі қардан тазалайтынын да естідік. Ежелгі викингтер ұрпақтары бұл жағынан да айлалы болып шықты. Олар үйлерге ыстық су жеткізетін құбырларды осы тротуарлар астынан жүргізеді. Өстіп, оның бетіндегі қар қапсыр­масының өзінен-өзі еріп, тазалау жұмысының оңай жүруіне жол ашады.
Мұндай дәстүр Исландия­ның негізгі кенті – Рейкьявикте де бар екен. Онда үйлер табиғи ыстық су көздері арқылы жылытылады. Осы сумен сондай-ақ экзотикалық жемістер өсірілетін жылыжайларға, сондай-ақ көшедегі жолдар мен тротуарларға жылу беріледі. Ыстық су ағып жататын құбырлар көше бойларын түгел қамтиды. Нәтижесінде жерге түскен қар заматында еріп, жол бойлары мен олардың жиектері ұдайы тазаланып тұрады. Бұл тіпті экология­лық жағынан да өте таза көрінеді.Айтатыны жоқ, Исландия­да ыстық су деген проблема емес. Бұл елдегі табиғи гео­термалды станса жердің беткі қабатында жатады, мұндағылар оны ыстық су көздері мен гейзерлер ретінде жылу энергиясына жаратады. Сондықтан исландтар үшін ыстық суды жүргіншілер жүретін тротуарлар астарына төсеу кезекті міндеттің бірі ғана болып табылады.
Қазіргі таңда әрбір қыс сайын көктайғақтан құ­тылу жайы Еуропаның көптеген мемлекеттері үшін нақты мәселе болып тұр. Жылдың бұл мезгілінде жауын-шашын аз түсетін оңтүстік өңірлер болмаса, басқа жақтардың бәрінде жолдардың басым бөлігін қар мен мұз басып жатады. Оларды тазалау үшін химиялық реагенттерді немесе тұзды қолдану мұнда оншалықты мақұлдана бермейді. Себебі біріншіден, оның машақаты көп, екіншіден, бұдан әрдайым күткен нәтиже алу да қиын. Сондықтан исландтар мұның бірден-бір тиімді тәсілі ретінде асфальтты қыздыру технологиясын өмірге батыл ендіре бастады. Бұл елде қазір жалғыз тротуарлар ғана емес, сонымен бірге көше бойларындағы орындықтар, қоғамдық көліктердің аялдамалары секілді басқа да қала инфрақұрылымы нысандары астынан жылытылып жатыр.
Бүгінде автомобиль жол­дары мен жүргіншілер соқ­пақтарын осындай әдіспен жылытушы елдер қатарын жоғарыдағы Норвегия мен Исландиядан басқа Канада, АҚШ, Финляндия және Жапония толықтырып отыр. Соңғы уақыттары Ресей де осындай технологияға көше бастады. Бұл ретте Финляндияның астанасы – Хельсинки қаласында қолға алынып жатқан асфальтты қыздыру тәсілі басқаларға үлгі болатын дәрежеде жүріп жатыр. Қалада бұл жұмыс электр
қуаты арқылы жасалады. Ауа райы айтарлықтай суық болып келетін Суоми елі үшін бұл таптырмайтын әдіс болып тұр.
Міне, әлем елдері осылайша қыс қиындығынан шығудың барынша тиімді де арзан тәсілдерін меңгеріп, іске қо­суға бағыт ұстап келеді. Елордада да бұл бағытта ізденістер аз емес.

Расул АЙТҚОЖА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button