Басты ақпаратЖаңалықтарҚала мен СалаҚала тіршілігі

Қаланың қуаты артты

Астана әкімі Әсет Исекешев 2-Жылу-энергия орталығына барып, бас қала тіршілігін қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындар жұмысымен танысты. Елорда басшысы энергетиктердің табысты еңбегін атап өтіп, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Астана әкімдігі бірқатар ауқымды энергетикалық жобалардың құрылысын аяқтады. Жүзеге асқан жаңа жобалар қаладағы жылу энергиясын 400 Гкал/сағ арттыруға мүмкіндік беріп, 4 млн шаршы метр тұрғын үйді және әлеуметтік нысандарды немесе 20 пайызға жуық тұрғын үй қорын жылумен қамтамасыз етуге жол ашты.

erm_6006

ЖАҢА ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЖОБАЛАР
– Энергетика саласы – кез келген мемлекеттің қуаты, экономиканың алтын жігі, өндірістің өзегі. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқа­сында еліміздің әрбір ша­ңырағы жылу мен жарыққа бөленіп отыр. Сіздер жұмыс барысында кездесетін қиын­дықтарға қарамастан, өздері­ңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып келесіздер.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Астана әкімдігі бірқатар ауқымды энергетикалық жобалардың құрылысын аяқтады. Жүзеге асқан жаңа жобалар қаладағы жылу энергиясын 400 Гкал/сағ арттыруға мүмкіндік беріп, 4 млн шаршы метр тұрғын үйді және әлеуметтік нысандарды немесе 20 пайызға жуық тұрғын үй қорын жылумен қамтамасыз етуге жол ашты. Бұл өте үлкен өсім деп санаймын. Сондай-ақ, қалаға қосымша 180 Мгвт электр энергиясы келді. Жалпы ұзындығы 24,8 шақырымды құрайтын 4-інші кезектегі жылу магистралінің іске қосылуы «ЭКСПО» ауданы мен Орынбор, Тәуелсіздік даңғылдары бойындағы тұрғын үй кешендеріне, жаңа теміржол вокзалы аумағындағы үйлерге жылу мен электр қуатының, ыстық судың келуіне жағдай тудырды. Мұның бәрі ел, халық игілігі үшін атқарылды, – деді Әсет Исекешев.
Астана қаласы Энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың айтуынша, қалада электр энергиясы мен жылу сынды қуат көздерін арттыру жұмысы осымен тоқтамайды. «Былтыр да қалада 400 Гкал/сағ жылу энергиясын қосымша бергенбіз. Биыл бұл көрсеткішті қайталауға жетінші қазандық агрегаты мен бесінші-алтыншы су жылытатын қазандықтардың іске қосылуы мүмкіндік берді. Алдағы жылы 1-ЖЭО жаң­ғыртуды, қосымша 35 Гкал/сағ жылу энергиясын қосуды жос­парлап отырмыз. 2-ЖЭО-да алтыншы турбоагрегатын іске қосып, сол арқылы 120 Мгвт қосымша электр энергиясына қол жеткіземіз. 2018 жылы қалада 180 Гкал/сағ жылу энергиясы артып, 2019 жылы 2-ЖЭО жаңғырту мен кеңейтуді толық аяқтаймыз. 1-ЖЭО жаңғырту жұмыстары 2018 жылы толы­ғымен аяқталмақ» дейді ол.

07_1

ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Басқарма басшысы 3-ЖЭО құрылысы жөнінде де мәлімет берді. Оның сөзінше, бұл жоба елордаға тағы 400 Гкал/сағ жылу энергиясын береді. Осыншама энергия қаланың оң мен сол жағалауына 2018 жылы қосымша келмек.
«Бүгіндері басқарма мен бізге бағынышты «Астана-Теплотранзит» және «Астана-Энергия» компания­лары ин­вестициялық бағдарла­ма­ларды жүзеге асыруда. Ескір­ген жабдықтарды қалпына келтіру мен жаңасына ауыс­тыруды атқарып отырмыз. Атап айтсақ, 2015 жылға дейін магистралды жылу желілерінің 14 шақырымы ауыстырылды. Ал алдағы жылы олардың үш шақырымын ауыстыру және «ТМ-2», «ТМ-5», «ТМ-7», «ТМ-18», «ТМ-20», «ТМ-Байтұрсынов» сынды үлкен магистралдарды іске қосу, екі павильон құ­ры­лысын аяқтау жоспарланды» дейді Б.Жапаев.
Оның сөзіне сүйенсек, бүгінде қалада «Тұран», «Бәйтерек», «Самал» қосалқы стансалардың құрылысы жүргізілуде. Аталмыш стансалар оң және сол жағалауды электр энергиясымен толық жабдықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қазір «Жаңа жол» және «Керамика» қосалқы стансалар қалпына келтірілуде.
Жаңа қосалқы стансалар жаңа коммуналдық базарды, жаңа теміржол вокзалын, «Мыңжылдық» аллеясын, «Абу-Даби Плаза» көп функ­цио­налды кешенін және «ЭКСПО-2017» көрмесін өт­кізуге қажет барша нысандарды жа­рықпен қамтамасыз етеді.
Қала энергетиктері өздеріне жүктелген міндетті табысты атқаруда. Мәселен, 4-інші ке­зектегі жылу магистралінің құ­рылысы рекордты кезеңде – 9 айда жүзеге асты. Бұл – жалпы ұзындығы 25 шақырымға жуық жылу желісі. Сондай-ақ, жаңа үш сорғы стансалары салынды.

erm_0977

ЕЛОРДАҒА ГАЗ КЕЛЕ МЕ?
Жалпы алғанда, қала жылына 2,5 млрд Квт/сағ электр қуатын және 5,5 млн Гкал/сағ жылу энергиясын тұтынады. Жылу энергиясымен елорда 90-95 пайызға қамтылған. 5-інші кезектегі жылу магистралі, яғни 3-ЖЭО 2018 жылы іске қосылғанда «Көктал» шағын ауданына толығымен орта­­лық­тандырылған жылу жүйесі келеді. Бұл дегеніміз – бола­шақта автономды қазан­дықтар орталық жылу жүйесіне және газ қазандықтарына ауыстырылады.
Бақтыбек Жапаевтың айтуынша, қалаға газ әкелу жобасының ішкі желілерінің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Ал сыртқы желілерінің техникалық-экономикалық негіздемесін ҚР Энергетика министрлігі дайындап жатыр. Оның сөзінше, жақын 2-3 жылда газды қалаға әкелу, сәйкес желілердің құрылысын бастау жүзеге асырылуы тиіс.

ТАРИФТЕРІ ТӨМЕН ШАҺАР
Басқарма басшысы алдағы жарты жылдықта коммуналдық тарифтердің өспейтіндігін айтты. «Астана-Энергия», «Астана-Теплотранзит» және «Астана-РЭК» компа­ниялары инвестициялық бағ­дарламаларына сәйкес алдағы 5 жылдың тарифтерін Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау депар­таментінде қорғап шықты. Аталмыш компаниялар жыл сайын 1-0,5 пайызға желілердің ескіруін жоюда.
Жалпы ел бойынша алатын болсақ, Астанада комму­нал­дық тарифтер өзге өңір­лер­мен салыстырғанда төмен. «Бү­гіндері электр энергиясы бойынша 8-орында тұрмыз.
Ал жылу энергиясы көрсет­кішінен, тіпті, 13-орындамыз. Ыстық судан – 10, суық судан 10-12-орындамыз» дейді Б.Жапаев.
Кәсіби мерекеге байла­нысты өткен салтанатты жиында қалалық Энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевқа Астана әкімінің грамотасы табысталды. «Астана-Энергосервис», «Астана-Энергия», «Астана-Теплотранзит», «Астана-РЭК» ұжымдарына қала басшысының Алғыс хаты берілді.
«Астана-Энергосервис» АҚ басқарма төрағасы Еркеғали Есенжолов сөз сөйлеп, Астана әкіміне алғысын жеткізіп, энергетиктер қаланың көркеюіне бар күшін салатынын айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button