Мәдениет

«Қалқаман-Мамыр»: Аңыздың ақиқаты

Өмірде болған оқиға негізінде жазылған Шәкәрім Құдайбердіұлының ­«Қалқаман-Мамыр» дастанының жарыққа шыққанына биыл 131 жыл болады екен. Содан бері ел аузынан түспей, талай көркем шығармаларға арқау болған екі жастың қайғылы тағдыры осы уақытқа дейін ешкімді бей-жай қалдырмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Қос ғашықтың хикаясы заманауи өнер – «Астана Опера» сахнасында вокалдық орындау мен классикалық би біріктірілген ерекше театрлық стильде қайта жанданды. Танымал қазақстандық композитор Балнұр Қыдырбектің музыкасына атақты режиссер Юрий Александровтың қойылымындағы «Қалқаман-Мамыр» ұлттық опера-балетінің ғаламат премьерасы асқақ өнер жанкүйерлеріне жаңа жылдық таңғажайып сыйлық болды.

Мәңгілік көрініс опера мен балеттің айрықша бірігуімен ғана емес, сондай-ақ қоюшы режиссер – Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің халық әртісі, маэстро Юрий Александров жеткізгісі келген терең философиялық ойымен де көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырды. Елордалық көпшілікке ірі отандық музыкалық спектакльдердің қоюшысы ретінде таныс режиссер қазақстандық авторлармен ұзақ жыл жұмыс істей жүріп, ұлттық мәдениетке терең бойлағанын аңғаруға болады. Спектакльдің негізгі идеясы барлығына бірдей түсінікті: рухани құндылықтардың географиялық жағынан да, уақыт тұрғысынан да шегі жоқ, ал адам қашанда адам болып қалуы керек, ең бастысы халықтың бірлігін сақтау қажет.

Әйгілі хикаяның жаңа оқылымының қоюшы дирижері – атақты маэстро, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин. Қойылымның қоюшы хореографы Надежда Калинина да барын салды. Ал бас хормейстер ретінде тер төккен Ержан Дәуітов жуырда өзінің шығармашылық қызметінің мерейлі белесін атап өтпек. Көпшілікке белгілі хас өнер шеберлерінің жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хорының мінсіз орындауы бәрін тәнті етті.

«Қалқаман-Мамыр» либреттосын Кәукен Кенжетаев 2023 жылы 165 жылдығы атап өтілетін Шәкәрім Құдайбердіұлының поэмасы бойынша жазған. Кәукен аға поэманы жатқа оқыған. Сонау отызыншы жылдары, жас кезінде оқып, жаттап алған екен.

Ал қойылымның көркемдік бөлігін көрсетушілердің сахнадағы еңбегі көрермендердің зор қызығушылығын оятты. Декорация, бутафорлық заттар мен костюмдерді жуырда өнер саласындағы «Umai» тұңғыш ұлттық сыйлығының иегерлері атанған Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов әдеттегідей тамаша жасап шықты. Ал бейнепроекциялар бойынша суретші Павел Суворов сахнада бейнеленген шындықты заманауи технологиялардың көмегімен толықтырды.

Премьераға ағылған халықта есеп болмады, зал лық толды. Қойылымда Қалқаман мен Мамыр, Әнет баба көрінісі шынайы бейнеленді, сахна қазақтың болмыс-бітіміне сай әралуан болып безендірілді. Ұлттық опера-балеттегі басты партияларды орындаушылар – Әсем Сембина мен Жаннат Бақтайға (Мамыр), Саян Исин мен Артур Габдиевке (Қалқаман) көрермендер ду қол шапалақтап, өнеріне ерекше ризашылық танытты.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button