SportБасты ақпарат

Қазақ күресінің құдіреті

Елорда төрінде Қазақ күресінен Азия чемпионатының жалауы желбіреді. Байрақты бәсекеде 11 елдің 77 балуаны 8 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.

Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, ERG Еуразиялық тобының және «Елорда ақпарат» медиакомпанияның қолдауымен, Халық­аралық Қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен өткен чемпионатта Грузия, Өзбекстан, Литва, Украина елдерінен келген және Астана мен Алматы, Семей қалаларынан шақырылған халықаралық дәрежедегі 16 спорт төрешісі балуандардың күресіне қазылық етті.
Жанкүйер қауым «Дәулет» спорт кешеніне лық толды. Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы барша спортшыға сәттілік тіледі.

Тартысты бәсекеде Азияның кіл мықтыларымен белдескен қазақ балуандары шашасына шаң жұқтырмады. Мысалы, чемпионаттың ең төменгі салмақ дәрежесінде қазақстандық Ербол Алдухан қарсылас шақ келтірмеді. Ақтық сайыста моңғолиялық Бухчуиун Даваанаяммен кездескен ол қарсыласын тізе бүктіріп, алғашқы алтынды қоржынға салды. Бұл салмақта қола медальді тәжікстандық Оятолла Қожаев иеленді. Ал 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақ балуаны Оспан Дауылбай Өзбекстаннан келген Шохрух Нуриддиновпен белдесті. Олардың бәсекесі өте тартысты өтіп, қос балуан бір-біріне соңына дейін беріспей бақты. Ақыры белдесуге ұласқан күрес соңында жеңіс Оспан Дауылбайдың еншісіне бұйырды. Қола медальді моңғол балуаны Лхагважамтс Унибжлед, жапон балуаны Иппей Накано, ирандық Сажжад Карамиан Гандомбанилер бөлісті. 66 келі салмақта күрескен қазақстандық Нұрболат Ізімғалиев финалда моңғолиялық Басхуу Иондонперенлеймен жолықты. Бәсеке тартысты өткенмен, қазақ балуаны моңғол спортшысына жол беріп алды. Үшінші орынды тәжікстандық Разиовлок Лойков пен өзбекстандық Донияр Сұлтанбаев иеленді. 82 келіге дейінгі салмақта финалға қазақ балуаны Ерсін Сейітқазинов пен өзбек балуаны Әлішер Құдайбергенов шықты. Ұзаққа созылған бәсекеде қазақ балуаны қарсыласынан айласын асырып, Азия чемпионатында топ жарды. Аталмыш салмақта үшінші орын жапондық Сейи Такигашира мен моңғолиялық Түменнасын Ерденетоғтохқа бұйырды. 90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық балуан Әділжан Ыстыбаев моңғолиялық балуан Тенгиз Батсайханды жеңіп, чемпион атанды. Қола жүлдені өзбекстандық Сариар Икрамов пен түрікменстандық Дурду Ножагулиев еншіледі. Сондай-ақ 100 келіге дейінгі салмақ бойынша ақтық сайыста Қазақстанның намысын қорғаған Бауыржан Қабаев барын салғанмен, моңғолиялық Тувшынжарғал Ганнан айласын асыра алмады. Үшінші орын тәжікстандық Куршед Шәріпов пен түрікменстандық Ихлас Сетдаровтың қоржынында кетті. Ал чемпионаттың ең жоғары салмақ дәрежесі бойынша ақтық сында Моңғолия балуаны Серік Бердімұратпен шыққан «Қазақстан барысы» және «Әлем барысы» атанған қазақ балуаны Айбек Нұғымаров қарсыласын ойсырата жеңіп, Азияның абсолютті чемпионы атанды. Жалпы, бұл екі балуан – бір-біріне бұрыннан таныс қарсылас. Өткен жылғы «Әлем барысында» олар жартылай финалда белдесіп, кездесуде Айбек басым түскен болатын. Бұл жолы да Айбек жеңісті қолдан бермеді. Чемпионаттың қола жүлдесін жапон балуаны Танимото Сузукиді ұтқан тәжікстандық Дадохан Курбаналиев еншіледі.

Азия чемпионатындағы негізгі бәсеке қазақ пен моңғол балуандары арасында өрбіді. 8 салмақ бойынша 4 алтынды қанжығаға байлаған қазақ балуандары командалық есепте де жеңіс тұғырынан көрініп, мықты екендіктерін тағы бір дәлелдеді. Ал 3 алтын моңғол, 1 алтын түркімен балуандарының еншісіне бұйырды. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 20 мың АҚШ долларын құрады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Халықаралық Қазақ күресі федерациясының президенті Қанат Бозымбаев, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров және «Қазақстан барысы» жобасының авторы Арман Шораев сынды тұлғалар марапаттады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button