Басты ақпаратМәселе

Онлайн-несие орға жықпасын

Цифрлы дамыған заманда несие алу үшін банкке барып, бірнеше беттік қағаз толтырудың қажеті шамалы. Қашықтықтан-ақ оп-оңай рәсімделетін несиенің онлайн түрі бар. Тиімдісі сол – ешқандай қағаз құжаттарды қажет етпейді. Онлайн-қарыз алу үшін жеке басыңызды куәландыратын құжаттың деректерін енгізсеңіз болғаны. Ал қалтасы жұқаларға бұл – ұтымды дүние. Тіпті мұндай несиені беретін ұйымдар жұмыссыздарға да шектеу қоймайды. Табысыңды, жұмыс орныңды, дүние-мүлкіңді сұрастырмайтын онлайн-несиеге қызыққандардың дені көп, әрине. Алайда алмақтың да салмағы бар. «Күліп келіп, жылап қайтатын» қарыз болмасына кепіл жоқ.

Екінің бірі туған бауырдан банкті артық көретін қоғамда несібесін несиеден тапқандар жоқ-ау, сірә. Олар ағайын-туыстан қарыз алғанша, банкке жүгінгенді құп санайды. Екінші деңгейлі банктерге емес, жылдам ақша беруші орталықтарға, оның ішінде онлайн- несие ұсынатындардың қызметін таңдайды. Себебі олардың дені 18-ден асқан азаматтарға кемі 5 мыңнан 150 мыңға дейін қаржы ұсынады. 500 мыңға дейін несие беретін орталықтар да жоқ емес. Ғаламтордан іздесеңіз, онлайн-несие делінген сайттың түр-түрлісі шығады. Көздің жауын алатындай дизайн жасап, тұтынушыларды өзіне тартатын маркетингі де ойластырылған. Пайыздық үстеме 0% дегеннің өзі арбап тұратындай.

Айтқандай, онлайн-несиені рәсімдеу үшін жұмыс орнынан анықтама қағазы, зейнетақы төлемдерінің бар-жоғы, несие тарихы сұрастырылмайды. Банк бөлімшелеріне барып, уақыт кетірудің де қажеті жоқ, кепіл де керек емес. ЖСН теріп, ұялы телефон арқылы 15 минутта әп-сәтте қалаған ақшаңыз төлем картаңызға түседі. Көпшіліктің екінші деңгейлі банктерге жүгінбей, онлайн-несиені алуы да осыдан көрінеді.

Қазақстан Ұлттық банкінің ресми дерегінше, елімізде заңды түрде тіркелген 239 микроқаржы ұйымы бар. Оның ішінде онлайн форматта 50 АЕК-ке дейін микрокредит беруді ғана жүзеге асыратын 30 компания бар. Несие төлемі бойынша ақпарат аталған микроқаржы ұйымдарының ресми парақшасында жарияланады.

Қазақстан микро­қаржы ұйымдары қауымдастығының (МҚҰ) соңғы ақпараты бойынша сектордағы проблемалық борышкерлердің саны 555 мыңға жуық адамды құрады, оның 496 мыңы – мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын онлайн-несие тұтынушылары. Бұл ақпарға ҚР Қаржы нарығын зерттеу және дамыту агенттігінің де мәліметі сай. Ведомствоның айтуынша, 10 қарашадағы жағдайға сәйкес берешегі 90 күннен асатын борышкерлердің саны 140 мың адамды құрады

Көпшілік үшін микроқаржы ұйымдары – бұл несие беретін ең соңғы сатыдағы ұйымдар. Яғни тұтынушылар «қара тізімдегі», несие тарихы нашар азаматтарға екінші деңгейлі банктер несие беруден бас тартқан жағдайда, одан бөлек, келесі жалақысына дейін күнделікті қажеттіліктерін (тамақ, баспана, жол жүру және т.б.) төлеуге шұғыл түрде қаражат қажет болған кезде ғана жүгінеді.

«Қаржы қақпанынан» сақтаныңыз

Қараша халықтың арасында бірнеше банктен алған қарыз «қамытын» кигендер көп. Ал «жылдам ақша беруші» ұйымдардың қақпанына іліккендер тіптен жетіп артылады. Солардың бірі – елордалық тұрғын Жалғас Құрмашев. Ол үш ай бұрын онлайн-несие рәсімдеп, кейін өтейтін уақыты келгенде, ақшасы болмай, қарызға батқан еді. 70 мың теңгеге қарыз алған Жалғастан онлайн-қарыз беруші компания 300 мың теңге қайтаруды талап етті.

– Онлайн несиені уақытылы төлемегенім үшін пайызы артыла берді. Қарапайым несиеден пайыздық үлесі жоғары болады екен. Қарызымды төлеу үшін достарымнан, таныстарымнан ақша сұрадым. Иә, қарызымды төлеу үшін тағы қарызға баттым. Негізі, оп-оңай алынғанымен, қайтарымы қиынға соқты. Сондықтан басқаларға кеңес етпеймін. Онлайн-несие беретін микроқаржы ұйымдарының ұсыныстарында артықшылығынан кемшілігі басым, – деді ол.

Енді бір онлайн несие құрбаны – бастауыш сынып мұғалімі Гүлжазира Сәтбекова. Ол 3 жыл бұрын Ақмола облысынан ­Алматыға көшкен еді. Айтуынша, сатқан үйінің ақшасын депозитке салды.

– Бізге ұнаған үймен делдалдар айналысады екен. Олар ипотека алуды ұсынды. Алайда біз онлайн алаяқтардың құрбаны болдық. 6,5 млн теңге көлеміндегі депозитімізді шешіп алған. Құжаттарымыздағы деректерді алып, 4 микроқаржы ұйымынан атымызға 10 млн теңгеге несие алған. Сөйтіп біз 3 баламен далада қалдық. Тұңғышымыз – бірінші топтағы мүгедек. Банк барлық шотымызды бұғаттап тастады, – деп қарыздан қарызға батқан ол тығырықтан шығар жолды таппай отыр.

Алаяқтық өршіп тұр

Иә, қашықтықтан несие беретін қаржы ұйымдары жеке мәліметтердің сақталуына жауап бермейді. Сондықтан құжаттарыңыз алаяқтардың қолына ілігуі әбден мүмкін. Нәтижесінде заңның солқылдығынан биыл жыл басынан бері интернет-­алаяқтық саны 12 мыңға жетті. Елдегі үш мегаполистердің ішінен ең көбі – Астана қаласында (2295 заң бұзушылық).

Алаяқтар өз тұзағына бірнеше тәсіл арқылы желі қолданушыларын түсіреді. Мәселен, кей жағдайларда алаяқ интернет-жарнама иесіне қоңырау шалып, сатушыға оның банктік деректемелері бойынша төлем жасауды ұсынады. Сатушының өз еркімен берген деректері алынғаннан кейін, оның атына несие рәсімделеді. Алынған мәліметтердің көмегімен алаяқ­тар интернет-банкингке қосылып, шоттағы ақшаны демде суырып алады.

Осылайша, интернет арқылы алданғандардың шағымы жиіледі. Мысалы, жақында Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны әлеуметтік желілерде таралатын хабарламалардан 51 азаматтың жоғалған жеке куәліктерін тауып, ондағы деректерді қаржы ұйымдарының сайтында теріп, 5 миллион теңгенің көлемінде қалтасын қалыңдатқан жайы бар.

Сондай-ақ банк қызметкері ретінде қоңырау шалып, атыңыз­ға несие рәсімдеуі соңғы кезде көп. Олардан сақтану үшін бөтен нөмір телефон шалса, алмаңыз. Ешбір банк қызметкері несие алушыларға қоңырау соқпайды. Сонымен қатар, интернет-қауіпсіздікке жіті мән беретіндер үшін Бірінші кредиттік бюро сайтында ақылы болып табылатын «Несиені тоқтату» (Stop credit) қызметі бар. Аталмыш қызмет арқылы жеке тұлғалардың несие есебі қаржы ұйымдарына көрсетілмейді, қолжетімсіз болып қалады. Осы арқылы алаяқтардың қақпанынан сақтана аласыз.

ҚР Ішкі істер министрлігі интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатымен  қазақстандықтарды SMS-хабарламалар арқылы хабардар ете бастады. Осылайша, ведомство интернет-қылмыстар санын қысқартпақ. Төменде ІІМ ескерту хабарламаларының мәтіндері келтірілген:

– «AnyDesk» және «TeamViewer» қолданбаларын нұсқау­лықтар бойынша орнатпаңыз;

– «Сізге мүлікті кепілге алу туралы хабарланды ма? Банкке шұғыл қоңырау шалыңыз!»;

– «Сізге несиені рәсімдеу туралы хабарланды ма? Банкке шұғыл қоңырау шалыңыз!»;

– «Сізден онлайн несиені рәсімдеу сұралды ма? Телефонды қойыңыз! Бұл алаяқтар!»;

– «Сізден жеке деректеріңізді, шот нөміріңізді, СМС-кодтарды атауды сұрады ма? Бұл алаяқ­тар!».

Айта кету керек, жоғарыда аталған «AnyDesk» және «TeamViewer» бағдарламалары – транс-ұлттық сипаты бар қолданбалар. Себебі қылмыс жасаушылар Қазақстанның аумағынан тыс жерде болу мүмкін деген қауіп бар.

Қаржылық сауат – қоғам қажеті

Мамандардың айтуынша, әдетте несие алушылардың басым бөлігі қарызға батса, әйте­уір, соны төлеп жүре береді. Неліктен қарызға батқанын, өз құқығын соңына дейін қорғауға құлықсыз. Әрине, оған қаржы сауаттылығының ақсап тұрғаны себеп. Қаржылай сауатты азаматтардың қашықтықтан алынатын несиеден күдіктенетіні белгілі. Ал өзгелері оңды-солды несие үлестіретін қызметтің бұл түрін пайдаланып, артынша опық жейтініне көзіміз жетіп отыр.

Экономист Мақсат Халық онлайн несиенің негізгі артықшылығы – оңай алынуы дейді. Оның пікірінше, алыс-шалғайдағы өңірлердің тұрғындары да ғаламтордың көмегімен несие рәсімдей алады. Ал басты кемшілігі – онлайн форматта жүргеннен кейін алаяқтардың қолына ілігуі.

– Несие беретін микроқаржы ұйымдарына Ұлттық банктен арнайы қаржылық операцияларды жүргізуге рұқсат беретін лицензия­лары болса ғана сенуге болады. Ұлттық банкте арнайы Қаржылық қадағалау агенттігі бөлімі бар. Лицензияны сол бөлімнен алса болады. Кей жағдайда лицензиясы жоқ қаржы ұйымдары халықтың сауатсыздығын пайдаланып, ЖШС не ЖК тіркелгені туралы куәлікті көрсете салуы мүмкін. Оған алданбаған жөн. Нақты құжаттарды талап ету керек.

Осыдан бірнеше жыл бұрын онлайн несиелер күніне 2,5 пайыз­дан, жылына 900 пайызға дейін есептейтін еді. Мәселен, 100 мың теңге қаржы алынып, несие алушы оны бір жылдай қайтармаса, өсім жүре береді. Нәтижесінде 1 миллион теңге қарыз шығарып беретін. Ал қазіргі таңда бұл үрдіс заңмен бекітілді. Екінші деңгейлі банктермен бірдей 56%-ды құрайтын жылдық мөлшерлеме енгізілді, – деді экономист.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де онлайн-несие­нің кемшін тұстарын алға тартып отыр. Агенттіктің мәліметінше, халықтың алып жүрген қарыздарының көбі – онлайн-несиенің үлесінде. Жыл басынан бері қарыз алғандардың саны 380 мыңға өсті. Яғни микроқаржы ұйымдарынан несие алғандардың 88%-ның 15,8-і қашықтықтан алынатын несиенің үлесіне тиесілі. Сол себептен агенттік кепілсіз кредиттің көбеюіне байланысты онлайн-несие беруді 45 күнге 50 АЕК-ке, яғни 153 мың теңгеге дейін шектеуді жоспарлап отыр.

Бірінші кредиттік бюроның ақпаратына сәйкес, бүгінде әр 10 борышкердің төртеуі – әдетте онлайн-несие беретін микроқаржы ұйымдарының тұтынушылары.

P.S: Оңай берілетін оңай олжа деп сеніп, артынша опық жеп қалу мәселесі тыйылмай тұр. Орға жыққан онлайн-несиеден бұрын екінші деңгейлі банктерден алынатын несиенің уысынан шыға алмай жүргендер қаншама. Несие несібе емес. Сондықтан талайдың шырайын кетіріп, тақырға отырғыз­ған «қаржы қақпанынан» сақтану үшін сауаттылықты арттыру қажеттілігі менмұндалайды.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button