Әлеумет

Өмірдің шуақты белесі

Өмір белесімнің шежіресіне қарасам, Астана педагогикалық колледжіне жұмысқа қабылданған 1988 жылдан бері педагогикалық практикамның әр кезеңі рухани кеңістікке жол ашқанын байқаймын. Әрине, егер сол кездерге шегініс жасасам, қабылдаған шешімімнің дұрыс екеніне әбден көз жеткіземін. Алайда жаңа ұжым, жаңа ортаға сіңіп, қалыпты жағдайда жұмыс істеуіме сол тұстағы колледж директоры, білікті басшы бола білген Отызбай Сүйіндікұлының ағалық қолдауы үлкен әсер етті.

Жүрегімде Отыз­бай Сүйіндікұлы білім мен тәрбиені қатар ұштастыра білген дара тұлға, санаулы ағартушылардың бірі болып қалды. Олай дейтінім, Отызбай ағайдың ұжымды басқарған уақытында көп мәселе кезек күттірмей шешілді. Ұрпақ тәрбиесіне ауадай қажет әдістемелік технологиялар тәжірибелі мамандардың шеберлігімен оқушыларға сәтті жеткізіліп отырды. Ұжымның психология­лық-педагогикалық ахуалы керемет болды. Талабы зор жастарды қолдап, қызметтік өсу жолында үнемі ағалық қамқорлық жасау Отызбай ағайдың басты ұстанымының бірі болған еді. Сондай жастардың бірі мен едім. Жалындап тұрған жас үшін үлкен ұжым, іскер тұлғаның алдында өз қабілетіңді дәлелдеп, кәсіби шеберлігіңді көрсету үлкен жауапкершілік артатын. Қанша именіп, қымсынсақ та, Отызбай Сүйіндікұлының ағалық қамқорлығының арқасында үлкен өмір мектебінен сүрінбей өттім деп айта аламын. Себебі асыл аға жүктеген міндеттерді атқарамын деген сенім мені алға жетеледі. Осы жылдары комсомол және кәсіподақ ұйымдарының жетекшісі, кейіннен оқу орны директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалуым басшы жүктеген міндет пен жүректегі сенімнің арқасы еді.

Келешегі кемел ұрпақты тәрбиелеп, оқытып, білім беретін ұстаздарды дайындайтын оқу орны алғашында «педтехникум» деген атаумен ашылған. 1972 жылы Отызбай Сүйіндікұлы оқу орнының директоры қызметіне тағайындалады. Кеңес өкіметінің солақай саясатына іштей қарсы шыққан Отызбай Сүйіндікұлы білім беру жұмысының қазақ қоғамына пайдалы тұсын барынша насихаттап, ғылыми айналымға енгізді. Қажырлы еңбек, табысты жобалардың арқасында сол жылдары оқу орны Бүкілкеңестік социалистік жарыстардың жеңімпазы атанып отырды. Бұл жетістік – колледж ұжымымен қатар, білікті басшы Отызбай Сүйіндікұлының табанды еңбегінің жемісі болатын.

Сенім мен жауапкершілікті жете түсінген білікті басшы Отызбай Сүйіндікұлы 1972-1991 жылдары Әділбек Майкөтов атындағы педагогикалық училищенің, 1992-1998 жылдары педагогикалық колледждің, ал 1999-2001 жылдары гуманитарлық колледж директоры қызметінде болды. Ағартушы-ұстаз, дара тұлға басқарған тұста оқу орнының материалдық-техникалық базасы жаңарып, жатақхана мен қосымша ғимараттар мәселесі шешімін тапты.

Педагогика саласының майталманы, дарынды басшы Отызбай Сүйіндікұлы мықты кадр ғана емес, стратегиялық ұтқырлығы басым азамат болды. Сөзіме дәлел ретінде айтсам, Отыз­бай Сүйіндікұлы болашағы зор, іскер маманды алыс­тан тани білді. Ол пікірі жаңсақ болған емес. Осы қасиеті­мен училищеге кәсіби біліктілігі жоғары, нағыз мамандарды қаладан, облыстан, тіпті, рес­публика көлемінен таңдап, шақырып алатын. Ұжымға, қатарымызға қосып, «Сіздер ұстаздардың ұстазысыздар, сіздерге зор үміт артып отырмыз» деп ынталандырып отыратын.

Отызбай Сүйіндікұлының мектебінен өткенімді әрқашан зор мақтанышпен айта аламын. Кезінде ұлағатты ұстазыма арнап жинақталған еңбекте өз пікірімді қалдырған болатынмын.

Бір айта кетерлігі, биыл Отызбай Сүйіндікұлының туғанына 95 жыл толып отыр. Колледжіміздің құрылғанына да 95 жыл болды. Бұл – символикалық сәйкестік. Біздің педагогикалық колледжіміздің тарихы сонау 1928 жылдан басталады. Ғасырға жуық уақытта оқу орны білікті кадрлардың арқасында үлкен белестерді бағындырды.

Колледжімізді әр жылы бітірген түлектеріміз әрі қарай білімін жетілдіру мақсатында жоғары оқу орнын тәмәмдап, қоғамның әртүрлі саласында тапжылмай еңбек етіп, халыққа қызмет қөрсетіп келеді.

Есімі елге танымал мықты түлектер:

1946 жыл түлегі – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақ КСР еңбегі сіңірген ұстазы, бірқатар оқулықтың (1-3-сыныптар. «Қазақ тілі», мұғалімдерге арналған әдістемелік нұс­қаулықтар) авторы Ақбөпе Бакирова;

1946 жыл түлегі – халық ағарту ісінің үздігі, 23 жыл қатарынан Астана қаласындағы №2 мектеп директоры болған Петр Кондрашов;

1948 жыл түлегі – ұзақ жыл мектеп директоры болған, Қазақ КСР оқу министрінің бұйрығымен «аға мұғалім» атағы берілген Қабден Шәмшікенов;

1949 жыл түлегі – «Арқа ажары» газетінде ұзақ жыл қызмет жасаған жазушы Сейітжан Садаутегі;

1953 жыл түлегі – Несібелі Иманқызы ұстаздығымен қатар, ақындығымен де елге белгілі болды.

1957 жыл түлегі – ұзақ жыл сол кездегі Ақмола облысы және қаланың білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының басшысы болған Анна Шевчук;

1960 жыл түлегі – мектеп басшысы, Торғай облысы құрылған жылдары аймақтағы педагогикалық училищенің тұңғыш директоры, кеңес өкіметі кезінде «Жылдың үздік басшысы», Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі, Мәскеуде өткен Бүкілодақтық мұғалімдердің бірінші съезінің делегаты Балкен Игенбайұлы;

1962 жыл түлегі – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Целиноград Ауыл шаруашылығы институтының оқытушысы Нұриден Еркенбаев;

1963 жыл түлегі – «Қазақ радиосының» сол кездегі дикторы Айман Ақшалова;

1973 жыл түлегі – оқу орнымызда ұзақ жыл бойы ұстаздық қызмет атқарған Алма Әшірбекова (бүгінде Еуразия институты жоғары колледжінің директоры);

1982 жыл түлегі – ұзақ жылдан бері педагогикалық училищеде ұстаз болған Айман Жұматаева (бүгінде Астана қаласындағы балабақша меңгерушісі);

1990 жыл түлегі – оқу орнын «үздік» белгімен аяқтаған Елизавета Айткожинова педагогикалық училищеде бірнеше жыл еңбек етіп, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде басқарма басшысы қызметін атқарып келеді;

1991 жыл түлегі – Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту ісі қызметкерлері бірінші съезінің делегаты Түсіп Рыспеков (бүгінде Орталық сайлау комиссиясында қызмет атқарады).

1991 жыл түлегі – мектепке дейінгі бөлімді «үздік» белгімен аяқтаған, бірнеше жыл қатарынан осы оқу орнында дәріс оқыған оқытушы Ләззат Боранбаева (қазіргі уақытта Астана қаласындағы «Мирас» балабақшасында педагог-психолог лауазымында еңбек етіп жүр).

Тарих жылнамасына қайта оралсақ, әрине, ол уақытта Қазақстанның саяси өмірінде түрлі қайшылық болып жатты. Колледж ұжымы сталиндік зұлмат-­зобалаңның салқынын да бастан кешірді. Музейде қойылған жәдігерлер, тарих беттерінде жазылған хаттамалар мен фотосуреттерден осы бір қасіретті оқиғаның дәйек-дәлелін байқауға болады. Соғыс пен ашаршылық, тың игеру, т. с. с. қиындықтарға қарамастан, оқу орны өз миссиясын жоғалтқан емес. Болашақ ұрпақ үшін маңызды білім беру қағидатын бұлжытпай орындаған. Бастауыш мектептерге арналған ұстаздарды тәрбиелеу сол тұстағы оқу орнының басты бағыты еді.

1961 жылдан бастап училищеде қосымша «балабақша тәрбиешісі» бөлімі, ал 1972 жылы «музыка» бөлімі ашылды. Бүгінгі таңда колледж республика мектептеріне ауадай қажет мамандар – бастауыш сынып мұғалімдерін екі тілде дайындап шығаруда. Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, музыка білімі, дене тәрбиесі мен спорт, информатика, т. б. мамандарды даярлауда.

2001 жылы колледжде «Дене тәрбиесі мен спорт» бөлімі алғаш рет ашылды. Осы бөлімге бір жылда 26 бала қабылданды. Бір қызығы, осы жылдары колледжге ер балалар көптеп қабылдана бастады.

Осы топқа жетекшілік етуді Отызбай Сүйіндікұлы маған сеніп тапсырған еді. Сол сәт есіме түсіп тұрғаны. Біздің топта 24 ер бала, 2 қыз бала оқыды. Ақылды, тәрбиелі һәм білімді оқушыларымды әрқашан мақтан тұтамын. Сол кезде өзім алгебра және геометрия пәнінен сабақ бердім. Бүгінде шәкірттерім рес­публиканың түкпір-түкпірінде түрлі қызмет атқарып жүр. Мектептер мен спорт орталықтарында қызмет етіп келе жатқан шәкірттерімнің жеткен жетістігі аз емес. Оқушылар халықаралық және республикалық жарыстарда еліміздің көк туын көкте желбіретіп келеді. Арақатынасымыз ешқашан үзілген емес. Тәрбиелі шәкірттерім осы күнге дейін мереке сайын хабарласып, құттықтап тұрады. Олардың шыққан белесін мақтанышпен айта аламын.

«Дене тәрбиесі мен спорт» бөлімінің алғашқы түлектері Нұржан Әу­бәкіров – бүгінде Астана қаласындағы мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің директоры, Жансұр Ильясов Астана қаласы №76 орта мектепте директордың орынбасары болып қызмет атқарады.

Шәкірттерім бүгінде алған білімі бойынша қала, облыс мектептерінде абыроймен қызмет атқарып келеді. Білім саласының көсегесін көгертіп, өмірлік ұстанымын, ерік-­жігерін осы бағытқа арнаған шәкірттерімді әрқашан мақтан етемін. Дене шынықтыру мен спорт саласында үлкен жетістіктерге жеткен олар ұстаздық жолын таңдағанына әрқашан риза. Бүгінде Дархан Қа­йырбеков, Күмісгүл Төлеген, Маратбек Сәлей, Асқар Сағынбеков, Арайлым Көшербай, Саясат Тілеу­хан, Самат Махметов, Бақыт Тежекенев, Фархат Смағұлов, Бақтияр Жақсылықов, т. б. шәкірттерім мамандығы бойынша қала және облыстың білім беру мекемелерінде ұстаздық етіп келеді.

Осы оқу орнының әр кезеңде жаңа биікке көтеріліп, кәсіби дамуына үлес қосқан әріптес апай-ағайларымыз да бар. Солардың бірі Бану Әнуарбекқызы Нарымова туралы айта кетуді адами парыз санап отырмын. Бану Әнуарбекқызы 35 жыл тапжылмай колледжде жұмыс істеді. Оның 21 жылында директордың оқу ісінің орынбасары қызметінде болды. Бану Әнуарбекқызы – оқу орнының іргетасын қалаған ұстаздардың жаңа кезеңінің эстафетасын алған тәжірибелі маман, білікті ұстаз, өнегелі жан. Әріптесіміз өзіне де, ұжымның алдына да зор міндеттер қойып, оны қатаң тәртіп, бұлжымайтын қағидалармен орындап отырды. Бану Әнуарбекқызы желтоқсан айында 70 жасқа толады. Сүйікті әріптесіміз, жоғарыда айтқанымдай, саналы ғұмырының 35 жылын осы оқу орнына арнаған. Таңертеңнен кешке дейін жұмыста болып, оқу процесіне жан-тәнін салып, күш-қуатын сарқыған аяулы жан. Сондықтан да бүгінгі колледжіміздің абыройы мен мәртебесі Отызбай Сүйіндікұлы, Бану Әнуарбекқызы сияқты өнегелі азаматтардың есімімен тығыз байланысты. Осындай тағдырды нәсіп етіп, өмір жолымда тұлғалы азаматтарды кезіктіргені үшін Аллаға шүкір етемін. Шынымен, біз осындай ұлы тұлғалардың өмір мектебінен өткенімізді мақтанышпен айта аламыз.

Колледжде, сырттай қарағанда, ел сүйсінетін әріптестік сабақтастық үрдісі жолға қойылған. Бұл да біздің оқу орнымыздың ынтымағына үлес қосып отырған фактор екені анық. Аға буын өкілдері шәкірттерінің өзі тәжірибелі ұстаз болып келді.

Түлектеріміздің кейінгі толқыны да үлкен жетістікке жетіп, қоғамның түрлі саласында абыроймен қызмет атқарып келеді. Олардың ішінде біздің педагогикалық колледжімізде еңбек етіп жүргендері де бар. Олар – Гүлмира Жақсылықова, Лада Макаренко, Маржангүл Мұтайхан, Еркегүл Мұтан және т. б. Міне, бұл – ұжымымыздағы педагогикалық үйлесім мен сабақтастық дәлелі.

Шынын айту керек, ұзақ жыл білім саласында қызмет атқарған мен үшін елордадағы қазіргі педагогикалық колледждегі еңбек жолым, жиған тәжірибем өмірлік азық болды.

Отызбай Сүйіндікұлы елордада оқу-ағарту саласын дамытумен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласты. Оның айқын дәлелі – Астана қаласының құрметті азаматы атанды.

Айша АБЕНОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button