Басты ақпаратМәселе

Отандық бизнеске коронавирус қалай әсер етті?

Экономикалық ынтымақтас­тық және даму ұйымына (ОЭСР) мүше елдерде орташа алғанда жұмыс орнының 60%-ы мен жалпы ішкі өнімнің 50%-ы шағын және орта бизнеске тиесілі. Аталған мемлекеттер індет кезінде өздерінің отандық кәсіпорындарына айтарлықтай қолдау көрсетті. Негізгі іс-шаралар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, ішкі сұранысты көбейту, банкротқа ұшырау процедурасын жеңілдету және кәсіпкерлердің істерін тез әрі кедергісіз қайта жалғап кетуіне бағытталды.
Ал Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің 30,8%-ы – шағын және орта бизнестің үлесінде. Бұл салада 3,3 млн ел азаматтары жұмыспен қамтылған, ол еңбек етіп жүргендердің 37%-ын құрайды. Кәсіпкерлік субъектілерінің төрттен бірі және жұмыспен қамтылғандардың жартысына жуығы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелген.
Ел билігінің экономикалық саясатының ең маңызды міндеттерінің бірі – кәсіпкерлік секторын қалпына келтіру және кәсіпорындардың жұмысын іркілтпеу, жұмыссыздықтың санын көбейтпеу. Қазақстанда індетпен күреске бағытталған мемлекеттік қолдау көлемі 5,9 трлн теңгені құрады. Бұл басқа ОСЭР елдерімен салыстырғанда аса көп шығын емес.
Бүкіләлемдік банк 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ІЖӨ-і 3% құлдырайды, ал 2021 жылы 2,5%-ға қайтадан көтеріледі деп болжайды. Ұлттық банк еліміздің экономикалық дамуына індетке қарсы күрестің нәтижелілігі оң әсер етуі тиіс деп есептейді. Экономика және еңбек нарығындағы жалпы жағдай карантин шектеулері неғұрлым тез алыну мен бизнес белсенділігінің қарқынына байланысты болмақ. Алайда әзірше іскерлік индекс белсенділігі былтырғы жылмен салыстырғанда төмен.
Карантиннің алғашқы кезеңінде бірінші кезекте, қоғамдық тамақтану, жолаушылар тасымалы, спорттық және сауда орындарының, кинотеатрлардың жұмыстарына шектеу қойылды. Індеттің салдарын жұмсарту үшін мемлекет 700 мың кәсіпкерге салықтық жеңілдік берді. Сондай-ақ міндетті алымдардың төлем мерзімі кейінге ысырылды. Несиелерді жеңілдетілген шарттармен қайта қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында карантиндік шектеулерден жапа шеккен барлық ШОБ субъектілерінің несиелері 6%-ға дейін субсидия­ланатынын айтты. Бұл шара төтенше жағдайлар енгізілген 16 наурыздан бастап 12 айлық мерзімді қамтиды. Сондай-ақ Үкіметке бизнестің айналым ақшасын толықтыру бағдарламасының ауқымын кеңейтуді тапсырды.
Мемлекет басшысы клиент­термен тікелей қатынасқа түспейтін кәсіпкерлік субъектілерінің (авто-экспресс, автожуу, техникалық қызмет көрсету және автомобиль жөндеу станциялары, тігін, аяқкиім, кір жуу, тұрмыстық техникаларды, компьютерлерді, телефондарды, сағаттарды жөндеу шеберханалары, т.б) жұмысына қойылған барлық шектеулерді 21 қарашадан бастап алып тастауды тапсырды.

Бас қаланың бизнесі қалай жүріп тұр?

ҚР Ұлттық экономика минис­трлігі Статистика комитетінің есебі бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында 138 810 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Мұнда 380 мың адам еңбек етеді. Өңірлік ішкі жалпы өнім құрылымында ШОБ үлесі 58,5%-ды құрады. Бұл – республика бойынша ең үздік көрсеткіш. Дегенмен карантин кезінде бизнестің басым бөлігінің жұмысы тоқырап қалды. Тіпті карантиндік шектеулер алынып тастағанның өзінде олардың бірқатары қызметтерін әлі күнге жандандырып әкете алмай отыр.
– Карантин ел өміріне өз заңдылығын әкелді. Бизнестің жағдайы өзгерді. Алдын ала мәліметтерге қарағанда қала бюджеті биыл 60 млрд теңгеден қағылғалы тұр. Жұмыссыздық артатыны сөзсіз. Сауда-саттық бизнесі онлайн режимге көшіп жатыр, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіпкерлер палатасының басшысы Алмат Жүнісов.
Қысылтаяң шақта отандық бизнес мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Импорт алмастыру арқылы жергілікті үлесті көбейтіп, өндірісті ұлғайту мәселесі күн тәртібінде тұр. Қазіргі күні жаңа өндіріс орындарын ашуға және қолданыстағы бизнестің қуатын арттыруға арналған «Қарапайым заттар экономикасы» жұмыс істейді. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларда жергілікті мазмұн үлесі артады. Кейбір нысандарды мемлекеттен алып, жекеменшікке беру және бәсекелестік ортаға шығару мүмкіндігі қарас­тырылуда. Соның арқасында мемлекеттік шығындар азаяды. Сондай-ақ нарықта сұранысқа ие мамандарды даярлау бойынша мақсатты түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша отандық өндірушілерге ұзақ мерзімдік инвестиция тартылады. Шілде айында «Еңбек» бағдарламасына қосымша «Бизнестің жол картасы – 2025» шеңберінде шағын және орта бизнесті қаржыландыру шарттары өзгереді. Ол несиелік қаржыны алуды жеңілдетіп, «Даму» қоры арқылы берілетін соманың 85%-на дейін кепілдендіруге мүмкіндік берді.

Кәсіпкерлерге қандай қолдау бар?

Қала кәсіпкерлеріне қолдау көрсету құралдары әртүрлі. Соның ішінде нәтижелі бағдарламалардың бірі – «Бизнестің жол картасы – 2020». Бағдарлама іске қосылғалы бері тоғыз жыл ішінде бизнеске қаржылай көмек көрсетудің басты құралына айналды. ШОБ-тың басым бөлігі, әсіресе сауда-саттық, қоғамдық тамақтану секторы осы бағдарлама арқылы қаржыландырылады.
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекет 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар береді. Стартаптарға, яғни ұтымды жазылған бизнес-идеяларға арналған. Биыл арнайы комиссияның шешімімен осындай 63 грант бөлінді. Келесі жылы да 60 грант бөлуді жоспарлап отырмыз, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова.
Кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылық емес түрлері де бар. Мәселен, жеке ісін бастаушыларға бизнестің қыр-сырын тегін үйретіп, бухгалтериялық есеп жүргізуге, бизнес-жоспар құруға көмектеседі, «Даму» қорымен және екінші деңгейлі банктермен жұмыс істеудің тәсілдерін, салықтық есептілікті тапсыру жолдарын көрсетеді.
Сондай-ақ жасы 50-ден асқан, бірақ зейнеткерлікке жетпегендер, жұмыссыз жастар, аз қамтылған отбасылар, көпбалалы отбасы мүшелері, кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлер «Бастау бизнес» бағдарламасына қатыса алады. Сол арқылы 555 мың теңге грант алу мүмкіндігі бар. Бұған қоса «Бизнес-мектеп» онлайн-оқыту қолға алынды. Оған ісін жаңадан бастаған және бизнес жасап жатқан кәсіпкерлер қатысады. Үміткерлерді іріктеу­мен «Атамекен» Қолдау орталығы» еңбекпен қамту ұйымы айналысады. Оқыту орталығы қысқа мерзімді кәсіби оқытуды кәсіпорындар базасында ашуға да мүдделі.

Қазынаның қалтасы тола ма?

Нұр-Сұлтан қаласының Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы ­Қайсар Маңқараевтың айтуынша, 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында ЖӨӨ 3 трлн 31,5 млрд теңге құрап, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен 4%-ға өскен. Елорданың ел ІЖӨ-ге үлесі 10,7%-ға тиесілі. Жергілікті биліктің жоспары бойынша, жыл сайынғы өңірлік өнім өндіру қарқынын 4%-дан төмендетпей, 2025 жылы 11,2 трлн теңге дейін жеткізу көзделген.
Аталған ведомствоның есебінше, биыл қала экономикасына 670 млрд теңге инвестиция салынған, бұл былтырғы межеден 7,4%-ға көп. Болжам бойынша 2025 жылға дейін 5 трлн теңге капитал салу жоспарланған.
Жақын күндері жалпы сомасы 10 млрд теңге болатын 12 жаңа инвестициялық жобалар іске қосылуы тиіс. Соның арқасында Индустриалдық парк аумағында 900 жұмыс орны ашылатын болады.
«СПК «Astana» ӘКК» АҚ ағымдағы жылы азаматтық және коммерциялық құрылыс, спорт және денсаулық, тауарлар өндіру мен қызмет көрсету, көлік инфрақұрылымы және білім беру салалары бойынша жалпы сомасы 54 миллиард теңге болатын бірлескен 24 жобаға қол қойды.
Өткен тоғыз ай ішінде қаланың өнеркәсіп өндірісінің көлемі 711 млрд теңгені құрап, былтырғы мөлшерден 4,3%-ға асты. Шағын және орта бизнес саласының бірінші жарты жылдықта 2 трлн 685 млрд теңгенің тауарын шығады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3,8% жоғары.
2021 жылы қаланың кірісі 319,7 млрд теңге мөлшерінде болады деп болжанып отыр, ол 2020 жылғы нақтыланған бюджеттен 5%ға немесе 14,9 млрд теңгеге көп. Оның ішінде салық түсімдері – 315,9 млрд теңге, салықтық емес түсімдер – 1,1 млрд теңге, негізгі капитал сатылымының түсімі – 2,7 млрд теңге.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button