Әлеумет

Парасат пен пайым

Бүгінгі кейіпкерім – өз болашағын өз қолымен жасай білген, егеменді еліміздің тарихында өзіндік орны бар, адал еңбегімен, білімімен ерекшеленетін тұлға. Ол – Әбдіманап Елікбайұлы Бектұрғанов. Бүгінде ол Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясының «Білім беру» бағыты бойынша партиялық кураторы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының Ғылым және білім жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор, белгілі ғалым, бірнеше жылдар бойына еліміздің іргелі оқу орнындарына жетекшілік жасаған ұлағатты ұстаз.

Адам жарық дүниеге келген соң басқадан ерекшеленіп, өз болмысына сай өмір сүргісі келеді. Бірақ, сол арманға жетудің машақаты оңай болмайды екен. Әбдіманап Елікбайұлы – өткені мен бүгінін саралай отырып, тек қана талпыныс, ұмтылыс, табандылық бар жерде үлкен нәтижеге қол жеткізуге болатындығын ойына түйе білген азамат. Сондықтан ол кісі жастарға, әсіресе, ғылым жолына түскен шәкірттеріне ең алдымен соны ұқтырғым келеді деп айтып отырады. Себебі ол кісі – сондай өмірді көрген, қиындықты сезінген, қызығы мен шыжығына толы жолдарды басып өтіп барып, өз бағдарын тапқан адам. Әрине, балалықтың бақытты шағынан өтті, ауылдың ауасымен тыныс­тап, жастық шағын да артқа тастады. Бозбала шағынан-ақ: «Болашақта кім болу керек?» деген салмақты сұрақ санасын мазалады.
Сол кезде: «Жоғары оқу орнына түсіп, заң саласының маманы болсам» деген мақсат қойды. Алайда мақсатының орындалуы оңай қолға келген жоқ. Өйткені сол кезеңде бүкіл Қазақстан бойынша екі-ақ жерде Алматы және Қарағандыда заңгерлерді дайындайтын факультеттер болды. Ендеше, оған түскісі келетін талапкерлердің аз болмайтынын осыдан-ақ біле беріңіз. Сөйтіп, өзі аңсаған оқу орнына оқуға қабылданып, студент атанды. Бұл 1976 жыл болатын. 1981 жылы аталған университетті заңгер мамандығы бойынша үздік аяқтап, сол факультеттің ауыл шаруашылығы және экологиялық құқық кафедрасына ассистент қызметіне жұмысқа орналасты.
Мен де қазақтың ілім-білімі­нің «қара шаңырағы» атанған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің заң факультетінің түлегімін. Сту­дент кезімде Әбді­манап Елік­байұлымен жақын араласпасам да, фа­культеттегі әрбір жетістігін көріп жүрдік.
Сөйтіп жүргенде Әбекеңмен жақынырақ танысуға мүм­кін­дік туды. Сол жылы факультетте қазақ тілі қоғамы ұйым­дастырылды, ал Әбекең сол қоғамның басшысы болды. Ол кісі қазақ мектебін бітірген сту­денттерді қоғам қатарына тарта бастады. Мен де сол қатарға қосылып, Әбекеңнің бастауымен бірқатар жұмыс атқардық. Бұл біздің ой-өрісімізді кеңейтуге жол ашты.
Мен 1990 жылы университетті қызыл дипломмен бітіріп, заң ғылымдарының докторы, профессор сол кездегі заң факультетінің кафедра меңгерушісі, Қазақстан Респуб­лика­сының азаматтық заңының қалыптасуына үлкен өзіндік еңбек сіңірген Юрий Григорьевич Басинның ұсынысымен кафедраға қалдым. 1992 жылы Әбекең сырттай заң факультетінің деканына тағайындалды, мен сол кісінің орынбасары болдым. Міне, сол 1992 жылдан бері бірге қызметтес болдық. Ал 1993 жылы екі факультет қосылып, бір факультет болып құрылды да, Әбдіманап Елікбайұлы факультет деканы қызметін 2000 жылға дейін атқарды. Жалпы, Әбекеңнің еңбек жолын үлкен үш кезеңге бөліп қарастырған жөн деп есептеймін. Олар – ғылым жолы, әкімшілік және мемлекеттік қызмет. Әбекең қай бағытта болса да үлкен жетістіктерге жете білді. Өйткені ол өз ісіне адал, үлкен жауапкершілікпен, зор ықыласпен кірісетін. Мәселені егжей-тегжейлі талдап, шешімін бір-ақ кесіп айтатын азаматтығы жоғары тұлға. Сонысымен көп адамның алғысына ие болып отырады.
Ғылым жолындағы жетіс­тіктеріне тоқталатын бол­сақ, жас ғалым сонау кеңес кезінде заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу мақсатында «Суармалы жерлерді тиімді пайдалануды құқықтық реттеуді қамтамасыз ету» тақы­рыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Ол 1988 жыл болатын. Сол кезеңнен Әбдіманап Елікбайұлы жер құқығы саласын зерттеуге алғашқылардың бірі болып бет бұрған болатын. Еліміз егемендік алғаннан кейін тәуелсіз мемлекетіміз құқық саласын жетілдіру мәселесін күн тәртібіне қойды, өйткені бұрынғы кеңес дәуірінде қалыптасқан құқық жүйесі бүгінгі еліміздің дамуындағы үрдістердің талаптарына қайшы келе бастағаны анықталды. Әрине, сол құқық саласының бірі жер құқығы болатын. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Әбдіманап Елікбайұлы 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы жер құқық қатынастары» тақы­рыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Бұл еңбек осы саладағы үлкен іргелі қазақ тілінде жазылған алғашқы ғылыми нәтижелердің бірі еді. Бүгінде Әбдіманап Елікбайұлы – ғылым саласында жетістігі мол, бірнеше шәкірт тәрбиелеген танымал ғалым, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған сали­қалы ұстаз.
Еңбек жолын 1981-2001 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінде оқытушылық қызметтен бастаған Әбекең, ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканының орынбасары, заң факультетінің деканы, экономика және құқық институты директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарды. Біз Әбдіманап Елікбайұлының ұйымдастырушылық қабілетіне тәнті болатынбыз. Есептеп көрсеңіз, 1992 жылы Әбекең 33-34 жастағы жас жігіт еді. Ал сол кезде заң факультетінде Басин Ю.Г., Зиманов С.З., Сүлейменов М.Қ., Байсалов С.Б., Еренов Ә.Е., Мұхит­динов Н.Б. сияқты аты Қа­зақстанға ғана емес, кешегі Одаққа танымал тұлғалар болды. Расында бұл оңай шаруа емес еді, бірақ Әбдіманап Елікбайұлы солардың бәрімен тіл табысып, ғылым жағынан да, білім жағынан ілгерлеушілік жасап, факультеттің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты.
Өкінішке қарай, 1997 жылы заң және экономика факультеттері қосылып, алғаш университетте экономика және құқық институты құрылды. Ол кезде шамалы түсініспеушіліктер болды. Себебі экономистер өз жағына, ал өмір бойы түзу сызықтан шықпайтын заңгерлер бір жаққа тартатын жағдайдың орын алғаны рас. Бұл кезде заңгерлерге біраз қиындық болғаны да шындық. Десе де, 2000 жылы Әбдіманап Елікбайұлы осы институттың директоры болып тағайындалған соң заң саласын қайтадан көтере бас­тады. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне бара қалсаңыз, бәрі де Әбекеңді сұрап жатады. Өйткені осы факультетті ол кісідей басқарып, жоғары биікке көтерген басшылар көп емес. Ұжымдағы оқытушыларды материалдық жағынан да, мо­раль­­дық тұрғыдан да үнемі қол­­дап отырды. 2001 жылдың қыркүйегінен 2008 жылдың сәуір айына дейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ректор қызметін атқарды. 2008 жылдың сәуірінен 2016 жылғы сәуірге дейін І.Жан­сүгіров атындағы Жетісу мемле­кеттік университетінде ректор қызметін атқарды.
Тағы бір айта кетерлігі, мен кандидаттық диссертациямды қорғау барысында көп қиналдым. Басты қиыншылық – тақырыбымның өзгешелігі мен маған жетекшілік ететін адамның табылмағандығы еді. Яғни, менің кандидаттық диссертациямды қорғаудағы алғашқы жетекшім Анатолий Григориевич Диденко азаматтық құқық тақырыбынан қорғауымды талап етті. Мен болсам өзім таңдаған жерді жекеменшікке беру туралы жазғым келді. Бірақ, сол тоқсаныншы жыл­дардың соңында жерді жеке­меншікке беру туралы ұғым жоқ болатын. Сондықтан ме­нің тақырыбымның Анатолий Григориевичтің көңілінен шықпауы да заңды құбылыс. Кейін М.Қ.Сүлейменовке барып көрдім, жолым болмады. Ақыры Әбдіманап Елікбайұлының алдына кіріп, жетекші таба алмай жүрген жайымды айтып едім:
– Жарайды, – деді Әбекең, – Қазір Мұхитдиновті шақырайын, алаңдама шешіледі, – деді мені жұбатып.
Бірақ, Н.Б.Мұхитдинов ағамыз да бұл тақырыпқа қарсы шықты. Не істерімді білмей аң-таң болдым да қалдым. Сонда Әбекең:
– Алаңдамай, жұмысыңды жаза бер. Бір жөнін табармыз, – деп шығарып салды. Сосын жұмысты жазуды бастадым. Бірақ, сан түрлі күдік тағы да ойымнан шықпады. Ақыры, еңбек жазылып бітті де, Әбдіманап Елікбайұлының жетекшілігмен 2001 жылы «Жерге жекеменшік құқығының негіз­дері» атты тақырыпта канди­даттық диссертациямды қорғап шықтым.
Кейін 2001 жылы М.Дула­ти атындағы Та­раз мем­лекеттік уни­вер­­си­тетіне ректор болып бар­ғаннан кейін мені өзінің жанына шақырды. Сол оқу орнын Қазақстандағы бес ірі оқу орнының деңгейіне жеткізді. 2008 жылы І.Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік универ­ситетіне ректор болып келген соң тағы да маған телефон ша­лып, жұмысқа шақырды. Мен қуана-қуана келісіп, 2008 жыл­дың маусым айында бірінші рет Талдықорғанға жолым түсті. Сөйтіп, Әбдіманап Елікбайұлымен бірге «жер жәннаты – Жетісуда» 8 жыл табысты еңбек еттім. Сол кісінің жетекшілігімен докторлық диссертациямды қорғадым. Несін жасырайық, сол кездегі университеттің жағдайы аса мәз емес еді. Ал қазіргі оқу орнының беталысын көрсеңіз, аспан мен жердей айырмашылық болғанын аңғарасыз.
2016 жылы Әбдіманап Елікбай­ұлы Қазақстан Республикасының Парламентінің Мәжілісіне «Нұр Отан» партиясынан депутат болып сайланды. Халық сенімін ақтау аса үлкен жауапкершілікті жүктейтіні сөзсіз. Бұл салада да Әбекең өзін нағыз мемлекеттік қайраткер ретінде көрсете білуде. Әлеуметтік-мә­дени даму комитетінің мүшесі ретінде еліміздегі білім беру саласы туралы заң жобаларын жасауда үлкен белсенділік көрсетті. Әбекең өзінің нақты істерімен, адамгершілік қасиеттерімен, біліктілігімен, білімділігімен, парасаттылығымен, елге, халқына деген сүйіспеншілігімен өз болмысын таныта білген нағыз азамат, ардақты әке, бақытты ата.

Еркін ДҮСІПОВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік
басқару академиясының вице-ректоры

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button