Мәдениет

Өмірі – өнері

ҚР Ұлттық музейінде «Күй атасы – Құрманғазы» атты өскелең ұрпаққа берер тағылымы, тәрбиесі мол кеш өтті. Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері, Астанадағы музыка мектептерінің шәкірттері Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа», т.б. күйлерін төкті. Шараға қатысқандар күй атасының өмірі мен шығармашылығы туралы ой өрбітті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәде­ниетіміздің бір парасы ғана» деп жазған еді. Осыны және биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлттық домбыра күні бекітілгенін еске алған аталмыш музей директорының міндетін атқарушы Леонид Кочетов мәдени мұраны насихаттау туралы айтып, Құрманғазының қазақ өнеріндегі орнына тоқталды.
Күй атасының өмірінен бөліп тастауға болмайтын өнері жайлы күйші, композитор, дирижер, ҚР мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов кеңірек әңгімеледі. «Құрманғазының өмірі өте қиын болды. Түрмеде болды, айдауда жүрді. Көп қасірет шекті. Өмірінің сондай кезеңдерінің барлығында күй шығарып отыр­ды. Күйшінің қазіргі күні бізге 200 күйі жетіп отыр. Ол – нағыз рухани азық, мәдени мұра. Қолдарына домбыра алып, ата-бабасының күйін шертіп отырған мына балалар – елдің ертеңі. Қара домбыра ұстаған балада сезім болады, ондай ұрпақ халқының қамын күйттейтін нағыз азаматқа айналмақ» деген күйші өзі де Құрманғазының бірнеше күйін шабыттана тартты.
Құрманғазы күйлерінің насихаты Астанада жақсы жүріп жатқанын айта кету керек. Мәселен, жуырда бас қаланың Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі жаңа маусымын күй атасына арналған концертпен ашты. 29 қазанда «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы «Қуаныш» атты кешін ұлы күйшіге арнамақ. Ал 17 қарашада Астанада Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» операсының концерттік қойылымы өтеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button