Елорда тынысы

Қайырымдылық жарысы

Елордада Астана әкімдігінің қолдауымен «Сен – менің жүрегімнің чемпионысың» атты донорлық мәселелеріне арналған екінші қайы­рымдылық жарысы өтті.

Жарысты «Жүрек орталығы» қоры ұйымдастырды, ол дәрігерлерге ғылым, білім және ағартушылықты біріктіре отырып, жүрек ауруымен күресуге көмектеседі.

– Біз өткен жылы 500 қатысушыдан бастап, биыл 1300-ге жеткенімізге қуа­ныштымыз. Сондай-ақ қашықтыққа жүгіретін адамдарды мақтан тұтамыз, өйткені олардың барлығы – нағыз қаһармандар. Мәселен, олардың қатарында диализден өткен және бүйрек трансплантациясын күту парағында жүрген жігіттер бар. Бұл – нағыз батылдық пен өмірге деген сүйіспеншіліктің үлгісі. Бұл жарыс Қазақстанда донорлықты дамыту туралы өте маңызды және күрделі, бірақ этикалық және ыңғайлы диалог алаңына айналды. Бұл диалог осы алаңда сәтті дамып келе жатқанына сенімдіміз, – деді Қордың коммуникация­лар жөніндегі менеджері ­Екатерина Мостовая.

Есен – 10 шақырым қашықтықтағы жарысқа қатысушы күту тізіміндегі пациенттердің бірі. Ол – ҚР Қорғаныс министрлігінің элиталық арнайы жасақ бөлімшесінде әскери қызметші болған және қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері. Бірақ карьерасын тоқтатуына тура келді: «гломерулонефрит» диагнозына байланысты ол трансплантация жасауы керек. Қазір гемодиализ алып, емделіп жүр. «Диагноз үкім емес. Біз өзімізді формада ұстауымыз керек, біз сияқты адамдардың қалай өмір сүретінін көрсетуіміз керек. Мен күту тізіміндегі қалған пациенттерді спортпен шұғылдануға, жүгіруге, өмірді сүюге және ауруға берілмеуге шақырғым келеді» дейді Есен.

Жарыстан жиналған барлық қаражат донорлық саладағы мамандарға арналған білім беру жобаларын, сол сияқты қор мен транспланттауды үйлестіру жөніндегі республикалық орталық арасындағы меморандум аясындағы жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button