Әлеумет

Қайырымдылық кешке кел!

Елордада Dobro.qz волонтерлік ұйымы мен қала әкімдігінің әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы ұйымдастырған жаңажылдық қайырымдылық кеш өтуде. Думанды шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мен ерекше қажеттілігі бар балғындар қатыса алады.

«Ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 312 отбасыдан 418 бала қамтылады. Асыраушысынан айырылған 100 бала, көпбалалы отбасыдан 112 балғын және аз қамтылған отбасылардан 30 бала қатысады. 18-26 желтоқсан күндері күн сайын 40 минуттан 8 мерекелік кеш ұйымдастырылады. Карантиндік талаптарды ескеріп, барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра 10-15 балаға өткіземіз. Жалпы, бір күнде 80-100 өренге ерекше көңіл-күй сыйлап, мерекелік сыйлықтар үлестіреміз. Тіпті шара аяқталған соң, үйіне қайтқысы келмей, шырша жанында отырып алатындар да бар. Өзім де ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған анамын. Сондықтан мұнда келген әрбір бала мен үшін ыстық. Олардың қуанғанын көріп, ішім жылиды. Жүздеріне күлкі үйіріліп, шаттыққа бөленгенін көргенде өзімді ең бақытты адам ретінде сезінемін. Өзгеге көмектескен сайын өз баламның сауығып кетеріне сенімім арта түседі. Еріктілерге алғыс айтамын. Себебі олардың еңбегі орасан» дейді Dobro.qz волонтерлік ұйымының мүшесі Шынықұлова Ботагөз.

3 баланың анасы Сағындық Айым жаңа жылдық кешке қатысқан ұлының ерекше қуанғанын айтып, ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. «Балаларға өте қатты ұнап жатыр. Еріктілер мен ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. Себебі балалар биыл ешқайда шыққан жоқ, мұндай жаңа жылдық кешке қатысамыз деп ойлаған да жоқпыз. Мен «Бақытты шаңырақ» мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету» қоғамдық қорға тіркелгенмін. Сол арқылы бүгінгі жиынға қатысып отырмыз» дейді ол.
26 желтоқсанға дейін жалғасатын ізгі шара 1000 астаналыққа мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Бұл сырқатының салдарынан көпшілікке қосыла алмай оқшау­ланып қалған балаларға өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінетіндей күш берері сөзсіз.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button